Тазы үшін таласып, төбет үшін тартысып…

Ертең Астана қаласы маңында орналасқан «Балқарағай» демалыс кешенінде өтетін қазақ құмай тазыларының республикалық байқауы қарсаңында арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Иесі «Қансонардың» басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімов мырза.

Қазақтың төбет иті мен құмай тазысының мәселелеріне арналған дөңгелек үстел

Әңгіме бірден Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбековтің бұйрығымен 17-қыркүйек күні тазы мен төбет иттің стандарттары бекітілгенінен басталды. Ұлттық құндылық жанашырларының жанйқайы құлақтарына жетіп, тиісті орындар қажетті заңды бекітіпті. Енді қазақ халқы жеті қазынаның біріне балаған асыл тұқымды иттерді дамытуға айрықша көңіл бөлінбек. Тамаша емес пе! Тек, енді қайсысы шын асыл тұқымды ит дегенге келгенде біраз талас туатын секілді.

Дөңгелек үстелде сөз алған «Зоология институтының» ғылыми қызметкері Константин Плаховтың айтуынша, төбет пен тазының алғашқы стандарттары 1925 жылы бекітілген. 1959 жылы стандарттар қайта қабылданған. Алайда, үкімет құмай тазыға жеткілікті мән беріп, оның аңшылық қасиетін бағаламаған. Тазыны қора күзететін, мал бағатын итке айналдырған. Кеңес үкіметі кезінде оларды арнайы бағатын бірде бір питомник болмады. Тек 1990 жылы Аңшылық одақтың («Охотсоюз») бастамасымен алғашқы питомник ашылыпты.

Неге жаңа заң қабылданды? Себебі, кеңес үкіметінің стандарттары ескірген. Көп нәрсе өзгерді, көп қан араласты. Иттердің тұқымы тозды. Әркім өз итін нағыз асыл тұқымды тазы санайды. Себебі, критерий болмады салыстыратын. Сондықтан стандарттарды жасағанда қазақ халқында сақталған критерийлерді пайдаландық. Тазы – жүйрік, қуып жеткен аңын өлтіре алатын азулы, ұсақ аңды тістеп өзі алып ақылды, тағы сондай қасиеттері болуы керек. Бұлардың барлығы құмай тазының стандарттарын алғаш айналымға түсірген А.Слудскийдің еңбегінде де жазылған. Біз соны да негіз еттік.

Плахов осылай тынысы енді ашылып көсіліп келе жатыр еді, жолдан «Қансонар» аңшылық бірлестіктер және аңшылық шаруашылық субъектілері республикалық ассоциациясының бас директоры Александр Бербер қосылды.

«Негізі сенің стандарттарың сенікі ғана. Сен ол жағынан қам жеме. Біз стандарттарды ғылыми негізге, дәлеледерге сүйеніп жасадық» деп төтесінен тартты.

Сөйтіп, стандарттарға қатысты талас-тартыстың әлі толық аяқтала қоймағаны, қызықтың көкесі алда екенін білінді.

Келесі сөз алғандар да Плаховты сын астына алды. Экс-министр, медицина ғылымдарының докторы Ж.Досқалиев өзі де асыл тұқымды ит асырайды, тазы иттің тарихынан хабары бар болып шықты. «Қазақтың асыл тұқымды иттері төбет пен тазының қазіргі статусы және оларды қалпына келтіру жолдары» деген тақырыпта негізгі баяндамашы болған Плаховты сұрақтың астына алды, берген жауаптарына қанағаттанбады.

К.Плахов

Плаховтың айтқанына қанағаттанбағандардың тағы бірі академик Серікбай Дәукей. Ол кісі тазымен аң аулауды ұлттық спорт түрлеріне қосқан депутаттарға алғыс айтты. Әйтпесе, спорттық аңшылық, өндірісітік аңшылық бар да, итпен аң аулау заңсыз саналатын. Кәдімгі браконьерлік еді.

Ал Плаховтың қазақтың төбеті мен тазы иттерінің тұқымы тозды дегенімен мүлдем келіспеді. Тек олардың әркім өзінше атап кеткеніне тоқталды.

