Үш жүз келіні көтеріп жүгірген палуан

Қазақтың қатпар-қатпар тарихына үңілетін болсаңыз адам нанғысыз оқиғалардың куәсі боласыз. Ешкім тарихты қолдан жасамайтынын ескерсек, бүгінгі әңгімемізге де сенбеске амалыңыз жоқ.

Мейлі, қай ел болсын, қазақ мекен еткен даланың тарихы тұнып жатқан шежіре. Сол елді мекендердің бірі — бүгінгі «Арғы бет» аталып кеткен Қытайдағы қандастарымыз мекен етіп жатқан Алтай өңірі.

Осы өңірде орақ тілді шешен де, от ауызды көсем де, жауына бас имеген батыр да, жауырыны жерге тимеген балуан да өткен. Сол балуандардың бірі — есімі елге танылған әйгілі Қайысбай  балуан.  Бала күнімде Қайысбай балуан туралы аздап үлкендерден естігенім болмаса, оның өмірі мен ерліктері туралы толықтай біле бермейтінмін.

Жақында Қайысбай балуанның туған шөбересі Семсер Құсайынұлымен жолығып, балуан атасы туралы естіген-білгенімізді  оқырман қауымға ұсынғанды жөн көрдік. Балуанның шөбересі бүгінде Астанада жеке кәсіпкерлікпен айналысады екен. Атасы туралы мәліметтерді жинап, зерделеп жүрген жас жігіт әңгімені әріден бастады.

— Қайысбай балуанды қазақ елі әлі танып үлгерген жоқ. Сондықтан,  әңгімемізді атағы алты мұхиттың ар жағына тараған, исі мұсылман баласына таныс Мұстафа Өзтүріктен бастағым келеді. Мұстафаның да тегіне тереңдей үңіліп көрген ешкім жоқ шығар? Өзтүрікті білген жұрт Қайысбайды да білуі керек деп ойлаймын. Неге дейсіздер ме? Мұстафа Өзтүрік осы менің Қайысбай атамның туған қызының баласы.

балуанҮркін-қорқын заманында Қытайдағы атажұрты Алтайды тастап,  қазақтардың бір бөлігі Үндістан арқылы Түркияға ауған. Солардың қатарында Мұстафа Өзтүріктің де отбасы бар еді. Өзтүріктің әкесінің шын аты — Қабен деген кісі болған. Қабен де өте мықты балуан болған. Ол түріктермен талай мәрте күресіп, қарсыластарының барлығын тізе бүктірген екен. Түріктер Қабен дегенге тілі келмей, өзіміздің түркі бауырымыз екен деп, «Өзтүрік» атап кетіпті. Міне, тектіден текті туады деген осы шығар?! Мұстафа асылдың сынығы еді-ау! Қайран ағамыз өмірден ерте озды…

Енді әйгілі балуан атамызға қайта оралсақ. Бұл әңгімені маған балуан атамды көзімен көрген ауыл ақсақалдары айтып берді. Атам туралы ақпараттардың барлығын кезінде Қытай үкіметі біздің саясатқа қарсы шыққан ұлтшылдардың бірі деп құртып жіберіпті. Тіпті, Қайысбай балуан туралы айтуға тыйым салынған екен. Соның кесірінен көптеген мәліметтер хатқа, қағазға түспей қалған.

Біз үш жүздің ішінде орта жүз, онын ішінде Керей, Керейдің ішінде Шақабай руынан боламыз. Бүгінде аты аңызға айналып кеткен әйгілі балуан Қайысбай Иісұлы 1866 жылы Алтай аймағының Сарғусын деген жерінде дүниеге келіп, 1960 жылы желтоқсанда Шіңгіл ауданы,  Бәйшін қыстағында 94 жасында бақилық болды. Сол кездегі діни салт-дәстүр бойынша 3 жас қосып, 97 жас деп жамбасын жерге тигізген екен. Қазір сүйегі Шіңгіл ауданының Қарасеңгір деген жерінде жатыр.

Атамның бойының биіктігі —  2.20 сантиметр, салмағы — 160 келіден жоғары екен. Мінезі ауыр, даусы зор, гүрілдей сөйлейді екен.

1883 жылдың жайма шуақ жаз күндерінің бірі. Қайысбай атамыздың жас кезі.  Әкесінен ерте айырылған жас бала отбасын асырау үшін сауда жасап жүріп, сауда істейтін керуен бастығымен танысыпты. Ол адамды бір қарап танитын сом денелі, сымбыс сақалды, көзінен от шашып тұрған алпыстың асқарындағы ақсақал кісі екен. Амандықтан кейін, Қайысбай келгендегі бұйымтайын айтады. Керуенбасы Қайысбайға сын көзбен қарап: «Жарайды, балам, бірлесіп жұмыс істейік. Ертең жолға шығамыз, дайындал!», — депті.

