Тоғызқұмалақтан тұңғыш екі дүркін әлем чемпионы, 11 мәрте ҚР чемпионы атанған қазақ қызы кім? (ФОТО)

Бабадан балаға аманат болып жеткен қазақтың ұлттық ойыны — тоғызқұмалақ асыл мұраларымыздың бірі. Оның шығу тарихын әр зерттеушілер әрқалай айтады. Бір жазба деректерде 4 мың жылдық тарихы бар десе, басқа бір деректерде оның пайда болған кезі одан да көп уақыт болуы әбден мүмкін деген болжамдар жасалады.

Мейлі, кім не десе де тоғызқұмалақ ойыны қазақтың ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан төл спорты екені даусыз. Осы ұлттық спортымыздан бүгінде екі рет (2010, 2012ж.) әлем чемпионаты өтіп, қазақтың қыз-жігіттері бас жүлдені өзге елдерге ұстатпай, көш бастап келеді. Сол саңлақтарымыздың бірі есімі тоғызқұмалақ тарихына алтын әріптермен жазылған қаракөз қарындасымыз қызылордалық — Әсел Дәлиева. Ол — тоғызқұмалақтан әлемнің екі дүркін, ал Қазақстан біріншілігінің 11 мәрте чемпионы атанған тұңғыш қазақ қызы. Бұл туралы біреу білсе, біреу біле бермейді. Бүгін осындай жетістіктерді бағындыра білген қаракөз қазақ қызынан алған сұхбатты оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

— Әсел, сіз төл ойынымыз тоғызқұмалақтан екі дүркін әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақсыз. Бұл кездейсоқтық па, әлде қажырлы еңбектің жемісі ма?

— Бұл — қажырлы еңбектің жемісі. «Еңбек етсең ерінбей — тояды карның тіленбей» деген қазақтың жақсы сөзі бар ғой. Кішкентайымнан тоғызқұмалақты жаным сүйетін, 6 сағатқа дейін тақта үстінде ойнап отыра беретінмін. Адам сүйікті ісімен айналысса ешқашан да жалықпайды. Жетістікке жетуге ешнәрсе кедергі бола алмайды. Бапкерім де осы жетістіктеріме өз үлесін қосты, алдыма мақсат қойып соған қол жеткізуді үйретті.

— Қазірге дейінгі қол жеткізген жетістіктеріңе қысқаша тоқталып кетсеңіз…

— Өзімнің сүйікті спортым тоғызқұмалақтағы басты ірі жетістігім — екі дүркін әлем чемпионы (2010, 2012ж.) атағына қол жеткізуім. Екінші бағындырған биігім — Қазақстан Республикасының ересектер арасында өтетін ішкі біріншілігінің 11 дүркін (2001, 2002, 2004, 2005, 2006, 2007, 2008, 2009, 2011, 2012, 2013ж.) жеңімпазы атануым. Ал биыл ҚР біріншілігінің күміс жүлдесін қанағат тұттым. Сондай-ақ, Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2009ж.), Чехияның Прага қаласында өткен интеллектуалды ойындар олимпиадасының бір дүркін, Швейцарияның Лятурдепе қаласында өтетін дәстүрлі халықаралық турнирінің екі дүркін жеңімпазы (2011,2012ж.) атандым. Ал жыл сайын Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін дәстүрлі халықаралық турнирдің 10 рет бас жүлдесін жеңіп алдым. Осы жетістіктерімнің арқасында 2 темір тұлпар міндім. Әлем чемпионатына тоғызқұмалақтың 3 түрінен де жолдама алдым. (жолдама тоғызқұмалақтың 3 түрінен 2 адамнан ғана алынады). 2014 жылы Шолпан ата қаласында өткен Бірініші бүкіл дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ҚР құрама командасы жеңімпаз атандық.
— Осы биікке жету үшін қанша уақыт тер төктің?

— Негізі, ес білгелі осы спорт түрімен айналысып келе жатырмын. Нақтылы есептеп көрсем, тура 12 жыл болыпты. Ең алғаш тоғызқұмалақты үйреніп, үйірмеге қатысып жүргенімде Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Еркетай Иманбаев күніне 3 сағат, ал демалыс күндері 6 сағат және одан да көп уақыт жаттықтыратын. Бұл кісінің жақсылығын өмір бойы ұмытпаспын. Осы деңгейге жетуіме тікелей сол кісінің көмегі тиді. Тоғызқұмалақты өзім де қатты ұнаттым. Сондықтан болар, бапкерім қанша сағат үйретіп жаттықтырса да жалықпайтынмын. Жаттығудан да бір минутқа кешігіп көрген емеспін. Менің кішкентай кезімде анам көзі тірісінде: «Әсел жаттығып жүрген үйірме орталығына өзімен бірге төсегі мен көрпе-жастығын апарып салыңдар», — деп деп әзілдейтін. Себебі, мен азанда кеткеннен түн ортасында үйге сүрініп-жығылып жетеді екенмін. Ол кезде баламыз ғой. Тоғызқұмалақ үйірмесіне алғашында үй шаруасынан қашып баратынмын. Кейіннен құмарым артып, қатты қызығып, ақыры сүйікті спортыма айналып кетті.

