Қазық теру

Қазық теруді ойын басқарушысының қазылығымен топ болып ойнайды. Бұл ойын сынып арасында да, бір сыныптағы топтар арасында да бәсекелесіп ойнауға болады.

Ара қашықтығы 100 метр болатын алаңның екі шетіне қарама-қарсы сызықтар сызылып, екеуінің арасына 20 метр сайын ұзындығы 25 сантиметрлік 4 қазық қағылады (сыртын ағарта жонып, яки қызылмен бояп қойса болады). Ойынға екі немесе үш топ қатысса, параллель екі қазық аралығы екі метр болуы керек. Бұлай болмаған жағдайда балалардың бір-біріне соғылып қалу жайттары туады.

Әр топқа 5 бала қатысып, бір жағына 3 бала, екінші жағына 2 бала тұрады. Ойын 3 бала тұрған жақтан басталады. Ойын басталғанда бала жүгіріп қазықтарды тереді де тез арада екі баланың біреуіне ұстатып, өзі сол баланың орнына тұра қалады. Ал бұл бала қазықты қайтадан орнына қадап, әуелгі 3 бала тұрған жаққа барып тұрады. 3 баланың екіншісі қазықты теріп жүгіреді де, әуелгі екі бала тұрған жақтағы балаға береді. Қазықты алған бала жүгіре қайтадан қазықты орындарына қадап, үш бала тұрған жаққа барады. Үшінші бала қадалған қазықты теріп, алғашқы екі бала тұрған жаққа барады. Сонда ойын басталған кездегі екі бала тұрған жақта үш бала, үш бала тұрған жаққа екі бала келіп, орындары ауысады. Сөйтіп, қазықты теріп және қайта қадау арқылы балалар 500 метр жүгірген болады. Ойын басқарушының бұйрығы бойынша бір уақыттың ішінде басталады. Қазық теру ойыны – шапшаңдыққа тәрбиелейтін әрі қызықты, дене шынықтыруға пайдалы ойын.

Ұпай беру әр топтың уақытына, қазық тергенде түсіріп алу-түсіріп алмауына, қайта қадағанда, орнынан жаңылу-жаңылмауына байланысты беріледі. Озған топты не топ ішінде өнері үстем балаларды марапаттауға болады.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*