Шоқай Шөңкейұлының ат баптау тәжірибесі

Көктемнен күзге дейін ат-айғырды үйірге жібереді. Үйірдегі ат-айғыр өз аяғымен жайылады. Өз аяғымен жайылып жүрген ат-айғырдың қоңының төмендемей, тым семіріп кетпей, орташа күйде болғанын қадағалау керек. Қыс күндері оны таза, нәрлі пішенге байлап, күш түсірмей, аздырмай мініп жүруге болады.

Атты бәйгеге дұрыс дайындап, баптау мерзімі екі жарым айдан кем болмауға тиісті. Баптау наурыз айының алғашқы күнінен басталады.

Бапкер наурыздың бірінші күнінен бастап, күн сайын кешке қарай аяңмен 3-4 шақырым жер жүріп қайтады. Мұндай жүрістен кейін, аттың таң асырып суытады. Таң асып суып тұрған ат жерге жатпас үшін оның шылбырын мама ағашқа қысқа етіп байлайды.

Ертеңгісін таң асып суыған атқа алдымен аздаған пішен береді, содан кейін оны суғарады, суға қанған атқа 2,5 қадақ сұлы береді. Сұлыдан кейін аттың алдына мол қылып сапалы пішен салады. Ат пішеннен қанша жесе де көптік етпейді. Кешке қарай 3-4 шақырым қашықтыққа аяңмен жүргізіп келу керек. Мұндай жүріске шығар алдында атқа тағы да 2,5 қдақ сұлы жегізген дұрыс.

Наурыздың екінші жартысынан сәуірдің басына дейін осы тәртіппен атты екі немесе үш күнде бір суытады. Бұл уақыттар аралығында аттың шем-шөбіне өзгеріс енбейді.

Наурыз айы ішінде жасалатын мұндай суытудың көздейтін өз мақсаты бар. Мұндай суыту барысында ат біріншіден, шөп қарыннан тазарады, екіншіден, жеген жемінен күш алып қайраттана түседі.

Сәуір айының басынан атты күн сайын желіске салып суытады. Жер қашықтығы бұрынғысынша 3-4 шақырым күйінде сақталады, жем-шөп, таң асыру тәртібі бұрынғыдан өзгермейді.

Сәуір айының екінші жартысынан бастап аттың жылдамдығына өзгеріс енеді. Көрсетілген 3-4 шақырым қашықтықтың алғашқы кезеңінде ат бұрынғысынша желіп отырады да, соңғы 1,1,5 қашықтықты шоқырақпен алуға тиісті. Жем-шөпке мынадай өзгеріс енеді: бұрынғыша суып, таң асқан артқа ертеңгісін аздап пішен беріп, содан соң оны суғарады. Суғарғаннан кейін бұрын беріліп келген жем берілмейтін болады. Кешке қарай, суытуға шығар алдында ғана атқа 2 қадақтай сұлы береді.

Жем-шөптің мөлшері мен беру тәртібінің өзгеруіне байланысты атты суытудың  жиілігі де өзгереді. Ат енді 3 немесе 4 күнде бір рет қана суытылады. Суытылмаған күндері атқа аздаған ғана сұлы беріледі де, оның негізгі қоры сапалы пішен болады.

Егер аттың қарны тиісті көлемге дейін тартылса, онда атты тағы да, сәуірдің басындағыша, аяң жүріспен жүргізіп, одан желіске салып, одан кейін шоқытып суыту керек. Суытып, таң асырып, жемдеу тәртібінде өзгеріс болмайды. Қарны  тартылғанша атты осы тәртіппен 2-3 күнде бір суытып отырады.

Бәйгеге бір немесе бір жарым апта қалғанда, атты суытудың ең маңызды кезеңі басталады. 4-5 шақырым қашықтықта ат алдымен аяң жүріспен жүріп, одан желіске көшіп, желістен – шоқыраққа, одан желіске көшеді. Желіске көшерде аттың жабуы жабылады. Қораға 100 қадамдай қалғанда, атты аяңға көшіру керек. Ат сол аяңдаған қалпында жабық ат қораға келіп кіреді.

Жабық ат қораның ішінде атты жабу жабылып тұмшаланған күйінде, ащы терінің түгел шығып, терінің тұз дімі кеткенше жетектеп, немесе мініп аяңдап жүру керек. Мұнан кейін аттың жабуын алып, тері кепкенше сол қоар ішінде жетелеп жүру дұрыс. Тері кепкен соң да атты қораның ішінде кешке дейін ұстау керек. Кешке атты жабық қорадан шығарып, тиісті орында суытып, таң асырады.

Таң асып суыған атқа алдымен аздаған пішен береді, одан кейін сұлы, сұлыдан соң тағы да аздаған пішен береді. Соңында атты қанғанша суғарады.

Су ішіп қанған соң, атты мұздай сумен жуады да, үсті құрғағанша сүртеді. Одан әрі атты денесі толық кепкенше серуендетіп жүреді. Бұдан кейін атқа бір құшақ пішен береді, пішенді жеп болған атты суғарады. Содан соң атқа 1,5 қадақ сұлы беріп, оны тағы да таң асырып суытады. Аттың артқы майы кеткенше, суытудың осы тәртібі сақталады.

Бәйгеге бір-екі күн қалды дегенде, атты жиі аяңдатып, суы қанғанша суғарып, аздап сұлымен жемдейді де, қаңтарып қояды. Түнге қарай атты  ұйықтатпай, жерге аунатпай, мама ағашқа шылбырын қысқа етіп байлау керек. Бәйгеге дейін ат осы тәртіп бойынша бапталады. (Ж. Дәдебаев, «Тұлпардың сыны мен бабы» 12-14 б.б.)

Бұл айтылғандар бұдан бір жарым-екі ғасыр бұрынғы ат баптаудың жай-күйі болса, бүгінгі күні ат баптаушылардың, атбегілердің көзқарасы басқашалау талап ұрғысынан байқалыс танытады.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.