Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар

Қазақ халқының бағзы танымында жылқы түлігін, «ер қанаты – ат» деп әспеттеген. Өйткені, ата-бабамыз тұлпар текті қазанатының арқасында апайтөс даласын жаудан қорғады.

Сондықтан да, қазақ өмірінде жылқының маңызы ерекше. Жүйрікті баптап, жарату өнерін толық игерген жұрттың бірі – қазақ. Бұл өнердің тым ертеден ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан бай дәстүрі бар. Мысалы, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген найман елінің бес байысынан тарайтын атақты жомарт Бұланбай деген бай болған. Осы адам жайлы «Қабанбай батыр» жырында:

Кезінде, бақыт қонған қыдыр дарып, Қойының сексен қора болуы анық. Бітіпті бес мың жылқы, үш мың түйе Бәріне ұлан, бұлан болған ие. Сиыры екі мыңнан асқан екен Қалдырмай ұққанымды айтсам міне…

– деп келетін жыр жолдары бар. Менің айтайын дегенім: тағы да осы бес байыстан шыққан атақты Боранбай би өзінің замандасы жоғарыдағы Бұланбайға хат жазып, Қабанбай батыр жауға мінетін тұлпар сұрап Үмбетайды жібереді. Сондағы хатта қажет тұлпардың сыны жайлы былай делінген екен:

Биіктігі өзіңдей болсын,
Местігі өзімдей болсын.
Шапқанда екпінінен жел есіп,
Жүрісі Қазыбектің сөзіндей болсын.
Құлағы қамыстай болсын,
Еріні талыстай болсын.
Екі көзі ботаның көзіндей болсын,
Шекесінің арасы қарыстай болсын.
Қабағы бүркіттің қабағындай болсын,
Шықшыты бураның сағағындай болсын.
Жалы жібектей болсын,
Қасқа тісі күректей болсын,
Мойны сұңғақ қаздай болсын,
Жігері бабына келген түлектей болсын.
Белдемесі қанатты болсын,
Жаясы жалпақ алапты болсын,
Бір көргендер үш көрерлік,
Осындай сұлу жарақты болсын.
Сауыры құлындай болсын.
Кекілі балаға қойған тұлымдай болсын,
Егесте ердің серігі болсын,
Өңі-түсі бірыңғай болсын.
Тұяғы жұмыр болсын,
Денесі шымыр болсын,
Құтқармайтын қуғанды,
Қайыспас, мінсе тұғыр болсын.
Құйрығы төгіліп тұрсын,
Талданып сөгіліп тұрсын.
Самсыған қалың жорықта,
Мүсіні жұртқа көрініп тұрсын.
Тілерсегі төмен, екі бұты алшақ келіп,
Артынан қарағанда төс сүйегі көрініп тұрсын…
Осы хатта айтылған сынға толымды жүйрік Бұланбайдың 160 үйір (бір үйірде 25-30 жылқы болады) жылқысының ішінен табылыпты. Ол тұлпар аты аңызға айналған Қабанбай батырдың әйгілі «Қубасы» екен.

Жалпы қазақ атбегілері атты баптамас бұрын жүйріктің сынын біліп, танып барып қолға алады. Үйірлі жылқының ішінен жүйрікті танып алу екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келе беретін де іс емес. Атамыз қазақ: «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деп бекер айтпаған.

Олай болса, бәйге атының сыны мен бабы қандай? Біздің Алтай өңіріндегі сыншылардың пайымдауы бойынша: бәйге атының басы етсіз, теке мұрын, жел қағарлы, азу тісі алдына бейім, маңдайы кең, әрі жазық біткен, бота, ла- шын немесе жылан көзді, бөкен қабақты, көзінің жанары өткір келеді. Құлақ арасы кең, сезгіш болады. Құйрық-жалы майда, сұйық, қылыш құйрықты, қой мойынды, алдыңғы омыртқасы шығыңқы, ой желке шоқтығы биік болса, тынысты болады. Жауырыны кең, әрі ұзын, етсіз, тоқпас жілігі қысқалау болса, бұл тынысты жүйріктің белгісі.

Жіліншігі жіңішкелеу, бауыр сіңірлері толық жетілген, сүйек тен алыс орналасқан, бақай тұяғы жұмыр, қалың, бірақ кішілеу, тұрасы мен тұяқ жүрекшесі кішкене болса, тұяғы қызбайтын аламан жарыстың жылқысы болғаны. Алдыңғы- артқы аяқтарының арасының кеңдігі тең, алдыңғы аяғы жіліншіктен төмен тұяқ ұшына дейін сәл сыртына бейім орналасқан болуы керек. Артқы аяғының тұяғы тік, бота тірсек, қол, сан еттері жоғары орналасқан, бауыры жазық, жалпы дене бітімі жеңіл, терісі жұқа келеді. Құйымшақ сүйектен шоқтыққа дейін қарағанда бір түзу сызық бойында болуы, жаялы келуі, бүкір немесе қайқы болмауы қажет. Мықыны тар, белдеме қанаты ұзын болса, ұзақ жүгіріске шыдамды келеді.

Одан кейін бәйге атын сынаудың тағы бір жолы – өлшеу арқылы жүзеге асыруға болады. Жіңішке жіп арқылы аттың үстіңгі ернінің ұшынан төбе сүйек ұшына дейінгі аралықты өлшеп, бұл жіпті теңдей үш еселеп алып, атты түзу ұстап тұрып, әлгі үш еселенген жіпті төбе сүйек ұшынан құйымшаққа қарай созу қажет. Сонда бұл жіп құйымшаққа төрт елі жетпей қалса, бұл қалыпты жүйрік. Егер құйымшаққа бір сүйем немесе одан да артық жетпей қалса, бұл жылқы нағыз жүйрік екенінің белгісі.

Шоқтық ұшынан қол еттің тоқтаған жеріне дейінгі аралық пен қол еттің тоқтаған жерінен тұяқ жер басарына дейінгі аралық бірдей шықса, бұл да жүйріктің бір белгісі болады. Одан соң аттың төрт аяғының тең болуына баса назар аударылады. Атты жазық жерге тұрғызып қарағанда артқы екі аяғы тура бір сызықтың бойында болу керек. Сондай- ақ, алдыңғы екі аяғы да бір сызықтың бойында түзу орналасуы тиіс. Әдетте аттың зәріне қарап та тануға болады. Зәр шығарған жылқының несебі алдыңғы шашасына жетіп тұрса және төгілген зәр түскен жеріне ойық шығарса, бұл өте шыдамды әрі күшті жылқы деп есептейміз.

 

Сейіт Абызұлы
ҚХР Алтай аймағы 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.