«Дарабоз дәстүр» жыр мүшәйрасы: Марғұлан Ақан

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Тәуелсіздік күні қарсаңында 2014 жылғы ұлттық спорттың үздіктерін марапаттауға арналған «Алтын тұғыр» шарасы аясында жас ақындар арасында ұлттық спортты насихаттайтын мүшәйра ұйымдастырған болатын.

Көбік
(Ұлттық ойын хақында)

Күлдір –күлдір кісінеген күреңі,
Тұяқ асты қара жердің кілемі.
Апай төстер тақым қысып отырған,
Күреңменен түстес болған реңі.

Шайдай ашық аспан жапқан көк көрпе,
Сұлулар жүр қымыз тасып көпке ерке.
Шаң көтеріп шауып кетті кіл күрең,
Қақ ортаға тасталғанда көк бөрте.

Сүмбіл жалы тарам-тарам  көркі еді,
Сәйгүліктің шерін кімдер шертеді?!
«Шыңғысхандай Бөртеге» ынтық сезіммен,
Бір баһадүр құлай құшты серкені.

Хайуанның да тастамайтын өлігін,
Той жасайтын содан тауып көрігін.
«Көкпар» деді!
Жаңғырғанда бар ҚАЗАҚ,
Қамыс құлақ  қозды шашып көбігін.

Қызып келер қамшы тиген сауырын,
Жер анаға басып шапты  бауырын.
Тартыс-шалыс, шықты бірі  айғайлап,
Бір басына көтеріп ап ауылын.

Көбік, көбік!
Көзге тұнған жас сынды,
Дүбірінен күреңдердің тас сынды!
Үзеңгілес ізін қуып келеді,
Қуып жетпей көк лақ қапқан  «қашқынды».

Осы болар көкбаршының ширағы,
Артта бәрі қалды, бітті қирады.
Желіп жетті қараша үйдің тұсына,
Көк лақ белде, жер сүйреген сирағы.

Тастай салды көк серкені қораның,
Төбесіне, заңыменен даланың.
«Той, ағайын!», « Бүгін той» деп ерлікпен,
Сіңіп кетті арасына қараның.

Қараша үйдің жұрт қыздырды көрігін,
Жеңімпазға берді олжаның бөлігін.
Көк орамал тартқан ару сүзіп тұр,
Ожауымен  қара сорпа көбігін…

Шекарадағы шер
Паң дала,
Пәрмен берші пақырыңа,
Тағдырдың салып қойма тақымына.
Жаратқан жарығыңмен жарылқа бір,
Мамық түн жол көрсетші ақыныңа.

Артқаны жұрттың жүгі жауырына,
Ақынмын… Қарғыс айтпас жау ұлына.
Шекара, шектей көрме шерімді сен,
Жеткізші Алатаудың бауырына!
Апаршы ұлы Абайдың ауылына!

Көңілім құлазыма марқай десем,
Тұр алда Арқа-әкем, Алтай-шешем.
Бастаудан зәм-зәміңді күн туар ма,
Қаймықпай қанып ішер жарты ай кесем.

Жотаңа көзім түсіп тебіренді,
Әр алуан шашыратып көгі реңді.
Алдына қарап ұлың арман кешіп,
Артында жұртқа қарап күңіренді.

Кіндігім жұртқа қалды қанын көміп,
Асықтым! Қалмасын деп арым да өліп.
Отанға отты жебе секілденіп,
Атылдым адырнадан жанымды өріп.

Дүние білмеппін-ау тарлығыңды.
Туған жер, табалама тағдырымды,
Күш болса тау-тасыңмен Толағайдай,
Көшіріп әкетер ем барлығыңды.

О,әке қарашы әне паң даланы,
Көрген көз сұлулыққа таң қалады.
Рухымыз өлмесінші… анау шапқан,
Тұлпардан бізге жеткен шаң бағалы.

Қайғыны — қуанышты ұлтпен кешіп,
Оралу маңдайыма біткен несіп.
Жетпеген жетегіңе жұрттың жасы,
Келеді саған ауа бұлтпен көшіп.

Шүкір-ақ! Құдай берді қалауымды,
Тигіздім жерге жылы табанымды.
Көш жетіп керуенге үрген қара күшік,
Қарсы алды тістеп тұрып балағымды…

Тістеші, тістей түсші сезінейін,
Талқысып топырақта көз ілейін.
Атамның жұртта қалған шекпенінен,
Бір иіскеп құшағыңда езілейін.

 

«ulttyqsport.kz»

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*