«Алтын тұлпар» бәйгесінің бас жүлдесі қарағандылық шабандоздың қанжығасына байланды

 Бүгін Астана маңындағы Қабанбай батыр ауылы аумағында «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығы аясында ұйымдастырылған аламан бәйгеден «Алтын тұлпар» республикалық турнирі аяқталды.

Бас жүлдені Қарағанды облысының шабандозы Амангелді Думан жеңіп алды. Ал екінші орын шымкенттік Сүлеймен Құловке бұйырса, үшінші орын және бір қарағандылық Еркебұлан Ермағанбетовке берілді. Бұдан бөлек, жүлделердің бір парасы мәре сызығын кескен алғашқы 9 тұлпарға да бұйырды.

Тоқтала кетейік, турнирде Астана мен Алматы қалалары және республикамыздың 14 облысынан елуге тарта бәйге аттары бәсекеге түскен болатын. Жарысқа жылқының барлық тұқымдары қатысып, жасы 12-ден асқан шабандоздар тұлпарларына қонып, бақтары мен баптарын қатар сынаған.

Турнирдің ашылуында «Нұр Отан» партиясының хатшысы Құмар Ақсақалов елімізде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығымен саламатты өмір салтын қалыптастыру мен бұқаралық спортты, оның ішінде, ұлттық спорт түрлерін дамыту бағытында жүйелі жұмыстардың жасалып келе жатқанын айрықша атап өтті.

Тоқтала кететін жайт, партия ұлттық спорт ойындарына қатысты бастамаларға көмектесуге әрдайым дайын екенін де дәлелдеп келеді. Бұл шара да саяси доктринадағы ұлттық құндылықтарды іске асыруға бағытталған «Көкпар» мен «Аударыспақ», «Асық ату», «Қазақстан Барысы» сынды партия қолдауымен өткізілген ұлттық сайыстардың заңды жалғасы.

Ал бәйгені өткізудің басты мақсаты — еліміздегі ұлттық ат спортына қызығушылықты арттырып, жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге баулу, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, дәстүрлі аламан бәйгені көпшілік спортына айналдыру. Шараны «Нұр Отан» партиясының қолдауымен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, бас демеушісі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры ұйымдастырған болатын.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.