Көкпар ойынына арналған алаңдар жаңа стандартпен салынатын болды

10. 06.2013, 19:00

Астана маңынан Көкпар ойынына арналған жаңа стандарттағы алаңдар салынуы мүмкін. Ұлттық ойынның жанашырлары осы спорт түріне халықтың қызығушылығын арттырудың түрлі тәсілдерін іздестіріп жатыр.Себебі бұл ойынға деген бұрынғыдай қызығушылық жоқ. Көрермен тұрмақ тіпті ойыншылардың қатары сиреп кеткен.

Делебені қоздыратын көкпар ойынына халықтың қызығушылығы басым. Бірақ, жанкүйерлер ойынды тек 100-150 метр қашықтықтан ғана бақылай алады. Сондықтан болса керек, көрермендердің саны азайып барады екен. Оған бірінші себеп — дүрбі болмаса шабандоздардың қолданған айла-тәсілдерін алыстан отырып анық байқау мүмкін емес. Сондықтан, ұлт десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар көкпарды көрерменге барынша жақындатуды ойластырып отыр.

— Салынуы жоспарланып жатқан жаңа көкпар алаңының қазіргі алаңнан ауданы жағынан айырмашылығы жоқ. Басты ерекшелік негізгі көкпар алаңы мен көрермендер отырған аралық бар болғаны 6 метр болады. Бұл көрерменнің ойынды жақсы қабылдауына сеп болмақ.

Ат спортына арналған алаңдар бүгінде Туркияда және Еуропаның бірнеше қаласында бар. Ал, бізде оның құрылысын қаржыландыруға демеушілер дайын отыр. Тек жер мәселесі шешілмей тұр.

БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН, ҚР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

— 3 гектардай Астананың жанынан жақсы жер табылатын болса, «бұған кірісем» деп отырған жігіттер аз емес. Бәрі де ұлттық спорт үшін, қазақтың рухы үшін. Осы қазақтың намысы үшін түсіндірсе кірісіп кетейін деп жатқан жігіттер баршылық. Тек қана жер мәселесі қиын болып тұр. Ал қаладан алыс болса ол мәні кетіп қалады.

Мәні кетіп бара жатқан тағы бір жағдай. Кей өңірлер ұлттық сайыстың осы түріне соңғы уақытта селқос қарай бастаған. Олай дейтініміз Көкшетауда өтіп жатқан 6 күндік чемпионатқа Қарағанды құрамасы ұйымдастырушылардың қайта-қайта қоңырау шалуымен әрең келген. Маңғыстау аракідік келіп жүрсе, Атырау осы уақытқа дейін ат спорты ойындарына бір мәрте де қатыспапты.

ТАСТАНБЕК ЕСЕНТАЕВ, ҚР СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

— Сосын барып жаңағы батыстың бәрін аралаймыз. Олардың істеп жатқан жұмыстарына бізге беріп жатқан есептері бар ғой солар қаншалықты сәйкес келеді. Әлде тек қана қағаз жүзінде беріп жатырма? Онымен олар кімді алдайды?

Бұл істер алда пысықталады. Ал қазір өтіп жатқан 13-ші чемпионаттың жеңімпазы қыркүйек айында өтетін Азия ойындарында ел намысын қорғайды. Дүбірлі дода тұғыш рет Астанада ұйымдастырылмақшы.

Ердәулет Байдуллаев

Тимур Есенаманов

Ақмола облысы

«7 арна»

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*