«Дарабоз дәстүр» жыр мүшәйрасы: Ерлік Сейсенбай

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Тәуелсіздік күні қарсаңында 2014 жылғы ұлттық спорттың үздіктерін марапаттауға арналған «Алтын тұғыр» шарасы аясында жас ақындар арасында ұлттық спортты насихаттайтын мүшәйра ұйымдастырған болатын.

Тұран даланың,құмай ғаламын шаңдаткан,
Ұран бабамның, құранды ерлерін шаң басқан.
Ұлыдан қалған салтымды Аллам сақтай көр,
Перілер менен әзәзілдерден арбасқан.

 Бәйге!

І-бөлім :Сыншы.

Кең маңдайлы, шықшытты, салпы ерін,
Бөкен қабақ, жел танау алсын демін.
Бұлан мойын, шүйделі, ой желкелі,
Майда жалды желгенде қарпы желім.

Құс топшы, қуыс қолтық, қабырғалы,
Кеуде тұр екі жаққа жарылғалы.
Сұқ көздерден сақтасын дегені екен,
Салқы төске көз тұмар тағылғаны.

Бауры жазық, қарынсау, қабырғалы,
Он тоғыз жұп қанаты жазылмалы.
Бұлшық ет бөлек-бөлек, сіңірі жуан,
Төрт тұяқ шашасымен ердің сәні.

Көтендігі шығыңқы аламайлы,
Майда жел қылшықтарын салалайды.
Сергек мінез, көнгіш деп сыншыл қауым,
Алдымен қасиетін даралайды.

ІІ-бөлім:Баптау.

Қысқы аяз қыңыр келер қылығымен,
Бәйге атын жылы ұстайды ұғынып ел.
Жазда да күн көзінен көлеңкелеп,
Баптаудың жүрген дұрыс бір ізімен.

Баптаудың алғы бетін Наурыз ашып,
Төрт шақырым аяңға алдым басып.
Суытып мама ағашқа тік байладым,
Таң асырып алсам деп салқындатып.

Жем-суын үзбей салдым тұлпарыма,
Күш керек,қайрат керек шырқауына.
Сәуірде шаба жортып сезіндірдім,
Бәйге өмірді Құлагер ұрпағына.

Жабу жауып, аяңға үзбей бастым,
Ащы тердің тұз дәмі селдей қашсын.
Мұздай сумен сергітіп алдымдағы,
Таң есігін жанарды ілмей аштым.

ІІІ-бөлім:Бәйге.

Исі аңқыды Дарабоз дәстүрімнің,
Күні күліп көгімде көк туымның.
Ал Құдайым серпін бер Тұлпарларға,
Төрт тұяқтың көрелік тектілігін.

Исі қазақ иіген, ұрандаған,
Бос секілді тұлпарсыз Тұран далам.
Алқалы топ айқайға басып жатыр,
Шап тұлпарым байлауда тұра алмаған.

Сәйгүліктер жер жұтып демігеді,
Төрт тұяғы  тыпыршып тебінеді.
Шабандоздар қамшыны шүйіргенде,
Қанымның қайсарлығы сезіледі.

Басталды, қан ойнады тамырымда,
Берілуге болмайды, бағынуға,
Тұлпарлардың тұяғы жалындады.
Мен өртеніп барамын жалынында.

Жас ойнатып намыстың жанарларын,
Әркім өзі жорып жүр бағамдарын.
Қыр асып тау бөктеріп ұзағанда,
Тағдырына тұлпардың алаңдадым.

Мәреге соңғы күшін сарқып алып,
Тырна ізімен келеді, ар тұтанып.
Жесір үміт шарпиды әркімдерді,
Жеңіс туы тағатын тартып алып.

Бәйге сынды өмірдің қағидасы,
Сорың қайсы белгісіз бағың қайсы.
Салтыңды біл, ғұрпыңды сақта қазақ,
Сонда ғана ізіңнен жаңылмайсың.

 

Еркін тақырып.

Адами құнымды іздедім…

Тегімді іздедім тектінің теберігіндей,
Сұйылып кеткен қанымның себебін білмей.
Қарақшы түннің қылмысын жасырып қалып,
Мүжіліп біттім мүсіннің көнелігіндей.

Рухым қайда ұранға айналған ұлы,
Жасырып жатыр сай-сала саймандарымды.
Жын перінің үйірі ордаланғанай,
Қылышпен қорып, қаныммен жайған бағымды.

Иманым қайда, ұятқа салдырған құрық,
Ұятты болдым-ау қыратқа жалғыз қалдырып.
Жетегіне алып бұралаң ізге бастайды,
Арымның көзін тәніне таңғызған қылық.

Намысым қайда, тексізге таптатпас арын,
Шынғырды шындық мен бірақ жақтаса алмадым.
Жағымпаздар мен жылпостар жылысқан жерде,
Пенделік кешір сенімен бас қоса алмадым.

Адамдығыңды, ойласаң ажалды күнді,
Иманың асыл, намысың ақ арың құнды.
Сақтай гөр Аллам қазақы қайсар елімді,
Адамдығымды, ғазалдығымды, тазалығымды.

Еркіндік керек жүрекке шаттану үшін,
Тазалық керек тік тұрып мақтану үшін.
Махаббат керек жанашыр сезім тудырған,
Азапты күннен, арыңды ап қалу үшін.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*