Төрт ғасырлық тарихы бар ақсауыт

22

Ақындар мен батырлардың өлкесі, қасиетті Аягөз өңірі үшін биылғы жыл ерекше жыл деуге негіз бар. Өйткені, Ақтамберді жыраудың сауыты Аягөздегі мұражай экспозициясының төрінен салтанатты түрде орын алды.

Қасиетті жерімізде батыр мінген тұлпар тұяғының ізі жатыр, ұрпақтары өсіп-өніп отыр. 89 жастағы көнекөз қария, Ұлы Отан соғысының ардагері, Аягөз қаласының тұрғыны Асхап Жұмаділов – Ақтамберді жыраудың алтыншы ұрпағы. Ағымдағы жылдың наурыз айында Семейдегі өлкетану мұражайына арнайы келген ақсақалдың құнды мәліметі тарихи оқиға болғаны сөзсіз. Ол қорда көненің көзіндей сақталып келген сауыт атақты бабасына тиесілі екенін тебірене әңгімелеген еді.

Төрт ғасырлық жәдігердің тарихын оқырман есіне қайтара бір салған жөн болар. Ас-хап ақсақалдың айтуынша, 1920 жылдары еліміздегі аласапыран кезеңде Қытай жеріне үдере көшкен Ақтамберді ұрпақтары қызылдардың қолына түскен. Ал соғыс аяқталғаннан кейін ағасы Асхап ақсақалды мұражайға апарып, атадан қалған жалғыз мұраны көрсеткен екен. Мұражай қорының жәдігерлерді қабылдау жазбаларында бұл сауыттың ХХ ғасырдың 30-жылдары Семей тәркілеу комитеті арқылы келіп түскендігі көрсетілген. Тіркеу номері – КП №1041. Алайда, күні бүгінге дейін тарихы беймәлім сауыт сексен жылдан астам қорда жатқан.

Оны жете зерттеуді қажет деп санаған мұражай басшысы Б.Теміров жәдігерді арнайы мамандарға сараптамаға жіберген-ді. Ғылыми сараптаманы этнограф-қару зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты, «Қазақтың дәстүрлі қару-жарағының этнографиясы» кітабының авторы Қалиолла Ахметжан жүргізді.

Енді зерттеу нәтижелеріне кезек берейік.

«Сауыт қысқа жеңді, қысқа етекті жейде түрінде, жағасы жоқ, жағасының ойығы дөңгелек болып жасалған. Сауыт сым темірден соғылған, ұштары екі түрлі әдіспен бекітілген шығыршықтардың екі типінен тоқылған. Шығыршықтың бірінші типінің ұштары тікенше түріндегі шегемен бекітіліп қосылған. Шығыршықтың екінші типі – темір пластинадан тұтастай шабылып алынған шығыршықтар. Сауыт тоқылымында шығыр-шықтардың осы екі типінің қатарлары кезектесіп өріліп отырады. Сауыттың кейбір жерлерінде ұштары ұсталық әдіс-пен бекітілген шығыршықтар да кездеседі. Шығыршықтарының сыртқы диаметрі – 1,2 см, ішкі диаметрі – 0,9 см. Сауыт көп қолданыстан тозған, әр жерінен тесіліп, етегі жыртылған. Сауыт-тың салмағы 10 келіге жуық.

Қарастырып отырған сауыт «Шөже көз кіреуке» түріне, ал жасалу мәнері жағынан ХVІІ-ХVІІІ ғасырларға жататынын көрсетеді.

Қазақтар кіреукені өздері де жасаған, басқа халықтардың кіреукелерін де қолданған. Шығыста кіреукенің жасалу технологиясы біркелкі болғандықтан, бұл кіреукенің нақты қай жерде жасалғанын анықтау мүмкін емес».

Сонымен, зерттеу нәтижесі батыр-жыраудың ұрпағы Асхап Жұмаділовтың айтқанын дәлелдей түсті.

Ақтамберді жыраудың өнегелі өмірі, қол бастаған батырлығы, орақ тілді шешендігі, даналық сөздері – туған халқы үшін болашақ жолына бастайтын маңдай түзер темірқазығы.

Елін бірлікке шақырып, ұрпағына ақыл-кеңесімен жол нұсқаған батыр жырау:

– Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет.
Бірлігіңнен айырылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке.
Араз болсаң алтыауыз,
Еліңе кірген әреке, – дейді.

Өзінің жанкешті ерлігімен де, жалынды жырымен де танылған Ақтамберді жырау есімін ұлықтап, өнегесін ұрпақ санасына сіңіру қашан да мұражайдың қастерлі парызы болмақ.

Шынар Садықова, тарихи-өлкетану музейінің қызметкері, Семей

baq.kz

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*