Қайысбай үйіне келіп, екі түйесімен керуенге еріп, өзі бұрын-соңды жүріп көрмеген, бірақ, үлкендерден көп естіген Ұлы жібек жолын бойлай Моңғол жеріне сапар шегіпті. Жол бойы бұрынғы өткен қазақтың батырлары мен балуандары жайлы сыр шертіп,  жол қысқартып келе жатқан керуеншілер әңгіменің қызығымен бір күндік жолды артқа тастап, бір төбешіктің үстіне қонақтап, ат-көліктерін демалтады. Ал,  күштері тасып ерігіп келе жатқан жас жігіттер бір-бірімен жағаласып, күресіп жатады екен. Қайысбай болса ағаларына мысқылдай күліп, төбешікте қарап отырыпты. Мұның бала болса да тау үстінде тау болып отырған алып денесіне қызыққан Керуенбасы таңдана қарап, «адамның асылы сен боларсың, құдай тіл-көзден сақтасын» деген екен.

Керуенбасына сом білек, бура сан, кең жауырын, аю мойынды Қайысбайдың күшін сынап көру туралы ой келеді. Жиырма жігітке түйелердің қом жібін ортаға жинатып, өзі төбешіктің үстіне барып жайғасып алған соң, «Енді күресіңдер, кім кімді жығады, жыққандарыңды мына жіптермен байлап отырыңдар» деп бұйырады. Онсыз да өздерін көрсетуге асыққан азаматтар   күресті бастап кеп жібереді. Ең соңында бірін-бірі матай байлап тастаған соң, сайдың тасындай іріктелген үш жігіт қалыпты. Керуен бастығы: «Енді үшеуің  бірігіп, Қайысбайды байлап салыңдар» деген әмір береді. Үшеуі де Қайысбайдан үлкен жігіттер. Өздерінше Қайысбайды баласынып, менсінбесе керек. Әлгі үш жігіттің біреуі Қайысбайға қолын соза бергені сол екен, жас балуан қолынан шап беріп, көкбардың ылағындай анадай жерге иіре лақтырып жібереді.

балуанАл қалған екі жігіт Қайысбайды қаумалап ұстап алып, екі аяғынан қапсыра құшақтап көтеріп жықпақ болады. Алайда Қайысбай балуанды жықпақ түгілі,  екі жігіт орнынан да  қозғалта алмапты.  Жас баламен жағаласа-жағаласа діңкелері әбден құрыған екеуі төбеде отырған керуен бастығына қарай беттепті. Сонда байлаудан енді босап жатқандары: «Ойбай, мынауың алып күштің иесі екен ғой. Денесі де тастай қатты екен. Қолымен ұстаған жеріңнің жаны шығып, сүйегің үгітіліп бара жатқандай болады екенсің» деп күбірлескен деседі.

Балуандар белдесіп болған соң кешкі астарын ішеді. Ал Керуенбасы  төбеде жалғыз өзі ұзақ отырыпты. Керуеншілер: «Асқа келіңіз, аға» десе де, ұзақ ойға шомған ол үнсіз отыра берген. Ақыры жігіттердің бірі Қайысбайға: «Керуенбасын сен барып ертіп кел, ол кісі бірдемені ырымдап қалды ма екен», — деп сыбырлапты. Сонда жас балуан төбеге шығып, керуен бастығына: «Ата, не уайымдап отырсыз? Айыбым болса кешіріңіз, ішіңіздегіні айтыңыз», — деп қолқа салады. Сонда ақсақал көзіндегі мөлдіреген жасын сығымдап алып: «Еее, қарағым, өткен бір оқиға есіме түсіп, соны ойлап отырмын. Менің әкем де керуенші болып еді. Өзі қарымды балуан деседі көргендер. Бір жолы Моңғол жерінде  белдесіп, Моңғол балуаны жыға алмайтынын білген соң, аяғына темір табанды етік киіп күресіпті әкеммен. Күресіп жүргенде байқатпай сол темір етікпен жіліншігінен теуіп, аяғын сындырып, қастандық істеген екен. Аяғы сынған әкемді інісі ат шанамен сүйреп, Моңғолмен шекараласатын Шіңгіл өткеліне алып жеткен де, әкемнің жарасы асқынып қайтыс болған.  Сол есіме түсіп кетті. Саған Алла-Тағала атаң Қали арыстандай күш берген екен, балам. Алладан сені сол сияқты арамдардың қолынан мерт болмаса екен деп сұрап отырмын. «Батыр аңғал болады» деген емес пе», — депті.

Сонда Қайысбай: «Ата, темір күшті болса, отқа салсаң неге балқиды? Мен темірден де күштімін. Менің күшім алып атан түйені лақша көтеруге де жетеді», деп Керуенбасының көңілін аулапты.

