ҰМЫТ БОЛҒАН ТҰҚЫЛ НАЙЗА

Мұрағат деректеріне қарап отырсаңыз қазақтың ұлттық спорт түрлері Кеңес Одағы кезінде елеулі болмаса да тым қағажу қалмай, қалтырап-дірілдеп тіршілігін жасапты. Соның бірі – аударыспақ екен. Одақ тұсындағы ресми атауы – сайыс. Ат спорты түрлері ретінде Одақтық жарыстардың бағдарламасына енгізіліп, едәуір жыл «өмір сүрген».

Қорытындыларына көз жүгітсеңіз сайыстан жарыс болса бітті, жүлденің бәрі қазақтардың тақымында кете беріпті. 1948 жылдан бастап жеңіл салмақта С.Терсебаев, А.Оспанов, Ш.Сейітжанов, орта салмақта Б.Өтебаев, А.Оспанов, А.Төлеев, ауыр салмақта М.Елгезеров, Т.Байқамысов, Б.Шакиев, Е.Сарымсақов есімді азаматтар қарсыластарын қидай сыпырып ұтыпты. Құрыш тақымды сайыскерлер арасында әсіресе, Мұсахан Елгезеров пен Талапхан Байқамысовтың атақтары тіпті дүрілдеп тұрыпты. Атап айтқанда, ауыр салмақтағы Мұсахан Елгезеров қатарынан одақтың үш дүркін жүлдегері атанады. Ал, Алматының іргесіндегі Қастек ауылының аға шопаны, аса ауыр салмақтағы сайыскер Талапхан Байқамысов 1958 жылдан бастап түтінін үзбестен жеті дүркін одақ жеңімпазы болыпты. Сірә, Талапхан балуанның қайратына шақ келетін жігіт одақтың он бес республикасынан табылмай қойса керек. Такең аттан өзі түскен соң, яғни, кейінгі жылдарда да ауыр салмақтың бәйгесі біздің ағаларымыздың қанжығасына байлана беріпті. Қолымызға іліккен соңғы мәліметтерге сүйенсек, сайыстан 1966 жылы ұйымдастырылған одақтық жарыс Ресейдің Есентуки қаласында өтіпті. Үш салмақ дәрежесі бойынша өткен осы командалық бәсекеде де Боранбай Қасымбеков, Сатымбек Айтбаев, Молжан Шалғынбаев сынды қазақ азаматтары қарсыластарын аттарынан аударып тастап, бас бәйгені алып қайтыпты. Соған қарағанда, сайыстың тым ұзаққа бармауына қайта-қайта қазақ мерейінің үстем шыға беруі басты себеп болған шығар-ақ деп пендешілік ой түйдік.Mesa_Verde_spear_and_knife

Енді тақырыпқа шығарған «Тұқыл найзаға» қайтып оралайық. Тұқыл найза әңгімесі сайыстан алыс емес. Тіпті, сайыстың алғашқы жекпе-жегі осы тұқыл найзамен шайқасудан басталған. Тұқыл найза – басы үшкір емес, жұмыр жасалған найза ғой. Ортаға шыққан қарсыластар бірін-бірі сол тұқыл найзамен түйреп, аттан аударуға күш салады. Мұндай жекпе-жек Алматының іргесіндегі Ұзын-ағаш елді мекенінде соңғы рет 1929 жылы ұйымдастырылған. Сайыс Қазақ пен қырғыз найзагерлері арасында өтіпті. Нәтижелері белгісіз. Белгілі болғаны, бәсеке барысында жарақат алғандар санының тым көбейіп кеткені. Осы бәсекені дамытудың қолға алынбай қалуының бір себебі де сол екен.

Бабамыздың батырлығын айтып ат үстінде шіренгенде таралғыны тарс үзе жаздаймыз. «Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» деп ділмәрсіп кетеміз. Ондай сәтте осы күні найзаласпақ түгілі, найзаның қандай болғанын ұмытқанымыз санамызға кіріп шықпайды.

Шынында да, қазақтың найзагерлік өнерін қайта жандандыру мақсатында осы «Тұқыл найза» сайысын дамыту неге қолға алынбайды. Басқа жұрт малдасын құрып отырып, жалаң шүберекпен сабаласуды да ұлттық ойын деп әлемге дәріптеуден ұялмайды. Ал, оның қасында қазақтың жекпе-жек өнері – найзаласу дегеніңіз бекзада өнер емес пе?…

Төлеген Жәкітайұлы,

журналист

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.