Алты алашты дүбірлеткен көкпар тойы

Еліміз тәуелсіздігін алып, етек жеңін жиғалы, төл мәдениетімізбен қайта қауыштық. Соның бірі кез келгеннің делебесін қоздырып, аңсарын аударатын көкпар ұлттық ойынымыз. Бүл күнде осы ұлттық спортымызды насихаттауда жар құлағы жастыққа тимей жүрген бір журнал болса, ол – «Көкпар» журналы. Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырған әр бір шараға бей-жай қарамай, журнал төрінен орын беріп келеді. Оның жарқын дәлелі «Алты алашты дүбірлеткен көкпар тойы» атты мақала дер едік. Қауымдастық тарапынан алғысымызды  айта отырып, бізде аталған мақаланы оқырманға ұсынғанды жөн көрдік.

Көкпар

Ел ордасы Астанада қыркүйек айында алты алаштың көкпар сүйер қауымын дүр сілкіндірген ұлы той еліміздегі айтулы оқиға болды. Көкпар десе ішкен асын жерге қоятын ұлттың ұрпағы ретінде біздің журналдың тілшілері де қатысып қайтқан еді.

  «Баласы атқа қонса үйде отырған шешесі тақымын қысар» деген халық даналығы тегін емес. Апта бойына теледидарға телміріп ойын барысын қызыға тамашалағанымыз рас. Ұлт мәдениетінің, ұлттық спорт жанашырларының ұйымдастырыуымен араға ғасырға жуық уақыт салып бабалар дәстүрі қайта жаңғырды. «Ояз» қайта тірілді! «Сейіл» дүбірі ұмыт болғалы қашан? Дүбірлі азия біріншілігінің байрағы алғаш қазақ даласында көтерілді. Қазақ елі тағыда көш бастады. Бұл үлкен жетістік, ұлт мақтанышы.

Көкпар – Орта Азия халықтарына ортақ дүние еккені айдан анық. Жасыратыны жоқ біздің ұлттық ойын деп жекелегісі келгендерде болды. Енді таласқа жол жоқ, пысықайлардың көмейіне құм құйылды. Аллаға шүкір! Бұл күнді де көзіміз көрді. Ендігі қазақта арман жоқ. Расында да көкпарды «арам пиғылдылар» иемденіп кете ме деген үрейден ұйқы қашқан күндер болды.

«ОЯЗ қайта тірілді, Сейіл дүбірі ұмыт болдғалы қашан» деп айтып өттім. Тоқтала кетейін. Кезінде бабаларымыз әр үш, төрт жылда бір мәрте Орта Азия халықьары арасында көкпардан жарыс ұйымсдастырып, кезегімен өткізіп келген. Мұны біреу білсе, біреу білмес. Бұл жарысты «Сейіл» дейтін, орта азия халықтарының сайысы болғандықтан «ОЯЗ» деп те атаған. Сейіл көкпары алаңға қырық жігіттен шығарылып, командалық тәртіп бойынша өткізілген. Демек, командалық көкпар бүгін ғана дүниеге келген жоқ. Командалық көкпарды мен шығардым дейтіндердің сөздері негізсіз. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың ұйымдастыруымен кешегі өткен Ашық Азия біріншілігі көкпардың азия елдеріне ортақ дүние екенін соқырға таяқ ұстатқандай айқындап берді. Сондықтан да бүгінгі көкпардың ережесі Азия көкпар мамандарының талқысында қайта қаралуды қажет етеді.1

Дана қазақтың әр сөзі тәрбиелік мәнге толы. «Адам адамның көзіне қарағанда мейірімі оянады. Мейірім болған жерде берекенің болатыны хақ. Ал береке болған жерде тыныштық пен тоқшылық құшағын кеңге жаяды, тынышщтық пен тоқшылық болған жерде елдің болашағы жарқын».

