Айтбайдың көк жорғадан айырылуы

Айтбай құсбегі Көктоғайда жүргенде (Қытайда) қайын жұртынан кілең жүйірік пен жорға таңдап алып, атты керемет баптайтындығымен ел көзіне түседі. Қайын жұрты Керейдің ішіндегі Шерушіден тарайтын Төлек руы екен. Сол рудың байы, қайын атасы Тоқтаубайға арғы атасынан бері үйір-үйір жылқы біткен. Ал, Айтбай болса сол қалың жылқыдан жүйірік таңдап мініп, бәйгеге қосар ат баптайды екен. Содан да болар, қайын жұрты оны «күйеу» деп атамапты. Ерекше құрмет көрсетсе керек. Айтбай баптаған аттар не жорға шығады немесе жүйірік болатын көрінеді. Ел ішіндегі той-томалақта осы аттар үнемі бәйге алып, өзінің ғана емес ауылының мерейін өсіріп жүріпті. Ал, Айтбайдың жамағайын інісі Орынхан барымта-сарымтадан қалмайтын тентек жігіт болыпты. Әдетте барымтаның өзі «еруіліге қарулы» келеді ғой, Орынханға ерегіскен өзге ауылдың жігіттері Айтбай баптаған жорға мен жүйірікті жиі ұрлап кетеді екен. Ақыры бір үйір кілең жорға мен жүйіріктен жалғыз Қар көк жорғасы қалыпты. Ал, Алтайда барымташылдығымен танылған Күдері деген кісі осы жорғаны сұратыпты бірде. «Қаракөк жорғасын маған берсін. Елдің назары сонда жүр. Ұрлатып алады ғой»,- деп сәлем жолдапты Күдері. Айтбай жорғасын беруге қимайды, Күдері болса: «Бір айдың ішінде сенің жорғаң ұрланады. Егер бір айда атыңды ұрлатпасаң мен сенің жорғаңның күзетшісі болайын. Өмір бойы» деп тағы сәлем жолдайды. Үлкендердің: «Олар әккі барымташылар, атыңды бере сал. Бір жігітке жылқы табылар» дегеніне Айтбай көнбей атын үйінің оң босағасында ұстапты. Жорғаның өзі киіз үйге үйреніп алғаны сонша, кірген бетте жата қалады екен. Күдерінің де айтқан уақыты бітуге жақын қалады. «Уақытында жорғамды Күдері ұрлай алмаса болды. Одан кейін кім ұрласа да маған бәрібір. Күдері өзі-ақ тауып береді» деп сенеді Айтбай. Ағайынның сөзі де солай шығады. Сол заманда әр ауылдың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтайтын барымташылардың дәурені жүріп тұрған кез. Олардың уәдесі даланың мызғымас заңы еді. Ал, бұл кезде Күдері де Айтбайдан атты қалай ұрлау керектігін ойлап бас қатырып жатса керек. Ол Айтбайдың жылқыны қалай күзетіп жүргенінен де хабардар болады. Дәл Айтбайдың көк жорғасындай екі бірдей ат дайындайды. Айтбай көк жорғасын үйден шығарып ауылдың шетіндегі көк майсаға арқандаған сәтін аңдып тұрады да жорғаны өзі дайындаған көк аттың біріне ауыстырып кетеді. Күдерінің бұл әдісін ешкім білмей қалады. Тек түс ауа атты суармақшы болып қасына барған Айтбай жорғаның қолды болғанын бір-ақ көреді. Айтбай алданғанын бірақ біліпті сонда. Ауыл болып қиналып Айтбайды жұбатып мыңғырған жылқыдан мықты жүйрік тауып беретінін айтыпты.Сонда Айтбай: «Мен баптаған аттарды көп көрді ме? Енді атбегілікті бір жола қоямын»- деп кейіпті. Інісі барымташы Орынхан: «Іздеп тауып әкелейін»- дегенде де жібермепті. «Ер жігіт аман болса жал құйрық табылар деп халық бекер айты дейсің бе?»- деп өзі сабырға келіпті. Қатпарлы Алтай тауларында аң аулап, құс салып, саят құрыпты.