— Ал қазіргі бапкеріңіз кім?

— Алғашқы бапкерім Еркетай Әлкенұлы Иманбаев. Бапкерім Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы. Ол кісі екі әлем чемпионын, бір Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шеберін, үш халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, жиырмаға жуық спорт шеберін даярлап шығарды. Менің қазірге дейінгі өмірімнің де, жетістігімнің де куәсі осы кісі. Он жасымда әке-шешемнің өмір жолы екіге айырылды. Ағам екеуміз анамыздың қолында қалдық. Дәл сол кезде мен тоғызқұмалақ үйірмесінде жүргенмін. Әкелік тәрбиенің өзін Еркетай ағайдан алдым. Сондықтан болар, Еркетай Әлкенұлы өз туған әкемдей болып кеткен. Осы кісінің тәрбиесінің арқасында өмірдегі алдымнан кездескен қиындықтардың барлығын жеңіп келе жатырмын. Бастысы — қалай адам болуды, қалай өмір сүруді үйретті. Спорттағы да, өмірдегі де ұстазым, ақылшым болды. Сондықтан мен ол кісіге мәңгі қарыздармын. Бұл күнде де бірдеме болса, сол кісіден ақыл-кеңес сұраймын. 2014 жылы отбасылық жағдайыма байланысты Оңтүстік Қазақстан облысына ауыстым. Бапкерім әлем чемпионы Ғалымжан Темірбаев. ОҚО ұлттық спорт мектебінің намысын қорғап жүрмін.
— Тоғызқұмалақ ойыны басқа спорт түрлері сияқты далада жүгіріп, спорт кешенінде жаттығатын дене қимылы емес. Ал, сіз тоғызқұмалақтан жарыстарға дайындық жұмыстарын қай жерде, кіммен бірлесіп өткізесіз?

— Рас, тоғызқұмалақ ойыны арнайы физикалық жаттығуды қажет етпейді. Мектеп қабырғасында оқып жүрген жылдары мен Қызылорда қаласындағы «Тоғызқұмалақ» клубына барып, бізден үлкен спорт шеберлерімен жаттығатынмын. Қазіргі таңда спарринг-қарсыласым бар. Ол тоғызқұмалақтан ерлер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы — Ғалымжан Темірбаев. Екеуміз үнемі бірге жаттығамыз. Жалпы, әр жарыс біткен соң мен таңдаулы, жақсы ойналған ойындардың көшірмесін өзімнің күнделігіме жазып алып, үйге келіп сол ойындарды зерттеймін. Сосын келесі жарысқа сол ойындағы күрделі партиялардың құрылуына қарай дайындық жұмыстарын жасаймын. Негізі, отырып ойнайтын спорт түрлері қажырлықты қатты қажет етеді.
— Мамандардың зерттеуінше, әлемде тоғызқұмалаққа ұқсас, тақта үсті ойындарының 400-ден астам түрі бар екен. Басқа қандай ойын түрлерін білесің?

— Шынымен де дүние жүзінде тоғызұмалаққа ұқсас ойындар өте көп. Мен үшін ол ойындар өте қызық, кейде зерттеулер жүргізгім келеді. Бірақ, мамандығым оған сайкес келмейді. Сол ойындардың ішінде мангала, овари, калах, тағы басқа түрлерін жақсы білемін. Ойнап та жүрмін. Оның ішінде өзіме қатты ұнайтыны — овари. Бұл ойыннан бірнеше турнирлерге қатысып та үлгердім. Швейцарияның Лятурдепе және Францияның Канн қаласында өткен халықаралық турнирлерде 3-орынға ие болдым. Тоғызқұмалақ ойнай білетін адам бұл ойындарды тез әрі оңай меңгеріп кете алады. Себебі, бұл ойындар тоғызқұмалақ сияқты күрделі емес, ойын ережелері жеңілде.
— Ал тоғызқұмалақ ойыны қай жағынан қиын?

