Этнограф Ахмет Тоқтабай: Жүйрік баптау (1-бөлім)

Көптеген орыс, Еуропа зерттеушілері: «Қазақ жүйрік болатын атты құлынынан таңдап, тайында балаларға мінгізіп, құнанында құнан бәйгеге қосып үйретеді. Мұндай ат баптау жас малды сүйегі қатаймай тұрып езіп тастайды, ат дұрыс өспейді»,-деп жазады. Шын мәнінде тайында, құнанында үйреткен жүрегі шайқалмайды, сүйегі жасымайды, қан жілік қылып бұзбайды, жаншып мінбейді, бабымен мінеді. Құнан шыққанда 5-10 шақырымға бәйгеге қосуды «қолтығын жазу, жер таныту» деп атайды. Ең бастысы, тай, құнанна бастап 10-20 жасар жүйріктерге салмақтары 15-5-25 кг, 7-12 жасар балалар отырады. Бұған қарағанда 80-100 кг еуропалықтардың, мейлі жақын қашықтыққа болсын, атқа шабуы қандай әбестік. Баланың салмағы 5-6 жасар атты қойып, құнанның өзі қаңбақ құрлы көрмейді. Сондықтан салмақ аз түседі.

«Тайында тайдай ғып мін,

Құнанында өлтіріп, тірілтіп мін.

Дөненінде қоя бер,

Бестісінде жаратып бәйгеге қос.

Келмесе басымды кес»,- деп айтқан Күреңбай сыншының сөзі қазақ жылқысының «спартандық тәрбиесін» көрсетеді.

Атты жарату мерзімі. Қазақстанның әр аймағында әрқалай, ауа райына, бапкердің әдіс-тәсіліне байланысты. Ерте замандарда ат жарату мерзімі ұзақ болған. Дерек берушілердің айтуынша атты қыркүйектен бастап қаңтар айы біткенше табындағы жылқыға қоя береді, оның себебі көп жылқының ішінде жүрсе мінезі жайлы, көңілі сергек болады, ақпан, наурыз, көкек айларында атты қолға алып баға бастайды. Бұл уақытта жейтін қорегі сұлы мен жұмыр шөп. Сұлыны түнде ел жатарда бір рет, күндіз түс кезінде бір рет 3-4 қос уыстап береді, мұны бір ішек қылып бағу деп атайды, 3-4 айға созылатын атты қолға ұстау тәртібі жазба деректерде көрсетіледі. «Қазақстар атты  бәйгеге 3-4 ай бұрын дайындайды. Осы уақыт ішінде бие сүтімен сұлы береді».

Мамыр айы туғанда атты киізге орап тастап, күніне бір рет терлетіп 5-10 шақырымға шауып отырған. Күн сайын терлеткенде «көбік терісі» шығып, ащы тері шыққанда тоқтатқан. Терлетіп келген соң, жеткетеп әрлі-берлі жүргізуді ұмытпаған жөн. Ащы тері шыққанын тіл арқылы жалап көрген. Терлетіп келген соң кешке дейін мама ағашқа байлап тастаған дұрыс. Ал терлетудің алдында үш қос уыс сұлы беріп отыру қажет. Кейінрек мымырдың аяғына таман 2 күнде бір желе шауып терлеткен дұрыс. Бұл процесс тұп-тура 15,5 айға созылады. Сонда бапкердің айтуынша, ішек пен майдың бәрі кеуіп, темірдей болып қатады. Бәйгеге қосар күні таң атқанда бетегелі жерге атты шалдырып, алғашында шөпті орып жіберіп, артынан шөптің басын шала бастағанда, тоқтатып, суға апарып суғару қажет. Егер де суды екі рет сіміріп жіберіп, жан-жағына қараса, бабына келгені. Ал судан басын алмай сіміре берсе, онда бабына келмегені.

И. Хантинский қысқа уақыт ішінде күйлері әртүрлі (семіз және арық) жылқыларды бәйгеге жарата отырып бір деңгейге келтіруге болатынын көрсетеді. «… Семіз күйлі жылқыларды бәйгеге бір ай қалғанда, арық күйсіздерді үш апта қалғанда дайындайды…»,-дейді.

Күйлі атты екі апта уақыт күнде ұзындығы 7 сажен (15 м – А.Т.) арқанға қураған шөпке арқандап, таңертеңнен түске дейін және кешқұрым екі рет жайылтып отырады және күніне екі рет ат қанша су ішкісі келсе, сонша суарып тұрады. 2-ші аптада ат су ішіп тұрып, судан басын 1-ші рет көтергенде, суаруды тоқтатады. Күн сайын күн батарда, тері шыққанша желдіртіп алады, кешке арқандайды. 2-ші аптадан бастап бір гарнц сұлы (3,5-4 кг шамасында – А.Т.) сұлы беріледі, сұлысы жоқ қазақтар шелектің 1/4 –дей бие сүтін береді.

Арық жылқыларды 10 сажен арқанға арқандап (22 м – А.Т.) қу шөпке жайылтып, күніне екі рет суарып, бір гарнц (3,5-4 кг сұлы – А.Т.) беріп отырады, кешке желдіртіп, аздап жеңіл терін шығарады. Ат тым арық болса күн ара, кейде екі күнде бір желдіртеді. Желдірту кезінде сұлыны екі гарнцке дейін көбейтеді. Сұлысы жоқтар1/4 шелек бие сүтін береід. 3-ші аптада семіз жылқыны белгілі бір тамақтандыру тәртібімен, арық жылқыны молырақ жем-шөппен жемдеуге байланысты екеуінің күйі теңеледі… Семіз арықтайды, арық тыңаяды…».

