А.Тоқтабай: Көкпар сөзінің шығу тегі қандай?

Көкпар ойынының шығуы жайында әртүрлі пікірлер бар дейміз, осы уақытқа дейінгі бұл ұлттық ойын туралы зерттеулерді қарастырғанда, ойынның ойналу тәртібі, аймақтық ерекшеліктері, ойынға байланысты әдет-ғұрыптар жөнінде бірін-бірі толықтырып отыратын мақалалар баршылық, әрі бір-біріне қарсы кереғар да емес. Бұл көкпардың қазақ жерінде ертеде көптеген түрлері болғанын көрсетеді, оны әлі де нақтылай түсу керек.

 «Көкпар» сөзінің мән-мағынасы, этимологиялық түбірі шешілген деп айтуға болады. Көне түркілердің арғы ата-бабалары б.з.д. ІХ ғасырлардан бастап ғұн, үйсіндер, ортағасырлардағы көк түріктерден бастап бүкіл түркі тайпалары 2 мың жылдан астам бойы бөрі тотеміне, нақтырақ айтсақ көк бөріге табынды. Қағанның арнаулы сұрыпталған  гвардиялары  — көк бөрілер деп, сондай-ақ толып жатқан ерлер бірлестігі (мужские союзы) — бөрілер деп аталды. Әлемде түркілер бірінші болып жылқыны үйретті. Жылқының үстіне шыққан түркі жаяу (отырықшы) халықтардан жоғары тұрды, оған жүздеген, мыңдаған шақырым жерлерді бағындыру түкке тұрмады, аттың арқасында соғыс идеологиясы пайда болды. Сөйтіп, қасқырлардың үйірімен жүріп өзінің жемтігін ұстауы атқа мінген көк бөрілердің әскери ойынына айналды.

А.Қалиұлы көкпар жөнінде «Біздегі қазіргі көкпар тарту әуелде әлеуметтік мәні бар әскери машықтың қажетінен туған. Түрік қағандығы кезінде «Дербес бөрі жасақ» дегеніміз осындай жаттығудан өтіп сарапталған батырлар тобы еді. Ол қазіргі тілмен айтсақ, гвардия деген сөз. Әскер тәрбиелеудің осындай әдісі келе-келе көкпар тарту спортына ұласып, халықтық рең алып кеткен

Фабрика ФорматовIMG_3199Атқа байланысты ойын-сауықтардың, тамашалардың ішіндегі ерекше бағаланатындары – бәйге мен көкпар. Бәйге жүйрік аттардың бәсекесі болса, көкпар ат пен адамның бірігіп біте қайнасқан салтаттылық үрдістің шегіне жеткен бейнесі.

«Бір ай бұрын көктем мейрамдарының бірі сейіл кезінде көкпар ойынының шым-шытырық таласы мен шиыршық атқан күш-қуатын көрдік. Бұл әскери ойыннан алған әсерлеріміз біздің ойымыздан әсте кетпейді. Іріктелген шабандоздар мықты аттарымен ағызған күйі шаң-тозаң бұлтымен топырлап араласып барады, бірін-бірі итеріп, тепкілескен, тістескен аттар адамдардай саналы түрде айқасады. Адам мен ат тұтастай бірігіп кеткен нағыз кентаврлар, орлардан қарғып, дуал қабырғаларын шаңдатып, суларды шолпылдатып-шашыратып, айнала шапқылайды. Мұны көргенде заманында қазақтар мен өзбектердің арғы бабалары Шыңғысхан мен Темірдің туының астында соғысып, осындай қызыққа батқан ғой деп, еріксіз ойға қаласың. Сол заманда әрине, бұл қауіпті ойын кезінде адамдар өліп, аттар ақсап қалса да, бұл дүрбелеңге қатысқандардың қимыл-әрекеттері мен көңіл-күйлері асқақтап, халық рухының асыл қазынасына қосылған баға жетпес үлесі болып табылады. Бұл салттың зияны болса да, пайдасы артығымен өзін-өзі ақтайды», — деп жазады 19 ғасырдағы саяхатшы. Автордың көкпаршылардың ептілік пен ержүректілікті үйреніп қана қоймай рух күшінің асқақтағаны қандай болады деп сүйінсе, бұл ойынды көрушілердің де, әсіресе жастардың бойын жігер кернеп батыл болсам, батыр болсам демей ме.

