Құнан шабыс

Құнан шабыс – той-мерекелер мен әртүрлі бұқаралық басқосуларда көп өткізілетін думанды ат үсті жарыстардың бір түрі. Тай шабысқа қарағанда бұған адам едәуір мол қатысып, ат сыншылары мен атбегілерде көбірек араласады және берілетін жүлдесі де молырақ болады.

img_0920

Құнан шабыс та тай шабыс секілді өз ішінен «қара жарыс» пен «аламан» деп екі түрге бөлінеді. Қара жарысқа тәуір жүгіреді деген құнандар түгел қатыстырылып, озып шыққан ерен жүйріктерін бағып-баптап «аламан» бәйгеге қатыстырады. Әдетте, «қара жарыс» сынау, байқау, іріктеу жарысы болғандықтан, оған арнайы жүлде берілмейді. Ал, құнан шабыстағы «аламан» бәйге өзіндік ереже-тәртіп, берілетін жүлдесі бар ресми жарыс түрі болып есептелінеді. Сондықтан, жарыс алдында бәйгеге құнан қосатын адамдар міндетті түрде жарыс ұйымдастырушыларына өз аты-жөні мен бәйгеге қосатын құнандарының түр-түсін анық айтып тізімге қосып, төрешілер мен ат айдаушылардың бақылап-басқаруында өткізеді. Және озып келген құнандарға ұйымдастырушылар жағынан жүлде беріледі.

Құнан шабыс әдетте 15-20 км аралыққа шаптырылады. Жарыс басталар алдындағы тізім бойынша, бәйгеге қатыстырылатын құнандар ат айдаушылар мен бақылаушыларға бір-бірден өткізіп беріледі. Ат айдаушылар оларды алдарына салып айдап отырып, жарыс басталады деп белгіленген жерге апарып тізімдері бойынша түгендеп болады. Одан соң барлығын бір уақытта жарыстырып қоя береді. Жолда оларды бақылаушылар қадағалап бақылап келеді. Бұл жарыста да мәреге ең бұрын келгені жүлдегер болып, қалғаны келу реті бойынша екінші, үшінші болып, тиісті бәйгелерін алады. Егер жолда қаралық істеген, ат шабыс қағидасына қиғаштық жасаған біреу болса, жүлдегерлігінің күші жойылады да, оның орнына одан кейін келген құнанға бәйге береді.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*