«Дарабоз дәстүр» жыр мүшәйрасы: Баубек Жаппасұлы

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Тәуелсіздік күні қарсаңында 2014 жылғы ұлттық спорттың үздіктерін марапаттауға арналған «Алтын тұғыр» шарасы аясында жас ақындар арасында ұлттық спортты насихаттайтын мүшәйра ұйымдастырған болатын. Үміткерлерден өлеңдер 10 желтоқсанға дейін қабылдана беретінін ескертеміз.

thumb

 

 

 

 

 

 

Асықтану

(қазақы пәлсапа)

 «Ақылы асса – аға қой,
Жасы кіші демеңіз.
Қолыңа жақса – сақа қой,
Қой асығы демеңіз.»

         (халық даналығы)

 

Асыққа ғашық болмаған бала
Жұртын шын сүйе білмейді.
Қашып-таласып ойнаған бала
Елді өппей өмір сүрмейді!

Асықты әлсіз, жай ұстағандар,
Жанбай-ақ жатып сөнер де…
Асықты нағыз сайысқа балар,
Бағы бір жанар өнерде!

Асықты солғын ойнайтын бала —
жай жүрген жігіт елде бір…
Асықты ұтпай қоймайтын бала —
сөзі мен ісі мерген ұл!

Әндетіп жүріп асық ойнаушы
Болады ертең тойшыл дөп.
Ойланып, басын қасып ойнаушы
Өседі, білем, ойшыл боп!

Асыққа салақ қарайтын бала,
Жүреді үсті шаң болып.
Асықты сүйіп, жалайтын бала,
Шығады мәттақан болып!

Асыққа сырттан күліп тұрушы
Өседі әлсіз, қыңыр боп.
Асықпен дене шынықтырушы —
өскенде одан шымыр жоқ!

Асықшылдарды мазақ қылғанның
қазақпын деуі — құр аты.
Асықпен бірге қазақ болғанның
ұлтымен бірге мұраты!

Ұтысын үйге үйе барған ұл —
олжасын бөлмес батырдай.
Ұтысын бөліп бере салған ұл —
жомарт жан, нағыз Атымтай!

Жеңілген ұлды нұқыған бала
жеңіліп талай үлгерген.
Жеңіліп, жерді шұқыған бала…
шығады тесіп бір жерден!

Сызықтан жиі аттаған ұлдар,
Адалдықтан да жиі аттар.
Бір мысқал қия баспаған ұлдар —
ұлт бетіндегі ұяттар!

Асыққа онша қызықпайтындар
Қызықсыз өмір сүреді…
Асықпен бірге ұйықтайтындар
Отанын ойлап жүреді.

Асықты қолға алмайтын бала,
Оны құр ойын деп білер.
Асықпен дара самғайтын бала.
Ол үшін асық — текті өнер!

Асыққа көңіл бөлмеген бала —
дәстүрді ұқпай кеткен ұл.
Асыққа жаны шөлдеген бала —
елі үшін азап шеккен құл!

Асықты мүлдем ойнамағандар,
Ойлай да білмес тілінде.
Асығы үшін ойбайлағандар,
Болады Адам түбінде!

Асықты ұстап көрмеген бала,
Ұлтының парқын сезбейді.
Сақасын қимай, бермеген бала,
Ертеңін елдің көздейді!

Асықты даттап, сөз қылған бала
болады жемі өзге ұлттың.
Асықты төрге оздырған бала
өзге ұлттың жеген көз құртын!

Асықты жинап көрмеген бала —
баласы жалғыз есіл ер…
Дорбаға асық «сүрлеген» бала,
Қазақтың санын өсірер!

Асықты теуіп үлгерген бала
Күні ертең болар қатігез!
Көтеріп оны, қолға ілген бала —
ел десе жаны қағілез.

Асықты жерге тастаған бала,
Кетеді тастап елін де.
Асықты бір рет баспаған бала,
Өледі туған жерінде!

…Асықтың құны — асқақ тым құны,
Жұртымның ұлық өлшемі.
Асықсыз атпас қазақтың күні,
Ұлттың ол тұтас бөлшегі!

 

 

Адам-Бақан
(монолог-толғау)

Өксіп-өксіп өткенді сағынамын,
Жайғасқалы көп болды-ау жаныма мұң…
Ең қадірлі бұйым боп тұрмысыңда,
Көтеріп ем атаңның шаңырағын…

Жоғалам ба ғайыпқа күні ертең мен?
Жыл емес-ау, күн сайын сөне бергем.
Отау тігіп жатқанда ата-бабаң,
Ең бірінші мен атып түрегелгем!

Шаңырақты құрғам да, құлатпағам,
Қарамайсың назар сап бірақ маған…
Мені көкке көтерген ұлы бабаң,
Кезі де жоқ ұмытып бір аттаған.

Ұқсамайсың сен тіпті бабаңа сәл,
Салтты ұмытқан жансың-ау алаңғасар…
Қалыңдығын бір қазақ көре алмаған,
Жасап алмай ғұрыбын «бақан жасар».

Мұның бәрі сағат жат, саған жалған,
Мені тапқан болған ба атаңда арман?!
Қайын жұрты түндігін түре отырып,
Кәде сұрар күйеуден  — «бақан салған».

Міне, осылай бабаңның бағын аштым,
Керексізбін неліктен? Жаным ашпын…
Мүмкін мені ұмытып кеткеннен бе,
Үйленіп ап, ертесін ажырастың?..

