Қыранды қолға үйрету және баптап аңға салу

DSC_8568Бүркітті қазақ халқы өте ертеден бері қолға үйретіп, саятшылық жасап келген. Мысалы, 1269 жылы Италиядан шығып қазақ даласын көктей өтіп, Қарақорымдағы Құбылай ханның ордасына барған венециялық саятхатшы Марко Поло өзінің «Әлемдегі қилы оқиғалар» атты кітабында, «далалықтардың әр үйінде бір-бірден бүркіт бар, онымен аң аулайды, саятшылық жасап, бой сергітеді» деп жазады. Мұндағы дерек көзіне жүгінсек, далалықтар, яғни біздің ата-бабаларымыз осыдан сегіз ғасыр бұрын қолына қыран қондырып, саятшылық жасағанын аңғарамыз.

Ойшыл ақын Абай атамыз, «Қансонарда бүркітші шығады аңға» дейтін  жазбасында:

…Бүркітші тау басында, қағушы ойда,

Іздің бетін түзетіп андағанда.

Томағасын тартқанда бір қырымнан,

Қыран құс көзі көріп самғағанда.

Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,

Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға…- деп саяшылық өнерді суреттейді. Тек суреттеп қана қоймайды, оны «Бір қызық ісім екен сұм жалғанда» деп ой тербейді.

Қазақ құсбегілері бүркітін кез келген уақытта аңға салмайды, оның мезгілі арнаулы мезгілі болады. Сондай-ақ бапсыз құсты аңға салмайды. Егерде құс түз бүркіт болса оны алдымен қолға үйретеді.

Буркит 

Бүркітті қолға үйрету

Түз бүркітті қолға түсірген соң оны алдымен жуасытады. Бұл іс аса қажырлықты және көп еңбекті талап етеді. Түз құсы өте кекшіл келеді. Қолға түсіп қор болған күйін көпке дейін ұмытпайды. Сондықтан да оған өте мейірімді болу керек. Қолға үйренбеген асау құстың үстіне, жон арқасына, қанаттарының астына салқын су бүркіп, болмаса сығымдап қар немесе кесек мұз жұтқызып, қанын салқындатады. Алда-жалда асау бүркіт көнбей тұмсық жұмсап, я болмаса тырнақ салса, құстың мойынын бұрап ажыратады.

Семіз күйлі кезінде қолға түскен құс көпке дейін берген жемді жемейді. Сондықтан оны сарытап болғанға дейін күту керек. Тым арықтатуға да болмайды. Құстың еті ортайғанда төс, сан сүйектері былқылдап босайды. Егер де ашыққан түз бүркіт май жұтатын болса, қарымы қайтады, ентікпе дертіне ұшырайды. Осыдан сақ болған жөн.

Үнемі сылап-сипап бойын үйрету керек. Сонда құстың ашу-қытығы жазылады. Түз құсын алғаш тұғырға отырғызарда ортанғы саусағынан іле ұстап, қондырған дұрыс. Қолға қондырғанда да осылай жасау керек. Әдетте, бүркітті оң қолға қондырып, сол қолмен томағалайды. Тағы бір ескеретін жағдай бүркіт қолға үйренге дейін саусақтарын үнемі жазып, тарап отыру керек. Әйтпесе, шеңгелі қарысып қалады.

Құстың иісін кетіру: Түз құсының иісі болады. Қолға үйрету үшін осы түз иісін кетіру керек. Ол үшін құсты суға тоғытуға болады немесе көңге аунатады. Кейде құстың денесін сабындап жуатын да әдіс бар.

Құстың ұйқысын алу немесе ырғаққа отырғызу: Түз тағысын тез жуасыту үшін оның ұйқысын алады. Ол үшін ырғаққа отырғызады. Ырғақ деп, екі діңгек ағашқа керіліп байланған арқанды айтады. Арқанның дәл ортасына білек ағаш орнатып, оған томағасын кигізіп асау құсты отырғызады да, арқанда ырғап тербетеді. Көзі байланып ырғақта тербетілген құстың ұйқысы қашады, есі шығады, шаршап құлайды. Тіпті бұрынғы түз тағылық өмірін ұмытады.

Атқа алып жүріп үйрету: Құсты қолға толық үйрету үшін атқа алып жүру керек. Егер де көнбей қырсықтық танытса, құсты балдаққа мінгізіп (құс отыратын оң қолдың тіреу ағашы) атпен шапқылайды. Аттың шабысы шаршатқан құс өзінен-өзі жуасиды.

Шақыруға үйрету: Құсты ашықтырып барып шақыруға үйретеді. Ол үшін аңның сан етін тәтті бүркіп жегізіп үйретеді. Оны бір-екі жұлғызып, дәмін таттырып алып, алыстан көрсетіп шақырады. Дәндеген құс өзі ұшып келетін болады. Тәжірибелі құсбегілер бүркітін көкке самғатып жіберіп, қажет кезінде ат үстінде жүріп-ақ шақырып ала береді.

