Жаңа заң бұқараны баулып, ұлттық спортты ұлықтай ала ма?

Дені сау, өскелеңі саламатты ұлт қана басқамен бәсекеге түсе алады. Ендеше дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Осындай тапсырманы Президент те жүктеген. Елбасы Жолдауда қазақстандықтардың кемінде 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануы тиістігін айтқан болатын. Бұл бағытта кешенді шаралар атқарылуда. Соның бірі кеше ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. Әлбетте, жаңа редакцияда жазылған құжаттың ұлт денсаулығының кілті саналатын бұқаралық спортты дамытуға септігін тигізетіні сөзсіз. Дегенмен, саланы үздіксіз дамытуда қолдау барынша кеңінен болғаны абзалырақ. 

Шындығында, Қазақстан соңғы жылдары жаһандық спорт сайыстарында зор белестерді бағындырып жүр. Бұны дәл осы салаға деген мемлекет қамқорлығының нәтижесі деуге болады. Кәсіпқой спортшылар мәселесінен бастап, аула һәм ауыл спортына дейін көңіл бөлінуде, бұқараның саулығы үшін спортты насихаттауға, кешендердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар да, жоспарлар да баршылық. Дегенмен, саланың үздіксіз ілгерілеуі үшін оған заман талабына сай жаңа заң қажеттігі туындаған. Өйткені, 1999 жылы қабылданған қолданыстағы спорт туралы заң ұлт спортын жан-жақты дамытуға мүмкіндік қалыптастыра алмаған еді. Осындай қажеттілік үдесінен шығу үшін Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі жаңа редакциядағы заңды әзірлеген болатын.

Ұлттық спорт олимпиадалық спорт түрлерiмен теңдей дәрежеде дамитын болады

Құжаттың және бір новелласы – мұнда ұлттық спорт түрлерiн дамытуға қатысты мәселелер жеке баппен қарастырылып отыр.

«Бұл ретте ұлттық спорттың өзiндiк ерекшелiктерi есепке алына келе, оларды олимпиадалық спорт түрлерiмен тең дәрежеде дамытуды көздеп отырмыз», — дейдi Тастанбек Есентаев.

Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, спорттық федерацияларды аккредиттеуге қойылатын жаңа талаптар белгiленетін болады. Бұл шара республикалық және жергiлiктi деңгейде жүзеге асады. Осыған орай, олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерiне, сонымен қатар ұлттық спорт түрлерi ерекшелiктерiне қарай федерацияларға қойылатын талаптар айқындалды. Азаматтардың еркі бойынша ұлттық спорт түрлері жөніндегі әуесқой және кәсіпқой спорт клубтарын және оларға теңестірілген ұйымдарды құру құқығы беріледі. Сосын ұлттық спорт түрлерін дамыту, спорт клубтарын, мектептерін, секцияларын ашу, ұлттық спорт түрлерінен іс-шараларды өткізу секілді мәселенің бәрі тиісті инфрақұрылым жасау арқылы қамтамасыз етілетін болады.

Түйіндей айтсақ, жаңа заң ұлт саулығынан, ұлт спортына дейінгінің бірталай мәселесін шешіп беруге сеп болмақ. Дегенмен, мұндағы басты мәселенің бірі – насихатта. Халықта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қанатты қағидат бар. Шындығында, спортқа бейім бұқараның өмірі де, экономикалық белсенділігі де ұзақ. Ендеше, Қазақстанда ауруларды емдеуге, сотталғандарды түрмелерде ұстауға қыруар қаражат шығындаудың алдын алу үшін салауаттылықты ерте бастан үйретуге жағдай жасалуы керек.

Қасым ТОҚТАРОВ, bnews.kz

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.