«Дарабоз дәстүр» жыр мүшәйрасы: Дәулет Серікұлы

015884541Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Тәуелсіздік күні қарсаңында 2014 жылғы ұлттық спорттың үздіктерін марапаттауға арналған «Алтын тұғыр» шарасы аясында жас ақындар арасында ұлттық спортты насихаттайтын мүшәйра ұйымдастырған болатын. Өлеңдер қабылдау 10 желтоқсанға дейін жалғасады.

Аламандағы ой.   

Дәстүріне қанып өскен құндақтан,
Қолтық сөгіп аламанды тулатқан.
Бозайғырды ауыздықтап еншілеп,
Қиқу салпып, бозбалалар шулатқан.

Аламанның бақ қоржынын ақтарам,
Көшпендіде болмас әсте ат шабан.
Себебі ол менің бабам алашым,
Тұран далам, Түрік бабам баптаған.

Аламанға түскен тұлпар жебедей,
Дүбіріне дүбір қосар телегей.
Іш дем тартып, хас жүйрігің көсілер.
Тұғырды да мәрені де елемей.

Аламанда хас жүйріктің шабысы,
Байқалмайды-ау нағыз мәре алысы.
Қамшы баспай, арындайды жас бала,
Бәлкім солай шабысты аттың намысы.

Аламанда алау жырға кенелем,
Бозайғырың бір-ақ шықты мәреден.
Тұлпар жеңу, тұлпар келу маңызды,
Өнеге ғой, келе жатқан көнеден.

Суытбастан бозайғырдың терісін,
Аралауда қалың дүйім ел ішін.
Той-думанды атқарады қазағым,
Бір мүдде бар бірлік деген келісім.

Делебені қоздырады дәстүрім,
Алтын ғасыр есігіңді аш бүгін.
Біз аламан бағындырған Шұбар ат,
Тар заманда білдірмейтін аштығын.

Рухы – асыл, бабам сөзге үңілген.
Әлімсақтан дәстүріне жүгінген.
Төрт таңбаны тарихыма қашауға,
Қазанаттар келе жатыр дүбірмен.

Абылайдың арманын орындаған – Елбасы       
(Еркін тақырып)

Елбасы елдігімнің түп қазығы,
Шапағатын төгетін ұлтқа ізгі.
Қазақтың зор бағына бере салды,
Төрелігін айтатын тік қазыны.

Азаттықпен арайлап таң көрінген,
Қазақтың тамырына қан жүгірген.
Тәуелсіздік атымен байланысты,
Нұр ағадай еңселі жанды білем.

Әлем бізді таныды қарыштаған,
Шыңға өрмелеп барады барыс далам.
Бұл күні аюлар мен айдаһардан,
Көк бөрінің беделі алыстаған.

Бұрынғылар бұл күнді аңыз ғып ед,
Талай аңсап, сарылған абыз жүрек.
Елін сүйер- Елбасы, ер аман бол,
Елім үшін айтылған нағыз тілек.

Өткенді ел болмаймыз сұрыптамай,
Өткенбіз содыр жолдан жүріп талай.
Бүгінде жер-жаһанға құшақ аштық,
Тәуелсіз есігімді құлыптамай.

Бабамнан түнекті емес, күнді ұрлаған,
Көзімнен ұшып кетті бұлдыр заман.
Азаттықты халқыма алып берген,
Елбасы өз ісіне білгір маман.

Адам кейде тым биік — ұлық ,кіші
Адал болып шығады тұнық кісі.
Қазақ елі тауыспас ұлы кітап,
Елбасы тарауымның қызықтысы.

Алашым арлан мінез жалындаған,
Ұлы қазақ шарықтап арындаған.
Елбасы тәуелсіздік алып беріп,
Абылайдың арманын орындаған.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
филология факультетінің студенті.
Жалелов Дәулет Серікұлы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.