Өтеп балуан

   , (1)  Оңтүстік өңірде қырғыз-қазаққа ықпалды, танымал болған байлардың бірі ұлы жүздің дулат руынан сиқым, шуылдағынан Егізбай Даубайұлының шаңырағында 1867 жылы Өтеп Егізбайұлы дүние есігін ашты. Өтеп балуан жастайынан жұрт назарына ілігіп, есімі қазақ-қырғызға бірдей жайылады. Өтеп өгіз, түйе тастарды жалпақ қайыспен матастырып, тізерлеп отырып мойнына іліп, терең дем алып, сосын тізесіне көтеріп мойнындағы қайысты уыстап, екі қолымен нығыздап ұстап ақырып тұрып кеткенде бір тау көшкендей болады екен.

Халық аузындағы аңыздарға қарағанда жеті жүз келі дейін көтергенге ұқсайды. Танылмағаны; тағдыры қайғылы, қуғында, іздеушісі жоқ, елден жырақта баз кешкен. Сарыарқада өмір сүрген замандасы Балуан Шолақ 831 келіні көтерген.

Жауырыны жерге тимеген Өтеп палуан, ауыр салмақ көтеріп өнер көрсеткен алып күш иесі, ат құлағында ойнаған, шауып келе жатқан ат үстінде жеті метрлік найзаны отыз метр жердегі нысанаға дәл тигізген, құралайды көзге атқан мерген, тақымындағы көкпарды бір жан ала алмаған  алып күш иесі. Өтеп сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің нарқасқасы болған екен. Оның аты көзі тірісінде-ақ аңызға айналған еді. Бір басындағы осынша өнер түрін ол жігіт шағынан қатар дамытып, ерен қабілетімен жұрт көзіне ерте түсті.

Әуелде қара күшімен, белдесіп күресудегі шеберлігімен танылды. Қасына қилы өнер дарыған талантты жастарды жинап Алатаудың ар жағы қырғыз бен бер жағы қазақ елінде ауыл аралас, қойы қоралас сайран құрды. Егіндік суды қырғыз-қазақ бірге пайдаланған. Әр уақыт қырғыздар суды өздері жаққа бұрып әкете бергендіктен Өтеп балуан бір тоннаға жуық келетін тау тасын жарты шақырымдай жерге домалатып әкеліп қырғыздарға бөлінетін жағына тастап суды бөгеп қояды. Бар қырғыз жабылып тасты ала алмай Өтеп балуанға жалынып; «сусыз қалдық, енді суға тиіспейміз, екі жаққа теңдей бөліп беріңіз» деп жалынады. Сонда Өтеп балуан тасты қозғап екі жаққа да теңдей ағатын етіп бөліп береді.

Өтеп балуан көтерген тас

Өтеп балуан көтерген тас

Бұл кезеңде патша үкіметі де ордалы жыландай шұбалаңдап оңтүстік өңірге де жетіп орныққан. Егізбай бай да Қоқан хандығын жақтап орыс отаршыларына қарсы соғысты жақтады. Өйткені, Қоқан хандығы деп аталғанмен оны билеп тұрған қазақтың қыпшақ руынан шыққан хандар еді. Ресей империясының тарихшылары, «Қоқан хандығы қазақ халқын, езуші, отарлаушы жау» деп санамызға сіңіріп жіберді. Кіші жүзден Жанқожа батыр орыстардың қолдауына ие болып, орыстан қару алып Қоқан хандығына қарсы соғысып жеңді. Өкініші, орыс боданына түскенде алданғанын бірақ біліп, орысқа қарсы қайтадан соғысып, жеңіліп тынды. Егізбай байды патша үкіметі жек көрді. Патша билігіне жағымпазданған жергілікті бай-манаптар үнемі Егізбайды мүмкіншілігі келсе патша үкітеміне жамандап, домалақ арыздар жазып, оның әрбір ісін аңдып зиянкестік жасауға даяр тұрды.

1917 жылы патша үкіметі құлағанымен орнына одан да сорақы жендеттер билікке келді. Егізбай бай мен Өтептің өмірілеріне қауіп төніп, мүлдем күн көрсетпей жіберді. Егізбайдың ұлдары Андас пен Өтеп те ұлттық мүддені, қазақ халқының рухани мәдениетінің озық үлгілерін тұтынды. Андас сабырлы, салмақты мінезі жұмсақ, кез-келгенмен тіл табыса кететін де, Өтеп жаужүрек, әділетсіздікке жаны қас, ешкімнен ықпайтын батыр да балуан болған. Патша үкіметі қой терісін жамылған қасқырға ұқсап 1918 жылы «Кеңес үкіметі» деген жаңа атаумен аталды. Өйткені, екі билікте де сол орыстар отырды. Патша билігі Егізбай мен баласы Өтепті «қарақшы, бандит» десе Кеңес үкіметі «бай, кулак», «халық жауы» деп қуғынға салды. Коммунист шолақ белсенділер жерін, «Қараой» жайлауын, мал-мүлкін тартып алып, өмірлеріне қауіп төндіре бастады. Өлгендерінше орысқа қарсы болып кеткен Егізбай мен оның ұлы Өтеп ақыры Өзбекстанға көшіп, Андас еліне ауып кетті.

