Астана күні қарсаңында көкпар ұйымдастырылды

Астана тойына тарту. Бүгін елорда маңында бас қаланың 15 жылдығына орай жаппай көкпар ұйымдастырылды. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 50-ге жуық шабандоз қатысып, 1,5 млн. теңгені құрайтын жүлде қорын өзара бөлісті.

Ұйымдастырушылар жыл сайын Астана күні қарсаңында тартысты жарыс өткізуді дәстүрге айналдырмақ.

Аттың жалынында ойнап өскен қазақ үшін, орны ерекше көкпар ойынына білек пен жүрек күшіне сенген атанжілік азаматтар түгел жиналды. Бұлшық еттері бүлкілдеп, ойнақшыған тұлпарлар алаңды шаңға бөктірді. Жаппай көкпар болғандықтан, әр ойыншы ортаға тасталған серкені өзі иелік етуге тырысты. Жүлделі болуға асығып, біріне-бірі соғылған шабандоздар тартысты ойынның көркін келтірді.

Бекболат ТІЛЕУХАН, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары:

— Астана күні қарсаңында Арқаның төсінде Қазақстанның чемпионатынан темір тақым, құрыш қол батыр жігіттердің қайтып келе жатқан жолында көкпар берсек деген оймен, солтүстік өңірде дәстүрімізді қайта жаңғыртайық, осы ойынды қолға алайық деген оймен жұмыла көкпар беруді жөн көрдік.

Бірінші салымның жүлдесі 50 мың теңгеден басталды. Одан 100 мыңға көтеріліп, бас жүлдеге 1000 АҚШ доллары тігілді. Ал ойынның жалпы жүлде қоры 1,5 млн. теңгені құрады. Айта кететіні, бұл қомақты қаражат – жомарт азаматтардың тойға әкелген шашуы.

Рамазан СӘТТІБАЙ, ҚР Ұлттық спорттан мемлекеттік жаттықтырушы:

— Астана қаласы, Ақмола облысы, Жамбыл, Оңтүстік пен Батыс Қазақстан облысының шабандоздары 4 мың шақырым жерден ат бұрып Астана мерекесіне үлестерін қосып жатыр. Мақсатымыз – палуандарды байытып, олардың қалтасын толтырып жіберу емес, ал кейінгіге үлгі болу. Ат ұстаған азамат ат үстінде жүріп те өзінің несібесін, ырыздығын таба алады.

Жарыстың өтуіне ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйытқы болған. Ұйымдастырушылар бұдан былай жыл сайын Астана күні қарсаңында ұлттық ойын додаларын өткізу дәстүрге айналдыру жоспарда бар екенін айтты. Биыл күзде елімізде тұңғыш рет көкпардан Азия чемпионаты өтеді. Халықаралық деңгейдегі шараға алыс-жақын шетелден кәнігі көкпаршылар атын сайлап келмекші. Ал, бүгінгі шара сол дүбірлі додаға топтардың дайындығын сынап, шабандоздардың шеберлігін шыңдауға да  мүмкіндік берді.

Авторлар: Жадыра Медетбек, Өмірбек Ізімов

24 KZ, көкпар

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.