Қазақтың Қаркені қалдырған дерек

каркен ахметов_0          Қаркен Ахметов есімі қазір ұмытыла бастағандай көрінеді. 1959-1971 жылдар арасында Қаркен Ахметоллаұлы қазақ спортының тізгінін ұстады. ХХ ғасырдың 60-70 жылдары бұл азаматтың атақ-даңқы бүкіл Кеңес одағына мәлім болды. Қаркен Ахметов ұлтын шын сүйген, үлкен жүректі, өте іскер адам, нағыз мемлекетшіл тұлға, көрнекті қайраткер еді. Ол кісі қазақ спортын басқарып қана қоймай, спорттың тарихын түгендеуді де қалыс қалдырмаған. Жақында Қаркен Ахметов қаламынан туған дүниелерді қарап отырып мынадай деректерге көзіміз түсіп, таң-тамаша қалдық. Содан Ұлттық  ат спорты түрлерінің тарихы үшін таптырмас осы тың дүниелерді жұрт назарына ұсынуды жөн көрдік.

каркенТәуліктік ат бәйгесін жаңғыртуға болмай ма?

Бірінші дерек – елуінші жылдары Кеңес одағы бойынша тәуліктік  ат жарысының дүркіреп тұрғаны. Яғни, шабандоздар тәуліктің 24 сағатында белгілі бір қашықтықты шауып өтуге тиіс. Осы аламан шабыста қазақ азаматының маңдайы жарқыраған кез болыпты. 1953 жылы Алматы облысы, Қастек ауылының тұрғыны Қастекбай Рахметжанов бір тәулікте 311,6 шақырымды артқа тастап, одақтық бәсекелестерін шаң қаптырып кеткен. Үш жүз шақырымнан дара келген қостанайлық жылқы тұқымынан шыққан жүйрік екен. Кезінде Қ.Рахметжановтың бұл көрсеткіші Кеңес одағы бойынша ең жоғары көрсеткіш деп табылып, шабандозға КСРО спорт шебері атағы беріліпті.

Айтпағымыз, алдағы уақытта бәйгенің осы түрін қолға алып, ұйымдастырып көруге неге болмайды? Мұрағат қойнауынан іздестірсек, осы спорт түрінің қалай өткізілгенін де, ережесін де тауып аларымыз сөзсіз. Ендеше, шын тұлпардың бауырын жазатын, шабандоздың тақым құрышын қандыратын нағыз аламан шабыс осы емес пе? Жаңғыртып көрсек қайтеді?

Одақ рекордын жаңғыртқан қазақтар

Екінші дерек –  «1948 жылдың бір өзінде ғана екі қазақ жасы СССР спорт мастері атанды. Республика чемпиондары мен рекордшылары арасында қазақ жастарының есімдері көптеп естіле бастады. Олардың ішінде Ташматов, Төленғалиев, Рахметжанов (Қастекбай Рахметжанов болуы мүмкін) ат спортынан СССР рекордшылары болды». Бұл – Қаркен ағаның 1960 жылы жарық көрген кітабынан қаз-қалпында алынды.

Осы уақытқа дейін ат спортынан сонау 1948 жылы Одақтың рекордын жаңартқан қазақ ұлдары болған дегенді кім біліпті? Егер табандап іздестірсе, осы шабандоздардың нақты кімдер екені, қандай спорттық нәтижелер көрсеткені табылып, спорт тарихының ойсырып тұрған бір бүйірін толтырар еді ғой…

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ,

журналист

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*