Ұлттық ат спортының қай түріне қандай жылқы керек?

Ежелден кең даланы мекендеп мал бағып, ат үстінде өскен бабаларымыздың дәстүрлі ойын-жиындары, түрлі жарыстары жүйрік атсыз өтпеген. Халқымыздың ауыз әдебиеті үлгілерін, тарихи шығармаларын оқығанда ел қорғаған ерлердің, қаны қазақ ұл-қыздарының барлығы да атқұмар, шабандоз болғандығын білеміз. Олар ат үстінде небір ептілік, батылдықтың түр-түрлерін көрсеткен. Ат үстінен жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ сияқты жарыстар, бәлкім, жаугершілік заманның әскери ойындарының жаттығуы болар. Ал, жастардың сүйікті ойыны, көрермен үлкен-кішінің қанын ойнатып, делебесін қоздыратын атақты қыз қуу ше? Ерте заманда пайда болып, күні бүгінге дейін халқымыз арасында жиі ойналатын, қатысушыларын да, жанкүйерлерін де ерекше күйге бөлейтін ұлттық ойынның тағы бірі – көкпар. Одан басқа, жорға жарыс, тай жарыс, құнан, топ, аламан бәйгелер бар.

Кейінгі 10-15 жыл көлемінде осы ат спорты түрлерінің жақсы қарқынмен жанданып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұрындары көкпар тартуға тиым салынып, аттарды ұзақ қашықтыққа жарыстыру жойылған еді. Есесіне Еуропалық мәдениетке бейімдеп, тұлпарларды қысқа қашықтыққа жарыстыру кең етек жайды. Осының өзінен біздің ұлттық мәдениетімізді құлдыратудың бір мысалын көруге болады. Күндік шабысқа шыдайтын Құлагерлер, Қазанаттарымыз құрып, жоғалуының себебі де осы. Жылқының жақсы тұқымы қай кезде де қажеттіліктен, мұқтаждықтан пайда болып отырған. Ал, аламан бәйгелер жойылып, көкпар ойнау тиылған соң, ұзаққа шабатын, төзімді тұлпарларға деген қызығушылық та төмендеді. Нәтижесінде жылқының жақсы тұқымдары жоғалып, сапасы нашарлады.

Қазақстанның кең байтақ жерінде жылқының 17 тұқымы өсіріледі. Қазір елімізде жылқы саны 1,7 миллион бас. Бұл бұрынғыдай көп болмағанымен, өзге елдермен салыстырғанда, әжептәуір жоғары көрсеткіш. Мәселен, Ресейдің өзінде жылқы саны біздікінен аз.

Ал енді, Ұлттық ат спорты түрлеріне қандай жылқылар, қандай тұқымдар, будандар керек дегенге тоқталатын болсақ.

Аударыспақ

аударыспақ

Аударыспақ Шығыс және Орта Азия халықтарының ортақ ұлттық спорт ойыны. Бұл ойында екі жігіт салт атқа мініп, ат үстінде бірін – бірі ер үстінен аударып алуға немесе құлатуға тырысады. Бұған – ат құлағында ойнайтын апай төс, атан жілік, тақымы мықты, өзінің күш-қуатына, қайратына, шапшаңдығына, ептілігіне және астындағы атына сенетін жігіттер қатысады.

Аударыспақ ойынына ат таңдағанда қарсыластың мысын басатындай мінезді, азулы, арынды, ірі, жалпақ, сіңірлі, кеуделі болуымен қатар жақсы үйретілген, бас білдіргеннен бастап екі езуін жыртпай, сезімталдығын жоғалтпай, басын жұмсақ, қайым қылып тізгіннің, ауыздықтың сәл қозғалғанын сезетіндей, тақымның қысуынан, аяқтың тебінгенінен, дауыстан қайда, қалай бұрылу керектігін сезетін, соны жылдам орындайтын ат керек. Ертеректе қазақы жылқылардан қазанатты немесе әлді айғырды таңдаған, ал қазіргі кезде қазақ жылқыларының ағылшын, қостанай және желгіш тұқымды айғырдан алған будандар пайдаланылуда. Таңдаған атты бапкер ойын ережесіне сай, әр түрлі айла-амалға машықтандырып дайындайды.

Қыз қуу

қыз қуу

Қыз қуу ойыны да ел арасында кеңінен тараған. Мұны, әсіресе жастар жақсы көреді, өйткені бұл жастарға арналған ойын.

Қыз қуу алаңының ұзындығы – 300 м болады. Ойын алаңына бірінші қыз шығады, одан соң жігіт шығып, қыздан 10 м кейін тұрады. Төреші белгі берісімен-ақ қыз да, жігіт те шаба жөнеледі.

