Қытайда Қазақстанның көкпар құрама командасы Бас жүлдені жеңіп алды

Қытайда Іле-Қазақ автономиялы облысының құрылғандығына 60 жыл толуына орай 12-17 шілде күндері ұйымдастырылған көкпар тойы тәмамдалды. Естеріңізге сала кетейік, жарыс Моңғолкүре ауданының Қарағанты жайлауында өткен болатын.

Достық кездесуге Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан және жергілікті қытай қазақтарының көкпар ойыншылары қатысты. Финалда елімізден шыққан құрама команда ҚХР командасымен сайысып, жеңіс тұғырынан көрінді. Бас жүлдені жеңіп алған командаға ақшалай 50 мың юань табысталды.

Атап өтетін жайт, «үш күнге жалғасқан көкпарды тамашалауға 10 мыңнан астам көрермен жиналып, ыстық ықыласын танытты. Халықтың мұндай қызығушылығы, бізді сөзсіз қуантты», — деп, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің Ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Сәттібай өз әсерлерімен бөлісті.

Сонымен бірге, көкпар құрама командасының жаттықтырушысы Қуанышбек Құрамаев біз үшін жарыстың қытайлық көкпар ережесі бойынша өткізілгенін, яғни әр команда құрамы 7 адамнан тұрып, «қазандықтың» орнына салым салатын «горда»-ның болғаны ерекше болды деп мойындады.

Өз кезегінде қытайлық ұйымдастырушы тарап Қазақстан елінің көкпар командасы өз өнерлерін әйгілеп, мерекенің салтанатын асырды деп құттықтау хат жолдады. «Тұлпар» халықаралық мерекесін ұйымдастыру комитетінің басшысы Алмас Байдәулетұлы өз хатында: «ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына құрметімізді білдіре отырып, алдағы уақыттарда өткізілетін ұлттық спорт шараларына зор табыс тілейміз!», — деп алғысын білдірді.




Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.