Іле шала ел дүрлігіп, қайын жұрты Алтайдан Қобда бетіне көшкенде Тоқтаубайдың ауылымен ілесіп 1939 жылы Монгол шекарасынан өтіп кетіпті. Айтбайдың бірге туысқан ағайындары: «Баласы үшін қайтып келеді»- деп Айтбайдың үлкен ұлы Төлеубайды алып қалыпты. «Мал ашуы–жан ашуы». Айтбайдың көшке ілесіп, кері қайтар ойы жоқ. Туысының Моңғол шекарасынан өтіп, елден алыстап бара жатқанына шыдамаған Орынхан: «Бір сыйласа осы кісінің сөзіне тоқтайды- ау»- деп танымал ақын Ақыт қажыны ертіп, артынан кетеді. Шіңгілден өтіп қазіргі Бұлғын сұмынында көшті қуып жетіпті. Айтбайдың қайын атасы Тоқтаубай оларға: «Ер жігіттің сағын сындырып жол ортада бір үйді қайтарып алып не қыласыңдар? Айтбайға көк жөтел тиіп ауырып жүр. Қобда бетіндегі мықты емшілерге көрсетіп, жазылған соң өзіміз қоя берелік»- депті. Сөйтіп, екі жақ бір тоқтамға келіп, қос туыс осылай айрылысыпты. Шынында да өкпесіне суық тиген Айтбайға біраз сырқаттанған екен. Қобда бетінің ең таңдаулы дәрігерлері емдеп, құлан-таза жазғаның өзінде іштегі дерті жауырынан тесіп шықан екен. Білетіндер жауырынынан алақандай тыртық көргендерін айтқан.

Айтбай ауруынан жазылған кезде Алтайда Шығыс Түркістанды азат ету үшін жақын руласы Оспан батырдың қарсылық соғысы да басталып кеткен еді. Ел дүрлігіп, шекарадан асу да қиындап, Айтбай Қобда бетінде мәнгіге мекендеп қалуды ұйғарады. Алғаш келіп мекендеген жері қазіргі Ұланқұс сұмынындағы Ақ жардың батысындағы Көктөбе екен. Қытайдан Қобда бетіне Айтбайды бауыры іздеп келген 1947 жылы «Ауылға жақын жерде қос ат жетектеп келген бір кісі жылап отыр» дегенді естіп ауыл тұрғындары «Ол кім екен?» -деп барса Қытайда қалған інісі Орынхан екен. Айтбайды іздеп келгенімен, ауыл сыртында үйге кіруге батпай, көңілі босап, жүрелеп, жылап отыр екен. Айтбайдың үйін елден сұрап келгенде үй сыртындағы кермеде көк түсті емес, басқа өңді аттардың байлаулы тұрғанын көріп егілсе керек. Ағасының кілең көк аттарды баптайтынын білетін Орынхан: «Менің кесірімнен шекара асып кетті. Тіпті өзі жан-тәнімен қалаған көк түсті аттардың да өңін ауыстырыпты»- деп өзін кіналап жүрсе керек. Ағасы мен бауыры құшақтасып көрісіпті. Айтбайдың балдыздары әр кеште Қытайдан келген құдаларының көңілін өнермен аулап, ән-жырдан шашу шашқан. Өз кезегінде ән айтқан Орынхан Алтайда (Қытайда) жағдайдың қиындап кеткенін былай өлеңмен жеткізіпті.