Танысайық, бауырым, атым — Бақан!
Сипатым көп бүгінде танылмаған…
Бар дүниесі бабаңның сатылса да,
Баға жетпей құныма сатылмағам!

Атым білмей, жай ғана сырық дедің,
Қақ шекемнен атылды-ау тұнық терім.
Біле білсең, ит ұрар таяқ емес,
Жауға қарсы атылған шүріппе едім!

Маған таныс тау-тасың, сайын далаң,
Атаң таңдап түп-түзу қайыңды алған:
Жұмыр келген тұлғамды кептіріп ап,
Түзеп-жонып, тезге сап дайындаған.

Таңданған да қызғанған қайыс маған:
Ауыр істен сынбағам, майыспағам.
Мені қолға ала бер, күшің жетсе,
Бісмілләңді айт бірақ, жай ұстаман!

Көтергенмін зіл батпан небір жүкті,
Шаруаға төселген белім мықты.
Шайыр жаққан күшіне мықынымның,
Тең келмеген сәрі да, темір тіпті!

Сөнгелі тұр от-аузым, май жағыңдар,
Мені ұға ма тілі айыр, аяр ұлдар?
Шаруасына бабаңның шауып барған,
Үшкіл келген, жер сүйген аяғым бар.

Аяғым бар, бар және аша басым,
Ұмытылып қалдым-ау тасада шын…
Мені ұмытып тұрсаң да, сені ұмытпан,
Сағындым ғой, құшақты аш, Алашым!

Мені көрді Ғұн атам, Алтын адам,
Маған қымбат қазақтың халқы маған.
Босағада тік тұрып қызмет қылып,
Маңдайымнан күн сүйіп жарқырағам.

Көзім көрді бабаңның ет жегенін,
Орным біліп, төрге еш беттемедім.
Киіз үйдің түндігін ашып-жауып,
Қол жетпейтін жеріңді реттеп едім…

Қасиетімді ұғынып ата-бабаң,
мені ұстамай ұйқыға жата алмаған…
Білдіретін қаза мен аза күнді,
төбеме кеп тағылған қара матам.

«Бақаным» деп, «бағым» деп айхай, бабаң,
Шетке ысырған жері жоқ қақпайлаған,
Торсық шеке ұл туса, сүйіншілеп,
Ием келіп ашама ақ байлаған.

Бақан емес, шын атым… Азалы ақын!
Талай-талай тудырғам қазақ атын:
Толғақты ана маған кеп бір сүйенсе-ақ,
Қол-аяғын бауырына ала алатын!

Сен ұмытқан, білмейтін көп атым бар,
«Адалбақан» танығың, бір атымды, ал:
Киім, қамшы, тұтқалы ыдыс ілер,
Босағаға сән беріп тұратын дәл.

Қайран елім, атымды әзер білген,
«Аша» деген ныпсым бар әбзелді ілген.
Жел соққанда заттарын тіреу үшін
«Белбақанды» ап, бүкшеңдеп әжең жүрген.

Атаң сүйіп, ат берген алуан маған,
Бір есімім — «Желбақан», «Балуанбақан»,
Дауыл тұрса, тіреуге шаңырақты
Тектен-текке білсеңіз, таңдалмағам.

Бабам аты, сұрасаң, «Қарабақан»,
Тым ерекше қарайтын бабаң маған:
Ту қып мені көтеріп, қадыр тұтып,
Ту басыма дүр мата қадап алған!

Бабаң ісі әрқашан шырақ маған,
Отын бітіп тұрса да, бір жақпаған!
Отбасының ырысы осылайша,
Табанымның астына тұрақтаған…

Қу дүние-ай, басыңды мың арбаған,
Қу басымды пір тұтқан ұлы бабаң:
Түн батқанда берекем қашады деп,
Қыз түгілі мені де шығармаған.

Мені неге көп қазақ танымайды?
Бабаң сенген айтайын мәлім жайды:
Айналып өт, дәл мендей ағаш көрсең,
Мені аттаған адам еш байымайды!

Баба ырымын ешқашан теріс демен,
Әрқайсысы — ой жетпес кеңістік ең!
Байқаусызда басына тиіп кетсем,
Айрылам деп қорқатын періштемнен.

Қартайсам да, келмеген бір бетіме,
жол бермеген қадірімді кірлетуге,
күшім кетсе, қоятын таза жерге,
қайран қалам Бабаңның құрметіне!

Мені жасап, өмірге әкелді атаң,
Олай болса, әкешің — әкем маған.
Бақан ала қуасың бақандай боп,
Жат мінезді көрсетіп әпербақан…

Ұнамай жүр дәл осы ісің маған,
Бақыт құсын әз бабам ұшырмаған:
Қанша жерден ашуы келсе-дағы,
Ешбір қазақ менімен кісі ұрмаған!

Өрт шықты ма апыр-ай, тұла бойдан?
Өкпе артсам, өтінем, кінә қойман!
Мені іздесең, сағынып, күтіп тұрам
…кітап, жайлау, көрме һәм мұражайдан…

…Болады ма қайтадан атар күнім,
Ту қылады бұл күні бақанды кім??
Тұғырыңа тірек боп тұрмасам да,
Тілеп тұрмын Алаштың амандығын…

Салтты ұмыттың… сәл ғана өкпеледім…
Мен бәрібір өзіңді дос көремін!
Отыз екі тісімнен шыққан осы
отыз екі шумақты көп демегің…

Қош, бол елім…
Қош, өр елім…

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*