Бұл ойынға ат таңдағанда, оның сән салтанаты келіскен, әдемі қасқасы, төбелі, аяқтарының екеуі немесе төртеуі ала болуына, немесе бесқасқасы (төрт аяғы мен қасқасы) бар болуына және ұшқыр, шу жүйрік, бірақ қызба емес, үрікпейтін, алып қашпайтын ат болуына баса назар аудару керек. Қыз қуу ойынына, көбіне қостанай, ағылшын, ақалтеке және солардың қазақ жылқыларымен будандарын таңдаған дұрыс. Қостанай тұқымы жылқысымен шыққан «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының спортшылары 4 жыл қатарынан, Қыз қуудан Республика чемпиондары болды.

Теңге ілу

теңге ілу

Теңге ілу ұлттық ойынының да көп ғасырлық тарихы бар. Бұрынғы кезден бастап теңге ілу қазақ жауынгерлерінің күшін, шеберлігі мен батылдығын тәрбиелейтін жаттығудың маңызды элементі ретінде қарастырылған. Біздің заманымызда теңге ілу ұлттық ойыны шеберлік пен күшті, ең бастысы жылқыға деген сүйіспеншілікті дамытатын ең әдемі және ең көрнекті ұлттық спорт түрлерінің бірі.

Теңге ілу ойынына: жатаған, салған бағытты біркелкі, тез, тігінен, жан-жағына бұлтаңдамай өтетін ат керек. Үстіндегі теңге ілетін адамның салмағының бір жақ үзенгіге түскеніне қарамай бағытын тік ұстап, теңгелердің (көмбе) қандай қашықтықта және қай жағында болуы керектігіне үйретілген аттар керек. Сондықтан, теңге ілуге қазақы жылқыларды таңдаған дұрыс.

Көкпар

көкпар

Көкпар – халықтың ең сүйікті ұлттық ойындарының бірі. Ол командалық ойын болғандықтан жігіттерден күштілікті, төзімділікті, батылдықты, ептілікті, қалыптасқан жағдайды бағдарлай білуді талап етеді, ал аттардың шыдамдылығын, жылдамдығын, шапшаңдығын және олардың жаттығу дәрежесін тексереді.

Көкпарға, негізінен қазақ жылқыларының басқа жылқы тұқымдарымен (ағылшын, қостанай, жаңақырғыз, қарабайыр) будандарын таңдаған дұрыс.

Көкпар атының басты қасиеті – ол көкпаршының ішкі ойын тебінуінен, тақымының қимылынан, ат үстіндегі қозғалысынан сезуі, қалын дода ішінен көкпарды да өзі тауып, мәренің қайда екенін де білуі. Бұл үшін атты тебіну арқылы немесе тақым қимылдарымен үйретіп, қалыптастыруы керек. Ол үшін ат үстіндегі адам атты мынадай іс-қимылдарға үйретеді:

  • Тізгінсіз оңға қарай бұрылу үшін, тақымды қысып салмақты оңға қарай аударуы керек;
  • Осы қимылды қайталап, салмақты солға қарай аударуы керек, сонда ат солға бұрылады;
  • Алға жүру үшін үстіндегі адам алға қарай еңкейіп, екі тақымды қысып, салмақты алға салуы керек;
  • Жылдам алға жүру үшін, қатты тебініп «Шу» деп алға ұмтылуы керек;
  • Тоқтау үшін тізгінді сол қолдың қырына салып басын қатты тартуы керек;

Көкпар аттарының ең басты қасиеттері қандай болуы керек:

— Құрық салатын қашағанды құтқармайтын аттар;

— Сиыр қайырғанда оқыралаған сиырлардың қандай да жалт бұрылғанына дәл солай қайрылатын аттар;

— Құлын, тайынан бастап үстіндегі адамға сенетіні соншалық, жарға салса жарды қағатын, доданы бұзып кіретін, қайсар мінезді аттар;

— Басы қайым, екі жағына да жалт бұрылатын, көкпаршы белгі бергенде (тақыммен, тізгінмен, дауыспен) артқа да бұзып-жарып шығып кететін;

— Ортаға шығуға жаттыққан, жерде жатқан көкпарды денесімен жауып, қарсылас атты жақындатпай, өз иесіне еңкейіп көкпарды ілуге ыңғай жасай алатын;

— Қарсылас аттың жақындап келгенін, кеудесімен соғайын деп қалғанын сезіп, аңдып тұратын және соған қарсы әрекет ететін аттар;

— Мұның бәріне қоса жүйрік, ұшқыр (атып шығып кететін, қуып жететін) болуы шарт;

— Денсаулығы өте мықты (жүрек, өкпе жұмысы), тез арада жүрек соғуын қалпына (64 рет 1 мин) келтіріп, демін тез басып алатын, көкпар ойынының аяғына дейін болдырмай жоғары бапта болатын аттар керек.