Ағажаным Алтайдан өзің кетіп,
Көкіректен ұмытылып, сөзің кетіп,
Ат ағашың қалды ғой сары жұртта,
Сылаң қағып тұратын Көгің кетіп.
Шер толтырды сағынып көкіректі,
Талай ерді тағдыры соқыр етті.
Аға-ініні айырған аңыратып,
Тағдыр неткен қыйын еді.
Асыл аға, жаным-ай,
Атарма бірге таңым-ай?!
Іс түссе бірге болсын деп,
Алладан қалағаным-ай!
Алтайда темір қақпан қысты деймін,
Баяғы күн көздерден ұшты деймін.
Қатын-бала күн үшін, өлмеу үшін,
Ханзудың қу шақайын құшты деймін.
Ат баптап, аң қарайтын дала да жоқ,
Ат әкеп, «аталайтын» бала да жоқ.
Аға-жеңге көздерің кетті-ау жырақ,
Кейіңгі ұрпақ өседі-ау санада жоқ.
Асыл аға, жаным-ай,
Атарма бірге таңым-ай?!
Іс түссе бірге болсын деп,
Алладан қалағаным-ай!
деп өксіп-өксіп жібергенде тыңдап отырғандардан көзіне жас алмағандар кемде-кем болыпты. Қонақ күтуден Айтбайдың аянары жоқ, бірақ заман қиын. Бір-бірін аңдыған ел, Үкіметтің де шолақ белсенділері сау етіп жетіп келмесіне кім кепіл?! Аға женгесін көріп, мауқын басқан соң қайту керек болады. Кетерінде Орынхан ағасы Айтбайдың бүркітпен әуестеніп жүргеніне қарата: «Бабалар айтқан әнгіме. Сол құс патшасы: «Мені адамзаттың қолына түсіре көрме. Түсе қалған жағдайда тоғыз ұлы, тоқсан айғыры бар жанға тап қыл», дейді екен. Онысы «тоғыз ұлың кезек-кезек мені саятқа алып шықсын»-дегені «тоқсан айғыр»-дегені жылқы екеш жылқы да саяттан қажымай кезек-кезек дала кезіп мені арқалап аң іздесін»-дегені екен. Жан ағатайым, саған серік болып аң қарайтын тұнғышың шекараның арғы бетінде қалды. Иесіз емес әрине, өз туыстарының қолында, бойымда жаным түрғанда балаңа өзім қамқор болам. Ал сен кеткенен кейін Алтайда ұрланған көк жорғаң мен көк жүйрігіңді тауып, солардан қалған сарқыт деп көк жорғаның тұқымынан бір ат, көк жүйрігіңнің тұқымынан бір ат арнайы алып келдім Бұларды саған беріп кетем. Аяулы аға бұларды көріп бізді сағынғанда сағынышыңды басып жүр»- деп қос аттың шылбырын ағасына ұстатыпты. Ал ағасы өз кезегінде: «Бұл жақта атымның өңін ауыстырғаным болмаса, бұл да айтулы жүйрік»- деп егіздей көрінген қос торыны бауырының алдына көлденең тартыпты.Сонда Орынхан: «Ағашым, бұрынғыдай емес, қазір шекарадан өту қиын,әр сай-саланы аңдыған әскер. Еліме аман жету үшін жалғыз атыңыз да жетеді»- деп атының үзеңгісіне аяғын салғанда Айтбайдың жұбайы Қанипа:
Айта бар сырын, қайыным,
Айтбайдың тұрмыс жайының.
Жеткізерсің мұңлы үнімді,
Баяғы балқан өмірдің
Өткенін мұндай айының.

Айтқайсың сәлем тағы да,
Тар құрсақты кеңіткен,
Тас емшегім жібіткен,
Өмірімнің туған бағына,
Жеткізерсің пейлімді,
Тұңғышыма мейірімді.
Айтарсың сәлем тағы да,
Сәлем сала алмаған,
Батасына қанбаған,
Ауылдың барлық шалына.
Айтарсың сәлем тағы да,
Шай құйып бере алмаған,
Шашын түйіп өре алмаған,
Тәлімін таусып көре алмаған,
Апалар, ауылдың алтын бағына.
Айтарсың сәлем, қайыным,
Абысын мен женгеге,
Алғашқым мен кенжеге.
Ерке қызға сәлем де,
Айналған ауыл айы мың.
Айтарсың сәлем, Көзжақсым,
Көкірегімді өртеген,
Туған жердей көркем өң.
Көкірегімнен кетпейді,
Көмкерген көлдей шер-шемен.
Біздердей көрген өзіңді,
Біз жайлы айтқан сөзіңді.
Пана тұтар, құлыным,
Сана тұтар, құлыным,
Ата-анамнан хабар келді деп,
Көздері тұрар мөлдіреп.
Алдыңнан шықса тұнғышым,
Кетеді-ау жаның елжіреп.
Сол кезде сері қайыным,
Айтқайсың мына сәлемді;
Жаудырап екі жанарың,
(Суалып екі анарым).
Ата-анаңды іштей аңсаумен,
Шықан күнге қарайсың.
Сағыныш жасын тамсаумен,
Бұлттарға көшкен қарайсың.
Сені ойламай, құлыным,
Өткізген менің күнім жоқ.
Ашиды жүйке, жұлыным,
Тыныш ұйықтаған түнім жоқ.
Арқалап арман мұңымды,
Аман бар сері, ұлығым! – деп өкіре қош айтысуы тыңдап тұрғандардың бәрінің еріксіз көзінен жас ағызды. Ат үстіндегі Орынхан да қайыра бірдеме айтқысы келіп еді, көзден жас еріксіз сорғалап, солқылдап жылап тебініп қалған екен. Елпек торы ытқый шауып лезде көзден алыстай береді. Қанипа біраз уақыт төсек тартып жатып қалса, Айтбай үй бетін көрмей дала кезіп бір айдай уақыттан соң ғана аң аулап үйге оралған екен.

Дереккөзі — baq.kz

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*