— Тоғызқұмалақ тектес ойындардың ішінде ең күрделі ойын — тоғызқұмалақ. Себебі, басқа ойындарда құмалақ немесе тас саны аз болады. Айталық, овари ойынында барлығы 48 тас, ал біздің тоғызқұмалақта 162 құмалақ бар. Қарсыласты жеңу үшін кем дегенде 82 құмалақ жинау қажет және басқа ойындардан тағы бір ерекшелігі — «тұздық» ережесі бар. Бұл ереже басқа ойындарда мүлдем жоқ.
— Менің білуімше, шетелдерде тоғызқұмалақ ойынында да, осы тектес ойындарды да ұл-қыздар бір-біріне қарсылас болып ойнайды. Ал бізде ұлдар жеке, қыздар жеке бақ сынасады. Сіздіңше, қайсысы дұрыс?

— Иә, шетелдіктер солай ойнайды. Менің ойымша, ерлер жеке, әйелдер жеке ойнағаны дұрыс. Олай дейтінім, еркектер қай жағынан алып қарасаң да қыздарға қарағанда қуатты болады. Қажырлығы жағынан да, ойлау жағынан да ойын барысында бізден көш ілгері тұратыны анық. Сондықтан ер, әйелдер өз-өз алдына бір-біріне қарсылас болғаны дұрыс деп есептеймін.
— Қазір еліміздегі тоғызқұмалақ ойынының даму деңгейіне көңіліңіз тола ма?

— Қазіргі таңда тоғызқұмалақ ойынының даму деңгейі жаман емес. Бірақ, бұдан да жақсы болса екен деген тілегім бар. Қазақтың төл ойынын дүниежүзіне кеңінен таратсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
— Төл ойынымызды әлі де дамыта түсу үшін қандай жұмыстар жасау керек деп ойлайсың? Өзіңде қандай ұсыныстар бар?

— Шынын айту керек, тоғызқұмалаққа мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат жеткіліксіз. Төл ойынымыз олимпиадалық спорт түрлерінің көлеңкесінде қалып қойды. Мемлекет көмегінен тыс, ұлтжанды қалталы азаматтар демеушілік жасап, қол ұшын беріп жатса, көптеген алға қойған мақсаттарға жетуге болар еді. Ал тоғызқұмалақты бүкіл әлемге таныту үшін бізге көп еңбектену керек. Мысал ретінде айта кетейін, кореялықтар таэквондоны, жапондықтар сумоны әлемге қалай танытты. Олар өз спортын дамыту үшін мемлекеттен қаражат бөлдіртіп, таэквондо мен сумо мамандарын әлемнің түпкір-түпкіріне жіберу арқылы бүкіл әлемді сол спорт түрлеріне үйретті. Кейіннен сол үйренген спортшыларды өз қаражаттарымен әр деңгейдегі жарыстарға жіберіп отырды. Сөйтіп, бұл спорт түрлері бүткіл әлемге танылды. Алды Олимпиада ойындарына қосылды. Біз де төл спортымызбен қоса білікті мамандарымызды, спортшыларымызды көптеген елдерге шығарып, үйірмелер мен арнайы орталықтар ашып берсек, тоғызқұмалағымыз да айдай әлемге таралар еді. Қазірдің өзінде Еуропа елдерінде біздің ұлттық ойынымызға қызығатындар өте көп. Ондағы елдер интеллектуалды ойындарды өте жоғары бағалайды.
— Қазақтың ұлттық ойынына Еуропа елдерінің өзі қатты қызығушылық танытып отыр екен. Төл ойынымыздың басты қасиетіне қысқаша тоқталып кетсеңіз…

— Тоғызқұмалақ мен үшін ғана емес, осы ойынды ойнайтындар үшін барлық жағынан қызықты. Шынымды айтсам, кішкентайымнан есепке жүйрік едім және есептегенді жақсы көретінмін. Сол себепті де шығар тоғызқұмалақты жақсы ойнап кете алғаным. Ал, жалпы, тоғызқұмалақтың басты жақсы қасиеті — адамға сабырлықты, қайсарлықты, тәуекелшілдікті, шыдамдылықты, әрқашан да дұрыс шешім қабылдауды, сондай-ақ, алға мақсат қоя білуді және сол мақсатқа жетуді үйретеді.
— Қазіргі ең басты қарсыласыңызды айта кетсеңіз…

— Тоғызқұмалақ ойыны дамыған сайын, қарсыластарым да көбейіп келеді. Қазіргі таңда қарсыластарым өте көп. Барлығы жақсы ойнайды. Оның ішінде ерекше атап өтетін басты қарсыластарым — ақтөбелік халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Диана Кенина мен шымкенттік Салтанат Сапарбекова.
— Қазір қандай жұмыс істеп жатырсыз?

— Әйелдің бақыты — отбасында деуші еді ғой. Қазір ана мен әйел жұмысын атқарып жатырмын (күлді). Ұлым бар, 1 жастан асқан. Оған қоса барлық маңызды жарыстардан қалмауға тырысамын.

Сұхбаттасқан Күнсұлтан ОТАРБАЙ

2

3

4

4

1

7

8

 1

Дереккөзі

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.