Қазақ тұлпарларының жүйріктігін дәлелдейтін кез келді

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, алты алашқа ұрандаған аламан бәйгеден «Алтын тұлпар» республикалық турнирі өз мәресіне жетті. Сән-салтанаты, дүбір-дүмпуі жер жара, «шіркін, қазақтың ата дәстүрі-ай!» дейтіндей деңгейде өтті. Ал, төменде біз «Алтын тұлпар» республикалық турнирінің бас төрешісі Рамазан Сәттібаевтың Қазақпарат агенттігі журналисті Бейсен Сұлтанға берген сұхбатын ұсынғанды жөн көрдік.20140913090641

 — Рамазан аға бұл жолғы аламан бәйгенің бұрынғы аламандардан бөгенайының бөлекше болуының себебі не? 
— Турнир «Нұр Отан» партиясының ХV жылдығына арналып, «Нұр Отан» партиясы және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қолдауымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығы тікелей басшылығымен осы жарыс өтейін деп отыр. Қазақта жақсы бір сөз бар: «өз топырағына түспеген дән өнбейді» деген. Сол айтқандай, өзіміздің ұлттық ойындарымыз, тіліміз, діліміз спорттарымыз Қазақстанымыздың ішінде өскелеңдігін көрсету керек. Өзінің жақсы сапасын жоғалтпау керек. Сол баяғы сап алтындай тап-таза қалпында қалу керек. Бүгінгі күні Қазақастанға шетелден бірнеше түрлі жылқы түрі келеді. Ол ет, сүт сияқты тамақ кәсіпорындарына келмейді. Олардың бәрі спорттық бәйге түрлеріне алынады. Көкпар аттарын да шетелден алып жатамыз. Соның әсерінен өзіміздің қазақы жылқыларымыз елеусіз қалып келеді.
Неге десеңіз, ол менсінбеушіліктен, иә басқадан туындап жатқан жоқ. Өкініштісі сол — оның, қазақ жылқысының тұқымын асылдандыруымен ешкім айналысып жатқан жоқ. Қазақта атам заманнан жүйрік тұлпарлар болғаны баршаға аян. Кешегі Құлагер, Қамбардың қара қасқа аты, Алпамыстың байшұбары, Қабанбайдың қубасы, Исатайдың Ақтабан аты секілді тұлпарларымыз заманында аты аңызға айналып, алысқа даңқы кеткен. Сол сайгүліктердің жаратылысы бүгінге келгенде қасиетінен айрылып қалды ма?
Міне осындай үлкен сұрақ туындайды. Аламан бәйгелерде кешегінің көзін көрген, көнекөз қариялар: «Әрдайым арабтың, ағылшынның аттары бәйге алып жатады, біздің кешегі аузымен құс тістеген тұлпарларымыздың тұқымы қайда?» деген секілді сауалдар қойып жатады. Сол себепті біз осындай үлкен жобаларды өткізуге күш сала бастадық. Сарыарқа төсінде дүбірлеп өтетін бұл бәйгеде, нағыз мықты, төзімді сайгүліктер ғана топ жарады деп үміттеніп отырмыз. Шынын айту керек, дәстүрлі қазақ бәйгесі дамымай отыр.
Негізінен мұндай жарыстарға барлығына белгілі будандастыру жолымен алынған ағылшын таза қанды жылқы тұқымы қатысады. Біздің жылқылар әзірге олармен бәсекелесе алмайды. Сондықтан дәстүрлі қазақ бәйгесі мен жылқыларымызды насихаттау мақсатында 43 шақырымдық үлкен аламан бәйге ұйымдастыруды жөн санадық. Жарыс тегістелмеген, табиғи жолда болмақ.

— Ұлттық ат спорты түрлерінің тағы бір түрі ерекше жорға жарысы. Жақсы жорғалар жарыс кезінде ешқашан да шоқыраққа, желіске не шабысқа көшпейді, деп жатамыз. Қазіргі кезде үстінен су төгілмес жорғалардың жайы қалай?
— Жорға жарысы спортының да өзіне тән ерекшелігі бар. Жорға өзінің жұмсақ та тайпалма жүрісімен көзге түседі.
Бүгінгі күні шын жорға деген мүлде жоқ. Америкадан тағы басқа елдерден келген жылқылар бар. Кезіндегі жорғаларды айтатын болсақ, жорғасынан үстіндегі су төгілмейтін атты жорға дейді. Оны жүріске, жарысқа, бәйгеге иә сәнге ғана мінген жоқ. Үлкен ас, тойларда сол тайпалған жорғалармен ас тартатын болған. Бұл жорғалардың керемет қасиеті. Бүгінде медицинаның өзінде иппотерапия деп жылқыменен емдеп жатыр. Жылқыға мінгізіп науқас адамдарды, балаларды емдеуде.