— Мысалы, — дейді академик, — мен 17 жасыма дейін Сергей болдым. Тазы мен төбетке де жат есім таңылды. Мен қазір Серікбек болды. Төбет пен тазы да өз есімдерін қайтып алып жатыр. Қазақ халқы иттің жеті қазынаның біріне балаған. Ерекше мән берген. Күні кешеге дейін әкелеріміз иттің селекциясымен айналысып келді. Күні кешеге дейін қазақ ауылдарында тек тазы мен төбет қана болатын. Бұралқы иттер кімдермен еріп келгенін білесіздер. Қасқыр төбеттің қалдырған белгісінен-ақ оның күш-қуатын біліп, артын қысып ауылға жоламайтын. Сол айбарлы төбет пен алғыр тазының тұқымы тозған болса, әлгі бұралқы иттермен қаны араласқаны-да. Бірақ олар енді нағыз тазы немесе төбет атана алмайды. Бірақ, құдайға шүкір, асылды алсытан тани білген қазақ халқы иттің бұл тұқымдарын осы күнге дейін сақтап жеткізіп отыр. Мынау ғалымдарға жетіп жатқан ақпарат шамалы. Әйтпесе, ел ішінде әлі де асыл тұқымды ит асырайтындар аз емес.

Павлодардан келген тазы итттердің жанашыры Әскер Нүкенов те бұл пікірді қолдайды. Ол иттерді оңтүстіктің тазысы, солтүстіктің тазысы деп өңірге бөлуге де қарсы. Иә, әр жердің ауа райы әртүрлі. Оған бейімделу де оңай емес. Ал ауа райына бейімделу басқа түрге ауысу деген сөз емес. Демек, еліміздің барлық өңірінде тазы өсіріледі деген пікірде.

«Тазы. Төбет. Бөрібасар» федерациясының басшысы көкшетаулық Оралбек Қайсанов

Ал төбет иттің жанашыры, оның стандартарын бекітуге атсалысқан «Тазы. Төбет. Бөрібасар» федерациясының басшысы көкшетаулық Оралбек Қайсанов пен ұзақ жылдар асыл тұқымды төбдет ит өсірумен айнеалысып келе жатқан Данияр Дәукейдің де айтары көп болып шықты. Олар төбет ит пен құмай тазының стандарттарын итін пәтерінде ұстайтындар белгілемегені дұрыс болды дейді. Қазақта ит иесіне тартады деген сөз бар. Абырой болғанда бұлардың стандарттары қабылданды. Әйтпесе, біреулер алабай деп, кавказ төбеті деп, тағы басқа деп щатастырып жүрген қазақы төбет пен құмай тазыға талай қауіп төнді. Қауіп болғанда бұлар қазақтың ұлттық құндылықтары, тарихи жәдігерлерінің қатарынан қалып қоя жаздады. Қазірдің өзінде Польшада қазақтың тазы итін ұзақ жыл асырап, 15-ші ұрпағын ұстап отырған ит асыраушылар оны азиаттектес поляк иті ретінде ресми тіркетуді ойлап отыр.

Ал бір кездері бүгінгі дөңгелек үстелге қатысқан Лидия Костюнина интернетте бүкіл қазақтарға ультиматум қойған. Ол да ұзақ уақыт құмай тазы өсірумен айналысады. Стандарттарың жоқ, үш жыл уақыт беремін, оған дейін нәтиже болмаса құмайды орыс тазысы деп ресми тіркетемін деп қорқытқан. Абырой болғанда Оралбек Қайсанов секілді азаматтар араласып, ол ойынан қайтарған.

Қалай болғанда да бәрін қуантып отырған нәрсе тазы мен төбеттің стандарттарының қабылдануы. Енді үкімет асыл тұқымды иттерді қамқорлыққа алу үшін арнайы бағдарлама қабылдайды, соның аясында жас мамандар, білікті кинологтар оқытылып, арнайы дайындалса деген ұсыныстар айтылды.

Ұлттық спорт қауымдастығының төрағасы Бекболат Тілеухан мырза тазы мен төбет ит қазақтың ұлттық құндылықтары екеніне айрықша тоқталып, оларды сақтау уақыт күтпейтін мәселе екенін айтты. Бұл орайда құмай тазының стандарттарын алғаш арнай еңбек етіп жазған А.Слудскийдің орны ерекше. Қазақтың көп әнін нотаға түсіріп сақтап қалған Затеевич секілді, А.Слудский қазақтар өсіретін нағыз құмай тазы туралы толыққанды мәлімет жинаған. Оның атына көше берілсе де артық етпейтінін айтты.

Иә, кімнің иті нағыз асыл тұқымды ит деген мәселе бірден шешіле салмайтын секілді. Әркім өз итін мақтауға тырысады. Дегенмен, үкімет қабылдаған стандарттарға сай келетін иттер ертең анықталады.

Ардабек Солдатбай,

Астана.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*