Ат шабыс

Ат шабыс – қазақ халқының әртүрлі мереке-мейрамдары мен той-томалақтарда үнемі өткізіліп тұратын ұйымдастырылуы жүйелі, ауқымы кең, бұқаралық сипаты күшті ат үсті көңіл ашар қимылдарының бірі. Бұл ойын да өз ішінен «ат шабыс» және «аламан бәйге» деп екі түрге бөлінеді.

Ат шабыс (ат бәйге деп те аталады) әдетте мереке-мейрам, той-томалақ және ас бергенде үнемі өткізіліп тұратындықтан, оған қалаған адамның қалаған атын қосып байқап, сынап көруіне болады. Ешқандай шектеме, ешқандай кедергі жасалмайды. Оның үстіне, ат шаптыру аралығы «аламан бәйгеге» қарағанда жақындау, беретін жүлдесі аздау болады. Сондықтан, «ат шабысты» болашақ «аламан бәйгеге» ат таңдау, ат сараптау, ат сынау жарысы десе де болады.

skac

Ат шабыс әдетте 25-30 км аралыққа шаптырылады. Оған жұрт мойындаған атбегілерден екі төреші және халықтың көрсетуімен екі бақылаушы, екі ат айдаушы, екі даяшы белгіленіп, ат шабыстың сәтті өткізілуіне сол адамдар бастан-аяқ жауапты болады. Одан басқа, жарыс ұйымдастырушылар жағынан белгіленген «ат ұстаушылар» (озып келген аттардың алдынан шығып шаужайынан ұстап, рет нөмерін шабандоздарға ұстататын бәйгені заңдастырушы адамдар) бәйгені күтетін мәреде рет нөмерлері бойынша тізіліп тұрады. Бірінші ат келгенде бірінші адам тұрып, екінші ат келгенде екінші адам тұрып бәйгелердің шаужайынан ұстап, шабандоздардың қолына рет нөмерлерін ұстатып жібере береді. Жарыс соңында шабандоздар қолындағы сол рет нөмерлері бойынша өздеріне тиісті жүлделерін алады.

Жарыс басталар алдындағы тізім бойынша бәйгеге қатыстырылатын аттар түрі, түсі бойынша ат айдаушылар мен бақылаушыларға бір-бірден өткізіп беріледі. Ат айдаушылар оларды алдарына салып айдап отырып, жарыс басталады деп белгіленген жерге апарып қатарластырып, тізіп қояды. Тізім бойынша түгендеп болып, одан соң барлығын бір уақытта «бастаңдар» деген бұйрық беріп жарыстырып қоя береді. Жолда оларды бақылаушылар қадағалап бақылап келеді. Атқа мінген шабандоздар қолдарына сабына орамал байлаған қамшы ұстайды. Онымен жолда аттарының көзінің терін сүртеді. Бұл жарыста да мәреге ең бұрын келгені жүлдегер болып, қалғаны келу реті бойынша екінші, үшінші болып, тиісті бәйгелерін алады.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*