Фабрика ФорматовIMG_3023

Көкпар тарту әсте «қасқырды кергілеп тарту» дегенді білдірмейді. Қайта, «көк бөріше кергілеп тарту», «көк бөрідей үстем шығу», «көк бөрідей ер болу» дегенді білдіреді. «Көкпар тарту» дегеннің байырғы мағынасы кең, дұрысы міне осы», – деп жазады. Көне фольклор деректерінде ертеде көкпарға көкбөрі тартқаны айдан-анық көрінеді. Екі құда Байбөрі мен Байсарының көкпарға таласқаны:

Байсарының қолынан

Көкбөріні бер деді

Көкбөріні Байсары

Құдаға енді бермеді.

Аламын деп егесті.

Екі байың ерегесті

Көк бөрі үшін екі хан (Алпамыс батыр).

Алғашында шынында да тартыс құралы бөрі-қасқыр болғанға ұқсайды, біртіндеп серкеге, тайыншаға ауысқан. Алғашқы бөрінің культінен біртіндеп терісі мықты, додада жыртылмайтын ешкі малы пайдаланылған. Екі байдың неге таласып жүр дегеніне келсек, «көкбөрі қолына түскен үйге бақыт, байлық қонады» деп ырымдаған. Мүмкін көкпарға тартылған серке, тана болса, байлар таласпаған да болар еді. Әлі күнге дейін қазақтар көкбөрінің ұрпағымыз деп, қасқырдың терісін аяқ астына тастамай, төрге іліп қоятын салты содан болар.

Фабрика ФорматовIMG_3128

Көкпарға тартылатын малға байланысты лақ көкпар, серке көкпар, тана көкпар деп бөлінеді. Ойын тәртібіне қатысатын адам санына, әдіс-тәсілдеріне қарай мәре көкпар (екі адам, екі топ, серкені өз мәресіне межесіне апарып салады), алып қашпай көкпар (серкені алып қашып жеткізбей құтылып кету), айналма көкпар (екі жақта бір ғана белгіленген жерге серкені апарып тастау түрі).

Көкпарға жас балалар үйренді десекте, атқа мінген бала көкпарда тартады-дей саламыз. Шын мәнінде солай ма? 2000 жылы жазда Шыңжаңның (КХР) Алтай аймағы, Көктоғай жағына барғанымызда 5-7 жастағы балалардың бұзауға мініп қу тулақты тартып жүргеніне таң қалдым. Үлкендер бұл «тулақ тарту» деген ойын болады, келешектегі көкпар ойынының бастамасы, біздің елдің атақты көкпаршыларының бәрі осы «тулақ тартудан» бастаған деп түсіндірді. Бала өсе келе бозбала шағында «лақ көкпар» тартса, жігіт болып толысқан шағында «серке көкпарға» жеткен десек, адамның жас шағына сәйкес өз көкпары болған. Оны кейбір жерлерде екіге бөліп «үлкен көкпар», мектеп жасындағы балалар тартатын «бота көкпар» деп ажырата айту қалыптасқан.

Ат ойындарын сөз еткенде біз жұртшылыққа етене таныс, бұрын зерттеліп жүрген ойындарға (қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, т.с.с.) тоқталғанымыз жоқ, себебі бұл ойындар жөнінде ақпарлар жеткілікті дәрежеде бар.

Қазақтың ат үсті ойындарының саны елуге жуық. Бұл ойындардың бәрін қайтадан жаңғыртып, қазіргі заманда көрсететін болсақ, орта ғасырлардағы қыпшақтардың «жылқы театрымен» сабақтасатын болады.

 Ахмет Тоқтабай,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология

институтының профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*