Қыран құстарды шетелге сату қазақтың рухын сатқанмен тең — құсбегі Әбілхақ Тұрлыбаев

IMG_3549Қазақтың қыран құстарын шетелге сату қазақтың рухын сатқанмен тең. Бұл туралы Алматыда «Бүркітші» федерациясы мен мемлекеттік органдардың арасында қыран құстарды қорғау бойынша байланыс орнату» дөңгелек үстелі барысында елімізге белгілі құсбегі Әбілхақ Тұрлыбаев мәлім етті. Оның айтуынша, құсбегілік өнердің отаны — Орталық Азия аймағы және ол қазақтың төл өнері. «Қазір елімізде өкінішке қарай бүркіт, сұңқар, ителгі секілді қыран құстар тым азайып барады. Олар шетелдерге, әсіресе, араб елдеріне 1000-2000 долларға сатылып кетіп жатыр. Бұл рухты сатқанмен бірдей. Ата-бабамыз оларды өрліктің, ерліктің, көрегендіктің символы ретінде бағалап, құрметтеген. Қыран құстар да өз алдына бір дүние. Оларды бағаламағандар қадірін де білмейді, құсбегі болып та жарытпайды», — деді Әбілхақ ақсақал. Құсбегілікпен айналысқанына 40 жылдан асқан, биыл 74 жасқа аяқ басқан Тарбағатай өңірінің тумасы Әбілхақ ақсақал елімізде құсбегілердің қолында бары-жоғы 122 жыртқыш құстың бар екендігін жеткізді. Ал көрші Моңғолияның өзінде жеке қолда мұндай 400 құс бар екен. Дегенмен, «жыртқыш құстар аз болғанымен, құсбегілік өнерді жақсы меңгергендер одан көп», — дейді ақсақал. Бұл да болса көңілге демеу.Айта кетелік, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының деректері бойынша бүгінде ел ішінде құсбегілердің қолында 122 ғана жыртқыш құс бар. Олардың 99-ы — бүркіт, 18-і — қаршыға, төртеуі — ителгі, біреуі — сұңқар. Осы құстардың 69-ында (56-сы бүркіт, 13-і сұңқар) ешқандай құжат жоқ екен. Сондықтан ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы тарапынан қыран құстарды құжаттандыру бойынша Қазақстанның «Аңшылар мен аңшылық субъектілер қоғамдық бірлестігі қауымдастығына» өтініш жасалыпты. Қазір бұл жұмыс осы қауымдастықтың басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімұлының тікелей атсалысуымен жүзеге асып жатқан көрінеді.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*