Ұлттық спорт қайта жанданды

Кокпар 2

Сейсенбі, 11 маусым 2013 2:28

Осы күндері Көкшетау қаласының маңындағы Красный Яр кентінде көкпардан Қазақстан чемпионаты өтуде.
Оған Атырау мен Маңғыстау көкпаршыларынан басқа еліміздің 14 өңірінен келген командалар қатысуда. Әншейінде «нағыз қазақпыз» деп кеу­де соғатын аталмыш өңірдің спорт функционерлері бұл жолы неге өз көкпаршыларын жібермегенін біз түгілі ұйымдастырушылар да білмей әлек. Әйткенмен, қалған сайыскерлер алғашқы күннен-ақ турнирдің көрігін қыздырды.
Бірінші болып көкпар алаңына Қостанай облысы мен Солтүстік Қазақстан облысының командалары шықты. Бір қызығы, 300-ге тарта сайыскердің арасында жалғыз орыс жігіті Вадим Любарский (Солтүстік Қазақстан) бір ойында қатарынан қарсыластардың қазандығына үш рет көкпар салып, өз өңірінде ұлттық спортты тек қана қазақ ұлты емес, өзге де этнос өкілдерінің меңгергенін байқатты.
Сонымен, Вадим салған көкпарға қостанайлық Рыскелді Байтасов ойынның 9, 17, 19-шы минуттарында қарымта жауап қайтарып, есепті теңестіре алды. Әйткенмен, ойынның соңғы секундтарында солтүстікқазақстандық Рамазан Махатов шешуші көкпарды салып, өз командасын жеңіске жетеледі. Есеп – 3:4, СҚО командасы жеңіске жетті.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, Спорт және денешынықтыру істері агенттігі мен Ақмола облысының әкімдігі ұйымдастырған чемпионатқа «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ демеушілік жасап, жеңімпаздарға жүлде қорын тағайындады.
Көкпардан бас жүлдеге 1 200 000 теңге берілсе,  екінші орынға 800 000 теңге, үшінші орынға 500 000 теңге табыс етілді.
Сондай-ақ, көкпармен қатар, «Тұлпар» атшабарында аударыс­пақтан, қыз қуу мен теңге ілуден де ел біріншілігі өтіп жатыр. Бұл ұлттық ойындарда жеңімпаз болғандарға да ақшалай сыйлық қарастырылған.
Сайыс 14 маусымда аяқталады.
Алмас МАНАП,

Суретті түсірген автор

«Егемен Қазақстан»

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.