Қазақстанда жыртқыш құстарды асырау туралы заң мен мемлекеттік бағдарлама қажет — О.Әбдікәрімов

IMG_3526Қазақстанда жыртқыш құстарды асырап, пайдалану туралы тиісті заң және мемлекеттік бағдарлама қажет. Алматыда «Бүркітші» федерациясы мен мемлекеттік органдардың арасында қыран құстарды қорғау бойынша байланыс орнату» дөңгелек үстелі барысында «Қансонар» аңшылар қоғамдық бірлестіктері мен аңшылық шаруашылық субъектілері республикалық қауымдастығының басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімов осылай деді. О.Әбдікәрімовтың айтуынша, Қазақстанда әлі мұндай заң жоқ. «Басты мақсатымыз — бүркіт, сұңқар, қаршыға, лашын, ителгі, тұрымтай секілді аушы жыртқыш құстарды қалайда сақтап қалу. Сол үшін бұл мәселеге Үкімет тарапынан да, қоғам тарапынан қолдау қажет. Ал қазір жыл сайын қаншама құс қолды болып жатыр. Олар бей-берекет заңсыз ауланады, шетелдерге сатылады. Көбі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Сондықтан оларды сақтау мақсатында бақылауды күшейту қажет. Бұл үшін мемлекеттік бағдарлама қабылдау керек. Онда осы құстарды ұстау, асырау, пайдалану, спорттық жарыстарға қатыстыру ережелері толығымен қамтылуы тиіс», — деді О.Әбдікәрімов. Мамандардың айтуынша, өткен ғасырда елімізде күндіз ұшатын жыртқыш құстардың 39 түрі тіркелген. Олардың 33-і Қазақстанда ұя салатын болған. Бірақ солардың тек 15 түрі ғана Қазақстанның Қызыл кітабына енгізіліпті. Өкінішке қарай, соңғы 20 жылдың ішінде елімізде жыртқыш құстардың нақты есебі бірде-бір рет жүргізілмеген. Сондықтан дәл қазір елімізде мұндай құстардың қанша түрі мекендейтіні белгісіз, тек олардың саны азайып бара жатқаны анық.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*