Екі-үш жылда жарыс ұйымдастырып, іргелес ел халықтары бірін бірі көзбен көріп, хал-ахуал білісіп отырған. Осылайша ел аралап, жер көрген дана бабаларымыз көршілерімен әр дайым қарым-қатынаста болып, ел достығын нығайтып отырған. Осы үрдіс қайта жанданды, Жаббар Ием ұзағынан сүйіндіргей! Қазіргі психологтардың айтуына қарағанда ел аралап, жер көрген адамның ойлау қабілеті, дүние танымы кең болатын көрінеді. Осы орайда бабаларымыздың «көп жасағанан емес, көпті көргеннен сұра» деген сөзі ойға оралады. Неткен даналық!

Қыркүйек айының 10-15 жұлдызы аралығында Елордамыз Астанада көкпардан алғаш рет Азия елдері арасында ашық біріншілік өтті. Бірінші орынға 10 000 000, екінші орынға 6000 000,  үшінші орынға 4 000 000 қазақ валютасы тағайындалды. Біріншіліктің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны 20 000 000 теңгені құраған жүлде қорынан ақ байқалады.

Байрақты додаға Қазақ, Ресей, Тәжік, Қырғыз, Монғол, Түркия, Қытай елдерінен командалар қатысты.

Дода дүбірі бес күн бойына Астана шаңын көккке көтерді. Әр ел өз мықтысын алып келген, осалы жоқ. Бас жүлде үшін талас Қазақ-Қырғыз командалары арасында өтті. Ақтық айқас қашанда тартысқа толы. Шабандоздар соңғы күштері қалғанша барын салды, жан алысып, жан берісті. Есеп 4:2 Қазақстанның пайдасында. Айыр қалпақты ағайындар екінші орынды қанағат тұтты.2

Үшінші орынға таласқан Тәжік-Қытай командалары арасындағы тартыс 3:0 есеп айырмасымен Тәжік ағайындардың пайдасына шешілді. Марапаттау рәсіміне ұлттық спорт президенті Қайрат Сатыбалды және вице президенті Бекболат Тілеухан қатысып, жеңімпаз командаларға тағайындалған сый сияпатты табыс етті.

Кеңес Одағы кезінде, Одақ біріншілігінде Қазақ жігітеріне бірден бір қарсы тұрып, ақтық сайыста қаймықпай айқасатын Тәжік жігіттері болған. 1980 жылдарға дейін Одақтың бірнеше дүркін чемпионы атанған бұл команда алдағы біріншіліктерде чемпиондықтан үміткер командалардың бірі екенін байқатты. Қазандыққа үйреніп алса болғаны айыр қалпақты ағайындар секілді кез келген мықтыны жолдан тайдырудан тайынбайды. Олай айтуға негіз бар. Кеше ғана көкпарды тақымға басып үйренген Қырғыздар бүгінде Қазақ жігіттерімен иық тіресуде.

Жеңіс пен жеңіліс қатар жүретін ұғым екені түсінікті. Спортта ең қиыны чемпиондық атақты ұстап тұру. Олай болса алдағы 2015 жылы Түркияда өтетін Азия біріншілігіне дайындықты бүгіннен бастау керек.

Бәрін айтта бірін айт, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Қазақ елі тәуелсіз ел. Дамушы елдер арасында қай салада болмасын көшбасшы ел. Қым-қуыт заманда егізі өлмей, арбасы сынбай, шекарасы бекітіліп, қой үстінде боз торғайы жұмыртқалаған ел. Тәубе! Тыныштық пен тоқшылық орнаған біздің ел бақытты – деп шүкіршілік етеміз, біздің ел осындай – деп мақтана аламыз.

Алла тағала халқының пейіліне қарай патшасын береді. Пейіліміз тарылмасын! Қазақ елінің пейілін білгісі келетіндер Сұлтанымызға қарасын. Бұл жаратушының біздерге берген сыйы. Демек қазақ елі жаратушының назарында. Алла, тіл көзден сақтасын!

Қазақ елінде әр бір дүниеге келген бала елім, жерім, тілім, дінім, болашағым деп еміренген ер болсын! Жаһанды дүбірлеткен Азия біріншілігінің байрағы ұлттық дәстүрімізді насихаттау жолында желбірей берсін! Әумин!

Бақдәулет Саттарханұлы, «Көкпар» журналы, №6 қазан 2013

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*