Ат бәйгесі

jIRUB6ZV5Ua8B2SoN62aLWLgmaC1EG

Халқымыздың ежелден келе жатқан сүйікті спорт ойындарының бірі – ат бәйгесі. Бәйге мынадай түрлерге бөлінеді: ұлы аламан бәйге – алыс қашықтыққа жарыс – бекітілген ережелер бойынша қашықтығы 31 шақырымды құрайды, аламан бәйге – 25 шақырым, тоқ бәйге – 16 шақырым, құнан бәйге – 7 шақырым, тай бәйге  — 3 шақырым.

Ат жалында өскен қазақ халқы талай мыңдаған жылдардан бері жылқыны жанындай көріп, жадында сақтаған. Оның сын-сипатын, бағым-күтімін, бабын бес саусақтың саласындай білген, бай тәжірибелі халық.

Әуелі жылқы малының семіріп жетілген кезі жаз, күздің жаймашуақ күндерінде үйірлі жылқыны алыстан сынау керек. Жүйрік ат жылқының шетінде оқшау тұрады. Үйірдің ортасына әсте кірмейді. Егер жылқының жайылымы таулы жер болса, қайткенде де өр жағында болады. Елеңшіл, үнемі алысқа қарайды. Маңайына көз салмайды. Үнемі күнге қарай жайылады. Маңдайына өз көлеңкесін түсірмейді. Таңертең күншығысқа қарап жайылады. Күнбатар алдында күнбатысқа қарап (күнмен қоштасқандай) селтиіп тұрады. Іңірде немесе таңға жақын жатып жусайды деп халық бекер айтпаған. Міне бұлай алыстан сынау үшін жылқыны үркітпей, қорқытпай, алыстан абайлап, күндіз-түні байқау жүргізіледі. Сыннан өткен сәйгүлікті ептеп ұстап үркітіп, шошытпай ноқталап, әрбір мүшесін көріп, қолмен ұстап сынайды.

Жүйрік аттың сыртқы сынына ерекше мән бере қараған жөн, адам жақындағанда көз алмай тесіліп қарайтын болса, жүйріктіктің белгісі. Оның үстіне мінезі биязы, жуас, маңдайы кең,  қабырға сүйегі, ауыз омыртқа, арқа, қарын, көк ет, омырауы үлкен болса жүйріктіктің белгісі. Сонымен қатар, жағының арасы кең, екі тізесінің арасында (екі алдыңғы аяқты қосып көргенде) жұдырық еркін сиятындай, тістерінің арасы алыс болса, жүйрік аттың белгісі.

Жылқының ізіне көп көніл бөлу жөн. Қардың үстіне немесе топырағы жұмсақ жерге түскен аттың ізі көп дүниені айтып бере алады. Шауып бара жатқан немесе шапшаң жүрген аттың тұяғының ұшының ізінен жерсоғарының бедері толық түспеуі ләзім. Алдыңғы ізінің үстіне артқы ізі дөп түсіп жатқан болса жүйрік аттың белгісі.

Егер артқы тұяғының ізі анық емес, алдыңғы тұяқтың ізі анық болумен қатар артқы тұяқтың ізі алдыңғы тұяқтан асып түсіп жатса онша жақсы емес.

Артқы тұяқтың ізі анық, айқын болумен қатар, алдыңғы тұяқтың ізіне артқы тұяқ жетпей қалса ол шабандықтың белгісі.

5nDgeoB8GCQМіне, осы іспеттес жылқы малының сыртқы сыны көп дүниеден сыншыны хабардар етеді. Бірақ жылқы да адам сияқты, оның өңі-түсі, мінез-құлқы, дене-бітімі, жүріс-тұрысы, ақылы болатындықтан бір қарағанда «мынау жүйрік» деп айту әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан да, әр жақты толық сынауды талап етеді.

Бәйге аттарына ұшқырлығына бола ахалтеке, таза қанды ағылшын, қостанай, жаңақырғыз т.б. жылқы тұқымдарын таңдап жатады. Бұлардың көбі қысқа қашықтықтарға бейім.

Ал ұлттық аламан, топ бәйгелерге көбіне қысқа қашықтыққа жақсы көрсеткіштер көрсеткен сақа аттарды (4-5 жасар) және де олардың қазақ жылқыларымен будандарын арнайы баптан өткізіп барып қосады. Жергілікті жерге бейімделген өз жылқы тұқымдарымызды (қазақи, қостанай, көшім) және олардың таза қанды ағылшын, қостанай, жаңақырғыз тұқымдарымен будандарын қолданғанның дұрыс екендігі, тебінде жайылымда ұстап арзан аттарды өсіруге қол жеткізуге болатындығы.

Набидолла КИКЕБАЕВ, ҚР ауыл шаруашылығы

Академиясының академигі,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,

 Мұғалжар жылқы тұқымының авторы  

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*