Жол бойы осындай қызықтардың куәсі болып, керуеншілер Моңғол елінің Қобда деген жеріне де жетеді. Олар әкелген құнды  аң терілерін күміс жамбы, шай, қант тағы басқа да қымбат бағалы жібек маталарға айырбастап, керуенге артып жатыпты. Кенет, «қақпа жабылады, тез шығыңдар» деп бұйыра сөйлеген дауысты естіген Қайысбай екі қорап шайды екі қолымен ұстап жүгіре жөнеледі. Еш қиналмастан түйенің үстіне екі қорап шайды артқанын көрген моңғолдар: «Мынауың нағыз қара күштің иесі-ау», — деп таң қалыпты (шамамен бір қорап шайдың салмағы 150 келі). Сауданың басы-қасында жүрген Моңғолдың жылпос тілмәші Моңғолдың төресі Геп амбiге жүгіріп барып: «Қазақ керуенінде тау көтерер алып күш иесі бар екен. Бітімі де бөлек, нағыз балуан. Сіздің ноқталы аюыңызға тең келер жалғыз баһадүр болса, сол қазақ болар. Осы мерекеде сол қазақпен күрестіріп көрсек қайтеді?! Егер сіз келіссеңіз, өткен-кеткен замандағы арыстардың ішіндегі нағыз жан алысып, жан беріскен айқасты осы екеуі көрсетеді», — деп төресінің назарын өзіне аударыпты.

Бұл мезгіл Моңғол халқының ең үлкен ұлттық мейрамы — «Бадам» мерекесіне қызу дайындық жүріп жатқан кез болса керек. Бұл әңгімені естіген Моңғол билеушісі артынан керуеншілерді «Ұлы бадам» мерекесінің қадірменді қонағы болуға шақырып, кісі жібереді. Сол кезде дала заңына бағынатын моңғолдардың ұлттық «Бадам» мерекесінің құрметті қонағы болу әркімнің басына бұйыра бермейтінін Керуенбасы жақсы білсе керек. Көп ойланбастан қосыла кетеді. Осылайша, қазақ жігіттері апта соңында өтетін ұлы мерекені күтіп, Моңғол әміршісінің бұйрығымен алыстан арнайы келген қонақ ретінде сый-құрметке бөленеді. Керуеншілерді жайлауға апарып той қонақтарына қосып, өздеріне арналған сегіз қанат ақ ордаға түсіріпті. Ол жерде қырғыз, өзбек елдерінен және Тибеттен келген қадірменді меймандар да  жайғасыпты.

балуанСол мерекеде Геп амбi төре өзінің билігін көрсету мақсатында ұлы даланың игі жақсыларының бәрін жинаған екен.  Заманында Алтайды билеп тұрған әйгілі Мәми би де өзінің әнші, күйші, батыр-балуандарымен қоса, жүйрік ат, қыран құстарын алып өз сән-салтанатын құрып, тойға келеді екен.

Осылайша, көптен күткен той да басталады. Ақын-күйшілердің өнер көрсетуі аяқталған соң, ат ойындарына да кезек беріліпті. «Бәйге басталады, ат айдаймыз» деген хабар естіле салысымен үш жүзден астам ат аламан байгеге қосылып, ат айдаушылардың алдына түсіп, бәйге болар күншілік жерге кеткен. Ізінше «балуан-балуан» деп моңғолдар жағы аһ ұрып, айқайлап тойдың көркін келтіретін балуандарды ортаға шақырады. Әркім өз балуанын алып, ортада күрестіріп жатады. Бүкіл балуанды шақ келтірмеген Тибет балуаны моңғолдың төрт кісі төрт жағынан атқа байлап, ноқталап әкелген,  аузынан ақ көбік атып, жер тарпып, айбар көрсеткен алып балуанын көргенде, күрестен бас тартып, жолын берген екен. Бұл  — Моңғолдың атақты балуаны Донғара еді. Бұған масаттанған моңғолдар: «Жұрт арасынан жүрегінің түгі бар, анасынан еркек болып туылған, арыстан жүрек азамат бар ма? Жоқ болса бәйгемізді беріңдер», — деп күллі даланың игі жақсыларын күлкі етеді.

Осы сәтте намыстанып кеткен Керуенбасы орынынан атып тұрып: «Еркек тоқты құрбандық» деген балам, жықсаң ерсің, жығылсаң езсің», — деп Қайысбайға ортаға шығуға қолқа салып, өзінің астына мінген жорға атын алдына көлденең тартқан екен.

Мұндайда Қайысбай да қарап қалсын ба, жетелеген түйесін жігіттердің біріне беріп: «Ата, атыңыз көтере алмайды-ау мені, қораш болса да белі мықты қақпанбел ат әкеліңіз», — депті.