Шырғаға үйрету: Аң терісінен жасалған шырғаны ұзын жіпке байлап, сүйрейді. Шырғамен бірге жемде болады. Шырғаға алғаш түскен құсқа жемнен ауыз тигізіп дәндетеді. Кейде үлкен аңның терісін ұсақ аң жабулап қоя береді. Сөйтіп, құсты үлкен аңды алуға баулиды.

Буркит 001Буркит 002

Қыранды аңға салу

Құсты әбден қолға үйретіп алған соң аңға салады. Бапсыз бүркіт аңға түспейді. Сондықтан оны баптап, баулиды. Құс әртүрлі болады. Кейбірі тым күйшіл, бапшыл келеді. Оны айыра білу құсбегінің міндеті. Тәжірибелі құсбегілер түлек кезіне қатты мән береді. Жақсы түлеген құстың жүні жетіліп, ақсүйектеніп әлденеді, сыртынан қарағанда құлпырып тұрады, жүні толық жетіледі. Жүні жетілген құс суыққа тоңбайды.

Көбінде құсты жаздың айында түлетеді. Ол үшін бүркітті таза бұлақтың басына байлайды. Шымды саздан жұмсақ тұғыр жасап отырғызып, қара тұяғын жетілдіреді. Одан кейін қатты тас тұғырға отырғызып, тұяғын қатайтып, шымырландырады. Одан кейін қайырады. Қайыру кезінде жемнің май-сөлін арылтып, суық суға салып ақжем етіп береді. Жемнің құнары аз болған сайын дұрыс саналады.

Құсты қайырған кезде арықтатып алудан сақтанған жөн. Арықтаған бүркіт әл жинай алмай қалады. Қайыру қырық күнге созылады. Қайыруы сәйкесіп, бабына келген құстың күйін тәжірибелі құсбегілер ажарына қарап біледі. Бабы келген бүркіттің төс еті жұқарып, саны сыртқа теуіп, ұмсынып, жұтынып отырады. Қайыруы кем бүркіттің саңғырығы көгілдір тартып тұрады. Саңғырығы ағарып тазарған құсты бүркітшілер «талпынды» дейді. Кейбір күйшіл құстарды тыңайту үшін қойдың жауырын және мойын етін жегізеді. Оны «мойынға қондыру» деп атайды.

Қайыруы қанған, бабы келіскен құсты аңға салады. Жоғарыда «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деп Абай атамыз айтқандай, алғашқы жауған қармен бірге құсбегілер де саятшылыққа шығады. Бірақ сонардың түрі көп. Қар жаумай қыс түссе, қара сонар дейді. Таңғы сонар деген де бар. Таңғы сонар із өшпейді, аңды барлауға қолайлы.

Әр бүркіттің өзіне тән аң ұстау әдісі болады. Бірі қаршыға тәрізді сыпырып ұстаса, екіншісі, үкіше іледі немесе сұңқарша шүйеді. Сондай-ақ ақылды құс жердің қолайына қарай бұта-бүргенді, тасты-таулы жерде түйіп, жазық болса іліп, қойнауда кезіксе сыпырып ұстай береді. Бірақ түлкіде осал жау емес ол да барынша қарсыласып бағады. Тіпті қарсы қарап қасқайып, құйғығын қоқайтып, айбат шегеді. Бұны аңшылар «түлкі кергені» дейді. Дәл осы сәтті Абай атамыз былай деп сүреттейді.

…Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға,

Көре тұра қалады қашқан түлкі,

Құтылмасын білген соң, құр қашқанға.

Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,

Ол да талас қылады шыбын жанға.

Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,

Шабар жерін қарамас жығылғанға.

Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі,

О дағы  — осал жау емес қыран паңға.

Сегіз найза қолында, көз аудармай,

Батыр да аял қылмайды ертең таңға.

Көктен қыран сорғалап құйылғанда.

Жарқ-жұрқ етіп, екеуі айқасады,

Жеке батыр шыққандай қан майданға.

Кейбір жүрексіз бүркіттер керген түлкіге түсе алмай тайқап шығады. Жалпы тәжірибелі құсбеглер аңды өз көзімен көріп, нендей аң екенін аңдамайынша құсын жібермейді.

Қазақ халқының осы бір саятшылық өнері денсаулыққа аса пайдалы. Таза ауада саят құру білген адамға  Абай  атамыз айтқандай, «сұм жалғанның бір қызығы» екені даусыз. Қол бала бүркітпен (балапан кезінде ұясынан алған құс) 20 жыл аң аулауға болады. Адам баласы осы бір түз тағысымен тіл табысып, алпыс екі айлалы түлкіні ұстатуы жер бетінде қазақтан басқа ешбір халыққа бұйырмаған өнер. Ендеше, бабалардан мұра болған төл өнерімізді өркендетіп, өскелең ұрпаққа өнеге еткен дұрыс.

Бекен Қайратұлы

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.