Жылқы ерекше есті мал

жылқы естіЖылқы ерекше есті мал. Олар оқырану, кісінеу арқылы бір-бірін шақырады, жақын тартады, хабарласады; осқыру, жер тарпу арқылы қауіп-қатерден сақтандырады, қарсыластарына айбат көрсетеді; қасынысу-иіскесу арқылы туыстық қатынастарын, үйірлік жақындықтарын анықтап өзара табысады, түсініседі, жақындасып достасады. Құлағын жымыру, мойнын жерге салу арқылы бір-біріне сес көрсетеді, бір-бірін қайырады. Тебу, тістеу арқылы қарсыластары мен ұнатпағандарына соққы береді. Баққан иелеріне иіскеу, оқырану арқылы жақындық білдіреді. Шоқтығын, кекілін үйкеп еркелейді. Иесінің шақырған бұйрығын қабылдап, келеді. Айдаса жүреді, қайтарса қайтады. Мініп алып желдірсе желеді, шаптырса шабады, тоқтаса тоқтайды. Тіпті, жат десе жатып, тұр десе тұрады. Шөлдегенін, қарны ашқанын иесіне кісінеу, оқырану арқылы білдіре алады. Өте зеректері иесінен басқа адамға ұстатпайды, иесінен басқа адамға мінгізбейді.

ақбозат

Жылқы баққан иесінің мінез-құлқын, дауысын, бұйрығын мүлтіксіз түсінеді. Боқтағанын, ашуланғанын, өзін ұстап алса ұратынын сезіп, ұстатпай қашады. Жақсы көргенін, еркелеткенін дауыс ырғағынан байқап иесіне жақындайды. Шақыру, айдау, бұйырық, демеу сөздерін қабылдай алады. Мысалы, «моһ-моһ, құрау-құрау» десе келеді; «айт-шүу» десе жүреді; «дыр-дыр», «так-так» десе тоқтайды. «Жиылыңдар» деген райда қиқуласа өрістегі жылқылар жиылады. Тіпті, әйгілі жүйрік аттар айғай, дүбір шықса немесе өзі бәйгеге салған рудың аты естілсе елеуреп, бәйгеге түссе үдей шабады.

жылқы ат

Жылқының мейір-махаббаты күшті болады. Биелер құлыны ауырып қалса маңайынан ұзап кетпейді. Бір айлық жерге апарып тастаса да құлыны үшін бірнеше күнде қайтып келеді. Айғырлар қасқыр тисе үйірін шоқтай қып иіріп өзі қасқырға айбар көрсетіп қорғайды. Сырттан үйіріне ұрғашы жылқы келсе қосып алып, еркек жылқы келсе жолатпай сауырлап қуып салады.

Жылқы туыстық, қандастық қатынасты бұзбайды. Айғырлар өз үйірінен туған қандастық туыстығы бар биелерге шаппайды. Жылқыда кектену, өшігу сезімі болады. Ұрған, қинаған адамды тістейді, тебеді немесе ұстатпай қашады. Осқырып, адыраңдап қарсылық білдіреді. Жылқының қызғану сезімі де өте күшті болады. Айғырлар өз үйіріне еркек мал жолатпаса; әдеттегі жылқылар да өзінің дара шөп жеп, су ішіп тұрған жеріне басқа малдарды жолатпай теуіп, тістеп қуып жібереді. Жылқы әр түрлі қауіп-қатерлер мен табиғат апатынан да алдын ала сезіп, хабар бере алады. Мысалы, жер сілкінер кезде жылқы шұрқырап кісінейді, алдында қауіпті жағдай бар болса, осқырып жүрмей қояды. Қыс қатты болатын жылы биелер ерте құлын тастап, өздерін қорғай бастайды, қысы жұмсақ жаққа қашады. Жылқы өте жершіл болады. Кейбір жылқылар туған жеріне неше айлық жерден қашып келеді. Ал, қашып келе алмағандары ес-ақылынан айрылып, жүдеп өліп алады. Қазақ халқы жылқының осындай қасиеттерін және басқа да жасырын ерекшеліктерін жетік меңгергендіктен, жылқыны өте ерте заманда-ақ қолға үйретіп бағып-баптап, оларды өз қажеттеріне толық пайдалана білген.


_MG_8750ат шыны

«Қазақтың дәстүрлі ат үсті ойындары» кітабынан,

Авторлары: Айып Нүсіпоқасұлы,  Темірбай Сымағұлұлы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.