Жамбы ату жандана бастады

Қазақтың ұлттық спортының ұмыт болған, ешкім айналыспай кеткен бір түрі жамбы ату сайысы болатын. Көптеген шет елдерде спорттың бұл түрі жақсы дамып, тіпті ұлттық құндылық ретінде насихатталып жатқанда, бізде бәрі керісінше болды. Оның себебі де түсінікті. Кеңес үкіметі қазақ жігіттерінің мақтылығы, ептілігі, мергендігі мен алғырлығы сыналатын сайысты жандандыру қазақтардың намысын оятып, жігерін қайрау екенін жақсы білді. Осы үрейден тәуелсіздік алсақ та әрең арылып келе жатқанымызды жасыра алмаймыз. Бірақ, шүкір дейміз. Себебі, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы бас болып биылдан бастап жамбы ату спорты қайта жандана бастады.

56Жақында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында бірінші рет жастар арасында жамбы атудан чемпионат ұйымдастырылды. Әрине, керемет тартыс өтті, көрерменді таңқалдырған сұрмергендер болды деп айта алмаймыз. Бірақ талпыныс бар. Спортшылар қауымдастық моңғол елінен қомақты қаржы төлеп арнайы алдырып берген садақтармен атты. Тек жаттығудың кемдігі қолдың икемсіздігінен көрініп тұрды.

Мамандар, жамбы ату енді ғана қолға алына бастағандықтан спортшыларға басы артық талап қоя алмаймыз дейді. Бұл оңай спорт емес. Атпен қатты шауып келе жатып садақтың жебесін жамбыға қадау кез келгеннің қолынан келмейді. Бірақ, тура ниет, шын пейілмен кіріссе алынбас асу болмайтыны тағы бар. Сондықтан, Жамбы ату федерациясын құрып, ұлттық спорттың бойына қан жүгіртеміз деп жүрген жанашырлардың ісіне тек сәттілік тілейміз.

Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, әлемнің үздік үлгілерінен үйрене келе жасалған жамбы атудың жаңа ережесі де көңілден шығады.

Жамбы ату спортының бұдан әрі бұқаралық сипат алып дамитынына сенім мол. Мәселен, Жаңақорғанда өткен жастар арасындағы чемпионаттан кейін іле-шала Жамбыл облысы, Меркі ауданында Ботбай бабаның рухына арналған аста тағы да жамбы атудан чемпионат ұйымдастырылды. Бірінші орынды Х.Қонасов (БҚО), екінші орынды Е.Бадашов (Жамбыл облысы), үшінші орынды Е.Бойғонов (Жамбыл облысы) еншілеген бұл сайыс та жұрттың жамбы ату секілді ұлттық спортқа қызығушылығын арттыра түскені сөзсіз.

«Ұлттық спорт»

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*