Қазақстанда Өтептен қалған жалғыз тұқым Қаштай, оның жалғыз ұлы Қадірәлі. Қадірәліден — Айдарбек, Ботабек, Затыбек, Рысбек, Райымбек, Балғынбек. Қазір Қадірәлінің балалары, немерелері, шөберелері өмір сүріп жатыр. Қаштайдың да коммунистерден «байдың тұқымы» деп көрмеген қорлығы жоқ. Қолынан өнері тамған ұста әрі етікші, балуан Қаштай аудандық партия хатшыларына, шолақ белсенділерге, әйел, бала-шағасына ешкімнің қолы жете бермейтін былғарыдан әміркен етігін тігіп, жан сақтап қалған. Бірде орыс циркі келіп үш үлкен аюды ортаға шығарып; «Аюмен кім күреседі?» дегенде, Қаштай шығып дәу аюды ақыртып  жерге алып ұрған екен. Содан «аюды жеңген Қаштай» аталып кеткен.

Ахметов Мейірбек ақсақал айтады: -Қай жылдары екенін дәл айтып бере алмаймын кішкентай едім, «Өтеп келіпті, Өтеп келіпті» деген хабар бір сәтте ауылға тарап кетті. Ауыл тайлы-тұяғы қалмай Өтептің баласы Қаштайдың үйіне жиналды. Жақын маңдағы естігендер біздің ауылға шұбырып келе бастады. Сығалап жүріп бізде бір көргенімізге мәзбіз. Сексеннің сеңгіріне шықса да бойы тік, мығым денелі, отты көзді адам екен.  Ол кезде үлкендердің саясатын түсінбейміз ғой. Бірақ, суыт жүрді. Өтеп туралы сыбырлап қана айтылатын. Қаштай әкесі туралы жұмған аузын ашпай кетті. Ойланып қарасам, Кеңес одағы қазақ халқын қынадай қырған қасап жылдары екен ғой. 1956 жылы Қаштай ақсақал жалғыз ұлы Қадірәлі екеумізді шақырды да: — Ынтымақ ауылының маңындағы арықтың  қасында, әкемнің жарты шақырымнан арқалап келген жарты тонналық үлкен тасы үш бөлініп жатыр. Соны әкемнің көзіндей қылып үйдің жанына қойсам деп өтініш жасады. Кезінде  Өтеп балуан «Кереге тастақ» деген жерден Ынтымақ ауылына көтеріп әкелген екен. Бір арықтың суына таласып отырған екі ауылға суды таспен бөгеп теңдей бөліп берген. Кеңес одағы орнап халық аштыққа ұшырап, қырғын-сүргіннен ел тозып, аштан қырылған екі ауылдың халқын бір ауылға жинап, тасты киркілеп бөліп арықтан алып тастаған еді. Содан үш бөліктің үлкендеу бір бөлігі екі жүз келідей салмағы бар ауыр тасты Қаштай ақсақалдың көрсетуімен төрт жігіт жабылып трактор тіркемесіне салып  үйінің жанына әкеліп түсірдік (суретте). 1947 жылы ауылға Қажымұқан балуан келіп өнер көрсетті. Кешкісін ас үстінде Өтеп балуан жөнінде қайта-қайта сұрай берді. Қаштайды көріп; «Тектіден тұяқ қалған екен. «Орнында бар оңалар» деген халқым» – деп болашаққа үлкен үмітпен қарағандай болды. Ауыл ақсақалдары бір-біріне жалтақтап, «анау ғой, мынау ғой» деп кібіртіктей берген соң, Қажымұқан: — Ондай балуандар қазақтың, атақ-даңқын әлемге танытуға керек еді,-деп терең күрсінеді. Бәріміз де Өтепті мақтаныш көрдік. Бірақ мақтаныш етіп айтсақ «халық жауы»  болып шыға келер едік. Балуанның Ботабек деген шөбересі бабасын іздеп, зерттеп, құрметтеп жатқанына ризамын.

Тоғайбай Нұрмұратұлы

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*