«Дарабоз дәстүр» жыр мүшәйрасы: Айгүл Бадыр

Көкпар

10859499_579307388864454_242804396_n

Естігенде шерлі атам көкпар жайлы,
Өзді-өзін отқа айдайды.
Шырт түкіріп кенеттен насыбайын,
Тоқым мен ат қамдайды.

Арғымақты тартып қап қарақұстан,
Жан беріп, жан алысқан.
Сол қолын дода ішіне бере салып,
Оң қолын бұлғақтайды шал алыстан!

«Жазған-ай, мына шалдың қай мінезі?!»
Деп кеңкілдер құрдасы ойлы көзді.
Тақымдап тартқан шақта жүйткиді екен,
Шыбындап бас бермейтін тайдың өзі!

Бөлініп ақ айғырдың денесі алуан,
Кетсе де,
көрінетін төбесі алдан.
Құдай да тым шебер-ақ Көкпарменен,
Қазаққа қара шалды бере салған!

 

Ыдырамасын бірлігің!

 

Бабамыз кешіп түрлі азап,
Сыйлаған бізге күнді азат.
Көгінде көк ту желбіреп
Туғанда осы күн ғажап
Жиналмай бір ту астына
Бытырап әлі жүр Қазақ!
Тамыры терең тарихтың
Діңгегін таппай жүр Қазақ!
Тәңірі біреу болса да,
Дінге бөлініп жүр Қазақ!
Отаны біреу болса да,
Жерге бөлініп жүр Қазақ!
Атауы біреу болса да,
Жүзге бөлініп жүр Қазақ!
Тыныш күн, бейбіт заманда
Бөлінбей бірге жүр, Қазақ!

Жақынның жанын жаралап,
Құдайсыз құлды жағалап,
Дініңді аппақ қаралап,
Дінсіздеріңді санап-ақ
Келтіріп жүрме бауырым
Қазаққа мынау жаман ат.

Ұнағың келіп көпке аса,
Бермеші бауырым от баса.
Пендеге жағам деп жүріп
Аллаға ісің жақпаса,
Адыра қалар абыройың
Сағатың бір күн тоқтаса.

Тілдескенді тілдедің
Бірге өскенді күндедің.
Бірнешеге бөлініп
Бөріге жем боп жүрмегін.
Күнәсіз өтіп түндерің
Намазбен өтсе күндерің
Бауырмал болсаң сонан соң
Бауырым дұрыс жүргенің!

Өтеді зулап күн, жылың
Сағым боп кетер бұл күнің
Көңілін жықпай құрбының
Бауырмал болып жүр, Күнім!
Болар елдің баласы
Батыр деп жүрер бір-бірін.
Айналайын Қазағым
Жазбайды бұлай жырды кім?!
Бірлікті бекем ұсташы,
Ұзын сөздің қысқасы:
Жұдырық болсаң жұмылып,
Өрге жүзеді тірлігің.
Қу дүниеге құнығып
Ыдырамасын бірлігің!!!

Айгүл БАДЫР

«Ұлттық спорт»

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*