«Топай ойыны» жайлы не білеміз?

«Топай» ойынын бала кезімізде ойнайтынбыз. Осы ойын қазір ұмытылып бара жатқандықтан еске алып бір кәдеге жарар деп көпшілікке ұсынып отырмын.

«Топай» немесе «сақа» ойыны асық ойынының бір түрі десе де болады. Бірақ асық ойынынан біраз өзгешілігі бар. Топай ойынына негізінен ірі малдың (қара мал, жылқы т.с.с. малдардың асығы (сақа) мен малдың ойынға жарайтын буын сүйек мүшелері пайдаланылады. Ол мүшелерді жалпы «топай» деп атайды, ойын кезінде ол мүшелердің жеке атаулары да қолданылады) буын мүшелері жатады.

Әрбір ойыншыда топайларды ататын асықты «сақа» дейді. Сондай –ақ, әр ойыншы топайларын ортаға салып ойнайды. Ойын жер бедерін талғамайды, кез келген жерге топайды құрып ойнай беруге болады.

Жеребе тастап, кім алғаш бастау керек, сол жағын анықтап алу керек. Анықталғаннан кейін бастаушы сақасын иіріп жерге тастағанда табанымен тік тұрса (алшысынан түссе), сол адам топайларды атуға мүмкіндік алады. Егер алшысынан түспесе иіру кезегі келесі ойыншыға беріледі. Топайларды бір сызықтың бойымен араларын бір табан алшақтау қылып құрады (1-сурет) ол сызық ойынның «көңі» (орыстың конь сөзі емес) немесе «көмбесі» болып саналады. Бұл ойын түрі адам санын талғамайды, қанша адам ойнаса да болады.

Алшасынан түскен адам сақаны үйіріп топайды атып оған тигізіп, сызықтан ары оны үш табандай жерге сырғытса (2-сурет) топайды ұтқаны болып есептеледі. Яки ойынды әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алады. Үш табанға сырғыған топай ойыншының олжасы. Егер топайға тигізе алмаса ойынды келесі үміткер жалғастырады. Егер топайды үш табанға жылжыта алмаса топай қайтадан көңге тігіледі де ойыншы топайды ату мүмкіндігінен айырылады.

Келесі ойыншы сақаны иіріп жерге тастағанда сақасы табанымен түссе ойынды жалғастыра алады (3-сурет).

Сақасы табанымен түспей не бүк, не шік түссе ойыншы ойынды жалғастыра алмайды.

Топайды атқан ойыншының сақасы қай жерге барып тоқтайды, сол сақа тоқтаған жерден топайды атуға тиісті.

Ойын осылай жалғаса береді. Ойыншы адам барлық топайынан ұтылғанға дейін, не барлық топайды ұтқанға дейін ойнайды. Топайы біткен ойыншы соңында өзінің сақасын көңге тігеді. Барлық ойыншылардың топайларын ұтқан ойыншы жарыс жеңімпазы және ұтып алған топайлардың иесі болады. Бұл ойынның бар ережесі осы. Жердегі топай санына шек қойылмайды, бірақ ойынды жылдамдату үшін бір адамға 5 топаймен ойнаған да жетіп жатыр.

Ал ататын сақаны (асық) таңдаудың өзі үлкен өнер. Сақаны ірі қара малдың асығынан таңдайды. Сақасы әрқашанда ойында болу үшін асықтың табанын тегістейді. Содан соң сақаға қорғасын құю деген болады. Бұл сақаны күшейтіп, ұту мүмкіндігін арттыру үшін жасалатын қарекет. Асықты иіргенде, үнемі табанымен түсетіндей етіп жаттығып алатын ойыншылар да болады.

Қорғасын құю үшін әуелі асықты тазалап (сақаны) дайындап алады. Одан соң оны теседі. Бұл ретте, өте мұқият болмаса, асықтың сынып кетуі де мүмкін. Содан соң асықты саздың ішіне салып қойып, отқа ерітілген (балқытылған) қорғасынды құяды. Ал қорғасынды, әлбетте, ернеуі сүйірленген қалбырдың ішіне салып ерітеді.

Асық та, «топай» ойыны да біздің ұлттық спортымыздың бір түрі. Жоғарыда жазып өткеніміздей, ертеде бұл ойынды біздің ауылдың ұлы да, қызы да қызыға ойнаған. Қазір ұмытылып барады.

Сақа немесе топай ойынының тәрбиелік мәні өте зор. Бұл ойын ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Бір мезгілде бірнеше бала ойнайтын асық ойынының түрлері жас баланың намысын жандырып, «қатарымнан озып шықсам» деген талпынысты бойға қасиет қылып сіңіреді. Мұның сыртында топайды атып ойнайтын түрлері үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады. Үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады.

Қосымша сөздік:

Көң (көмбе) – топайларды ойынға қосатын жер;

Топай – малдың аяқ буын мүшелері;

Сақа – топайды атуға арналған асық;

Иіру – сақаны ойынға қосу үшін ойыншылардың жерге сақаны айналдырып табанымен түсірсе ойында жалғастыруы;

Алшы – сақаның қырынан табанымен түсуі ойынға рұқсат;

Бүк – сақаның кіндігімен жерге етпетінен түсуі;

Шік – сақаның кіндігімен аспандап түсуі.

Ерсін БАЙДРАХМАН

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*