Бұл — жылқының жалпы ерекше қасиеті. Бүгінгі күнде жылқыны сиыр сияқты, тәңертең өріске айдап жібереді де кеште қорасына қамап алады. Бұрынғы заманда қай қазақ жылқыны қолға бақты. Құдайдың кең даласында жылқы өсіп өніп жата беретін. Қасқа айғырдың тұқымынан бір құлынның немесе бір жабағысын қасқыр жеуші ме еді? Небір текті айғырлар, мама биелер болған. Міне осы сияқты ойлардың жебеуімен туды бұл ой. Бұл жолғы қырық үш шақырымдық бәйге жай ой толғақ емес, шер толғақтан туып отырған нәрсе. Бұл күнде 2-3 шақырымдық бір шеңбер сызып аламызда соған айналма болған қойдай қылып айналдырамызда қоямыз. Әйтеуір халықтың алдында шоу көрсетсек болды. Ондай жарысқа қатысатын аттарда шетелден келеді, бағаларының алды 80 мыңнан басталып соңы 10-20 мың доллардан аяқталады. Сондағы бір бәйгеде төрттен, бестен аттардың аяғы бытырлап сынып жатады. Ал сен естідің бе, бұрынғы заманда бір жүйріктің аяғы суырдың не тышқанның ініне кіріп кетіп, сынып болмаса ақсап қалған екен дегенді. Ондай әңгіме болмаған еді.

— Осы ат бәйге төңірегіндегі әңгіме болған соң еске түсіп отыр, бүгінгі күннің атбегілері жайында айта кетсеңіз…
— Бұрынғы уақытта атбегі дегендер бөлек болған. Қазір атпен ешқандай қатынасы жоқ бір бай жүйрік атпен атақ сатып алғысы келеді. Біреуге ақша беріп ат таңдатып алады. Оны тағы бір адам баптайды, енді біреуі мініп шабады. Енді жаңағы ат сатып алушы адамның бұл жүйрікпен қатысы қанша? Кешегі атақты Ақан сері Құлагерді біреуге сынатып, біреуге бақтырып, біреуге баптатқан жоқ. Өзі барып нағашысынан сұрап алып, өзі әкеліп дайындап тұлпар қылып еді. Бүгінгі күні бізде бір аттың соңында 25 адам жүреді.
Міне осыларды бәрі атбегі ме, ешкім атбегі емес.
Қазір тайлардан тұлпар жасай алатын небір керемет атбегілер бар. Бірақ, шіркін солардың қолында қаржы-қаражаты, жағдайы жоқ. Атты таниды, біледі, қолдың қысқалығынан жақсы ат сатып ала алмайды. Сонымен «кедейдің күні кіжінумен өтеді» деп өкінумен өтіп бар жатқан азаматтарда бар. Ал, аптасына алты аттың аяғын сындырып, ештеңенің қадірін білмей жүрген қалтасы қалың қазақтарда бар арамызда. Осындайда «қанына тартпағанның қары сынсын», дейді халқымыз.
Өзіміздің ең бірінші қазақы жылқылардың ішінен керемет сайгүліктерді шығарайық деген оймен 43 шақырымдық ұзақ айналым белгіледік. Оның жолын ештеңемен қырып тазаламай, мамық мақта төсемей, кәдімгі қазақтың даласы боз жусанымен боз даласымен, дүркіретіп, құлагер шапқан даламен шауып өтсін деген ниетпен жасалып отырған жайымыз бар. Бұнда біреудің атын шығарайық, 43 шақырым деп ғасырдан жаңадан жаңалық ашайық деген ой жоқ. Жалпы қазақ кеңінен көсілген халық болғаннан кейін, тұлпарларымызда кең даламызда, сарыарқаның төсінде бір көсіліп шауып бағын, бабын сынасын деген ой. Бұл бір жағынан осы тұлпарларды баптап әкеліп отырған атбегілердің де бәйгесі деп есептей беріңіздер. Бәйгеде деген солай, онда ат қана емес, атбегі де сыналады деген сөз.

— Алысқа, иен кең далаға шаптырғаннан кейін жолда, жаман айтпай жақсы жоқ, оқыс оқиғалар болуы мүмкін ғой. Ат жаралануы, шабандоз жығылуы мүмкін дегендей… Осы жағын қалай қарастырдыңдар?

— Бұл жағы толық қамтылған. Жаңағы 43 шақырымда, арасы 5 шақырымнан 8 бекетте өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары, жедел жәрдемнің, төтенше жағдайдың, жол патрульдык полиция қызметкерлерімен түгелдей қамтылып, бақыланады. Телевидениелерде түсірілім үстінде болады. Оның бәрі бей-берекет, жинап алып, құр далада тарыдай шашып «сен қазақсың шап» деп жібере салу емес бұл жерде…
— Бәйге басталатын жер сөреге аттарды айдап апара ма, әлде көлікпен жеткізіле ме?

— Аттың бәрі елдің алдынан кетеді. Сөреден 43 шақырымдық үлкен бір шеңберден айналып, қайтадан елдің алдындағы мәреге келеді. Халықтың алдынан кетіп, халықтың алдына келеді.

— Далада кең айналып шапқанмен ипподромда шабудың арасында парық бар ма?
— Сол алаңда отырған адамдарға қызық болуы мүмкін. Ал шауып жүрген атқа психологиялық жақтан және басқа жақтан үлкен ықпалын тигізеді. Шынын айтқанда біздің қазақы аттардың басы айналып та қалуы да мүмкін. Құба дүзде емін еркін көсіліп шауып, өзінің бар шеберлігін салып шапқан жылқы стадиондағы айқай шуға келгенде, есі шығып қалуда мүмкін. Өйткені, жылқы малы басқа түліктерге ұқсамайды ғой. Сезгір, сезімтал келеді.
— Әңгімеңізге рахмет!

www.inform.kz
Сұхбаттасқан Бейсен Сұлтан

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.