«Алтын тұғыр» иелеріне табысталады

 

 

ҚР Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығы биыл Көкпардан,  Аударыспақтан  І-ші Ашық Азия чемпионатын, Бүркітшілердің халықаралық фестивалін, «Алтын тұлпар» аламан бәйгесін, асық атудан Республикалық турнир және тоғызқұмалақтан ел біріншіліктерін тәуелсіздігіміздің тұғыры — Астана қаласында өткізді. Осы байрақты бәсекелердің үздіктерін анықтап, жылдың қортындысын шығаруды Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы дәстүрге айналдырып келеді. Өткен жылы бастау алған «Алтын тұғыр» Ұлттық спорт үздіктерін марапаттау рәсімі, биыл да жалғасын таппақ.

2014 жыл ҰСТҚ үшін табысты жыл болды. Ұлттық спорттың барлық түрінен жарыстар ұйымдастырылып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар анықталды. Көкпар, бәйге, аударыспақ, қазақша күрес, тоғызқұмалақ секілді спорт түрлері тар шеңберден шығып, халықаралық деңгейге өсті. Ұлттық спортымыз шетелде де дамып, еліміздің имиджі көтерілуіне ықпал етуде.

Республикамыздың барлық аймақтарында ұлттық спорт мектептері ашылып, барлары қайта жаңғыртылып, клубтар құрылып, мықты командалар жасақталып жатыр.

Биылдан бастап ұмыт болып кеткен Жамбы ату секілді ұлттық ойын қайта қолға алынды. Моңғолия, Түркия секілді шетелдерден арнайы мамандар шақырылып, спотшыларды мергендікке баулуда.

Ұлттық спорт еліміздің имиджін көтеріп, жастардың отансүйгіштік сезімдерін ұштайтын құрал болуы тиіс. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы ұлттық спортты қатты қолдап, оның насихатталуы мен дамуына барынша үлес қосып келеді. Биыл «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына орай Астананың іргесінде өткен «Аламан» бәйге сондай ірі шараның бірі. 43 шақырымға ұйымдастырылған бәйгенің бас жүлдесі – 10 миллион теңге қазақы тұлпар Бақторының қанжығасына байланды.

Ұлттық спорттағы жетістіктеріміз Елбасының ұлттық құндылықтарды қолдап, дәстүрімізге ерекше мән беруінің арқасы. Ал келесі жылы еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын, Жеңістің 70 жылдығын, Конституцияның 20 жылдығын, Ассамблеяның 20 жылдығын атап өтеді. Осы айтулы даталарға орай ҰСТҚ алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Мереке кезінде ұлттық спорттан ірі халықаралық жарыстар ұйымдастырылып, дәстүр дәріптелмек. Өйткені, ұлттық спорт рухты көтеріп, тәуелсіздіктің алтын тұғырын биіктетеді.

Ұлтымыздың баға жетпес қазынасын дамытуға сүбелі үлес қосқан азаматтарды Қазақстан халқы жақсы тануы керек. Іс-шара барысында жыл бойы үздік болған 18 спортшыға «Алтын тұғыр» табысталып, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының «Елімжан» орденімен ұлттық спортты насихаттауға үлкен еңбек сіңірген «Қазақстан» Республикалық телеарадио корпорациясы Акционерлік қоғамының Басқарма төрайымы Н.Мұхамеджанова, «Қансонар» республикалық қауымдастығының Басқарма төрағасы О.Әбдікәрімов, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер, меценат Б.Мұсабеков марапатталады.

Ұлттық спорт насихатпен дамиды. Ал «Алтын тұғыр» ұлттық ойындардың жастар арасында кең таралып, халықтың сүйікті ойынына айналуы үшін көп еңбек сіңіріп жүрген азаматтарды арнайы марапаттайтын жақсы дәстүр. Сондықтан сіздердің ақпараттық қолдауларыңызды күтеміз және ұлттық өнердің қарқын алып, қайта жаңдануына қосқан үлестеріңіз үшін алдын ала алғыс айтамыз.

Спортшыларға жүлделерін Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қ.Сатыбалдыұлы, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Д.Қалетаев, кәсіпкер, ҰЛТҚ вице-президенті К.Рақышев және М.Әбенов, Т.Есентаев, А.Шораев, М.Жолдасбеков, Ж.Ерман, Қ.Сарин тапсырады.

Іс-шара 20-желтоқсан күні, сағат 10:00-де Астана қаласындағы Rixos President Astana Hotel қонақүйіндегі конференциядан басталады (журналистер шақырылады). Сосын сағат 17:00-де «Конгресс-Холл» сарайында мерекелік кеш өтіп, еліміздегі ұлттық спорттың биылғы үздіктері марапатталады.

Сахна жоғары дәрежеде безендіріліп, эстрада жұлдыздарының қолдауымен қызықты да тартымды болып өткізілмекші. Кеште Бекболат Тілеухан, Ерлан Рысқали, Тұрсынбек Қабатов, Нұрлан Албан, Ардақ Балажанова, «Аламан» тобы, «Белес» тобы, Ибрагим Ескендір өнер көрсетіп, Айбек пен Сара айтысады. Сонымен бірге, 35 жасқа дейінгі ақындар арасында жарияланған «Дарабоз дәстүр» жыр мүшәйрасының жеңімпазы өлеңін оқиды.

Құрметпен, ҚР ҰСТҚ баспасөз қызметі

Байланыс телефоны: +7 7172 42-15-10, +7 747 711 27 00, Ардабек Солдатбай

Е-мейл: e-mail: ulttyqsport@mail.ru, ulttyqsport@gmail.com

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.