Керуенбасы: «Әй балам, міну сенің ісің, апару менің ісім», — деп айқай салғанда, Қайысбай ат арқасына қарғып мініпті. Мінгені сол екен, ат жерге етбетінен түсіпті. Керуеншілер сонда барып, Қайысбайдың не үшін атқа мінбей, түйе мініп жүретінін түсінген екен.  Мұны көрген Алтайлық Мәми би намыстарын жер қылған моңғолдарға ашуланып, өзінің әйгілі қара торысына мінгізіп, «Жаратқан қолдасын, Шақабай, Жәнібек бабаларыңның ерлігін қайтала!», — деп ұрандап, ортаға алып шығады. Осы кезде ноқтасын сыпырып моңғол балуаны да ортаға атып шығыпты. Осыған дейін әлі ешкімнен беті қайтып көрмеген бала жігіт қарсыласымен алыса кетеді. Бұл екі балуанның айқасы көрермендерге бейне бір екі тау бір-бірімен соғылысып жатқандай әсер қалдырыпты.

Моңғол балуанының денесі Қайысбайға қарағанда әлдеқайда сом болса да, күші аз екенін сезінген ноқталы мақұлық Қайысбайдың көзіне құм шашып, көзін көлегейлеп жықпақ болып әрекеттенеді. Қарсыласының бұл әрекетіне ашуланған бала жігіт Донғараның сол аяғын оң аяғымен орай асау жамбасқа алып, «Иә, Алла», — деп артына қарай көтере лақтырып, күш атасын танымайтынын көрсетіпті. Ауыр салмағымен жерге гүрс етіп жығылған монғол балуанының жамбасы сынып кеткен екен сонда.

Моңғолдар намыстан кірерге жер таппай, жеңілген балуанын көк қарағанмен сабаған деп айтады білетіндер. Қайысбай балуанның осы жеңісі үшін моңғолдар тоғыз орам жібек мата, күміс тайтұяқ, астына екі түйе мінгізіп жолға салыпты.

Моңғолдың төресі Геп амбы: «Арғы-бергі өткен балуандардың ең күштісі сен екенсің, енді жер бетінде сенен асар күштi адам тумас», — деп өз бағасын беріп, көзіне ыстық жас алып, жас балуан Қайысбайдың бетінен иіскеген екен.

Осы күресінен кейін, Қайысбайдың атағы бүкіл Моңғол еліне, қазіргі қытайдың Алтай аймағы, Боғда, Еренқабырға жерлеріне жайылып, «мен, мен» деген мықтылар атын естіп, үрке қарайтын болыпты.

балуанБұл балуан атамыздың ең алғашқы ірі жеңісі болып тарихқа қалған. Ал, одан кейінгі ел ішінде және шетелдерде болған күрестері туралы ақпараттар жетерлік. Мен сіздерге тек алғашқы күресін айтып отырмын. Қайысбай атамыздың  көтерген тастар да жетерлік.

Менің сізге ұсынып отырған суреттегі тас қазір Қытайдың Мори ауданның Асрқай ауылына баратын жолдың жиегінде жатыр. Суреттегі тасты құшақтап тұрған әйел адам Қайысбай атамыздың туған қызы Зария. Бұл 1981 жылы 26 маусымда Швецияның Стокгольм қаласынан туған жеріне келген кезі.

Атамызға бұл тасты көтеруге түрткі болған Төлеубай би екен. Балуан атамызбен Төлеубай би екеуі сол маңдағы тойға барып келе жатқан жолында бидің балуан атамызға: «Артыңызға бір белгі қалдырып кетсеңіз болмай ма? Болашақ ұрпақтарың сіздің күшіңізді көріп, ұмытпай сыйлап жүрер еді», — деп қолқа салыпты. Бұл талапты атамыз қабыл алып, төмендегі ағып жатқан су жағасынан ақ сұры тасты көтеріп алып, төбешікке шығарып қойған екен. Сол жылы атамыз 37 жаста болыпты. Бұл 1903 жылы еді.

Жалпы Қайысбай атамыз 80 жасқа келгенше күресіпті. Қартайған шағына дейін бойынан күші кетпеген екен. Бұл әңгіме Қайысбай балуанның өмірінен ойып алынған бір ғана үзік сыр. Әлі де бізге жетпеген еріліктері жетерлік. Бұл сол ерліктерінің бірі ғана. Алдағы уақытта әлі де талай ерліктерімен бөлісе жатарымыз деп, — әңгімесін түйіндеді балуанның шөбересі.

Әңгімені жазып алған Күнсұлтан ОТАРБАЙ

Дереккөзі «Қазақпарат». Түпнұсқадағы тақырып — Моңғолдың «ноқталы аюының» жамбасын сындырған Қайысбай балуанды қазақ жұрты біле ме?

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*