30-35 км қашықтыққа шабатын аттарды 15 күннің ішінде жаратып, бәйгеге қосатын атбегілер бар. Мәлімет берушілердің айтуынша, атты алғашқы әкелген күні жай ,ғана кермеге байлап қояды. 2-ші күні құмға 4-5 км желдіртіп алады. Кешкісін сағат 7-ден  таңертеңгі сағат 8-9-ға дейін таң асырып байлап тастайды. Сағат 9-дан бастап, 7 сағаттай жайылдырып алады. 3-ші күні құмға 15 км желдіртіп алып, тағы да таң асырып байлап тастап, сұлы береді. 3-ші күні өтіп, 4-ші күні 15-20 км жерге жарысқа салады. Содан соң аттың терін аузымен жалап, тәтті ме, ащы ма байқайды. Ащы тері болса ауыр киіз текеметпен орап тастап, күніне 8-10 км жерді желіп, шоқырақтатып алып, таң асырып байлап тастап, тек таңертең 2 кг жем беріп отырады, түнде таң асырғанда текеметті алып тастайды. Осылай 12-13 күнге созылады. Содан соң тәтті тері шығады. Бәйгеге екі күн қалғанда ешқандай жем бермейді. Ертең бәйге болады деген күні түнімен ат ұйықтап кетесін деп күзетіп отырады. Түнімен 1 бау қу шөпті аздап беріп отырады. Таңертеңінде қос уыс таза жуылға сұлы береді. Ат дайын. Дерек берушілердің  айтуынша, ат жаратудың бұл әдісі ат жарысы бола қалған күнде, уақытты аз алады.

Әдетте атты бестісінде жаратады. «Бесті атты бетінен сақта», «Мінсең бестіні мін, аянбай тас басады» деген мәтелдер бестіні дұрыстап жаратса, нағыз толысқан кемеліне келген жылқы жасы екенін айғақтайды.

1-ші рет жарату қиын, одан соң жылма-жыл бәйгеге шауып жүрген аттар өрістен келген күннен бастап ыңғайға көше береді. Осы 1-ші жарысқа мұқият болу керек, осында қателік болмаса, қалған жылма-жылға жаратулар оңайға түседі.

Дерек берушілердің көпшілігі жаратылатын аттарды екі түрге бөледі: қара етті аттар және қызылаш аттар. Қара етті аттарды жиі таң асыра бермейді, тым қатты да шаппй желе шоқытып, күн асқан сайын қашықтықты алыстатып суытады. Ащы көбігі шыққан соң тіпті баяу ғана баптайды. Жүріп келген соң түн ортасы ауғанша байлап қояды да, артынан тықырлау бетегелі жерге арқандайды. Таңға жуық қайта байлайды. Күніне бір уақыт екі уыс сұлы береді де көлеңкеде ұстайды. Ал қызылаш аттарды суыту өте ұқыптылықпен бақылауға алынады. Ондай атты бос кезінде жетісіне 2-ақ рет таң асырады. Қызылаш ат бір-екі таң асқан соң көбік болып терлемейді. Бірақ түгі майланып ұзаққа дейін кеппей тұрады. Демек әлі  іш майы толық кепкен жоқ деген сөз. Сондықтан оның жайылу уақыты қара етті атқа қарағанда әлдеқайда аз болады. Оны суғарудың орнына көбінесе қар жалатады, не болмаса саумал ішкізеді.

Ертең бәйге деген күні аттарды таңға жуық бір шай қайнатымдай шылбырынан ұстап жүріп жаяды. Бұл шапқалы тұрған аттың өзегі талмай сөреге жетуі үшін өте қажет. Шапқалы тұрған атқа біраз ғана жем, болмаса аз ғана жайылдырып алуды Қазақстанның қай жерінде болмасын ат жаратып жүрген атбегілердің барлығы да қостайды. Бұл жәйт жазба деректерден кездеседі: «Жылқы сершгек және жылдам болмаса жарысқа 3 күн қалғанда шылбырымен ғана жайылтып, мүлдем ұйықтатпайды».

Бәйгеге шығарарда сабынмен сабындап, суық сумен жуып шығарады. Әбден үйреніп алған бәйге аты құлағынан бастап су құя бастағанда сүйсініп тұрады.

Жоғарыдағы фактілерден ат жаратудың мерзімі 3-4 ай, 2 ай, 1 ай, 15 күн уақытты қамтитынын көреміз. Тәжірибелі атбегілердің көбі нағыз ат жарату үшін 2-2,5 айдан аз уақыт жетпейді деп жатады. Шыңжаң (ҚХР) қазақтары атты көкек айынан бастап 30-70 күн арасында жаратады.

Баян Өлгий (МХР) Шыңжаң (ҚХР) Қытай қазақтарында ат жаратудың өте қысқа мерзімді түрі де кездеседі, атты ұстап алып тілін бұрап байлап өріске қоя берген. Бұл ат аз оттап, суды қалыпты ішеді, тоқ жарайды. Информатордардың көрсетуінше мұны соғыс қаупі төніп, әскерге жүздеген, мыңдаған жылқы керек болғанда, аз уақытта аттарды соғысқа осылай дайындаған. Кейіннен бұрын бәйгеге қосып жүрген жүйріктерді де уақыт алмай, әлектенбес үшін осылай дайындаған.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.