Ұлттық спорттың астарында халқымыздың тек-танымы бар

Ұлы даланы мекен еткен көшпелiлер орта ғасырдың орта шеніне дейінгі тарихта адамзат өркениетіне қосқан жарқын үлесімен өз заманында жаһандану үрдісіне өшпес із қалдырды деп айта аламыз. Ең әуелі, жылқының Қазақ жерінде жаңа тас дәуірінде қолға үйретілгендігін бүгінгі археологиялық қазбалар дәлелдеп отыр. Олар сол дәуірлерде ойлап тапқан атқа мінуге икемделген ауы кең шалбар мен екi өңiрi алдынан қаусырынатын киiм және үзеңгіге тебінетін аяқ киім детальдары көшпелі шаруашылық-мәдени талаптарынан туындаған жаңалықтар ретінде бағаланады. Ерге мініп-түсуге,  ат үстінен  ұрыс салуда   үлкен міндет  атқаратын  етік өкшесі,   оған қоса  жүрдек ету үшін  аттың бүйіріне тебінетін  батқы  (шпор),  таяныш қызметі  атқаратын қонышының артына  салынған  метал  тіреме, берік  болуы үшін  салынған  сіріөкше  қатарлы  етік деталдары салт атты мәдениет өкілдеріне тән жаңалықтар орта ғасырдан бастап Еуразия  аумағына  жаппай  таралды.

Көшпелілер осындай прогрессивті үлесімен қоса, қару-жарақ түрлері, сайыс өнері, аңшылық өнерін жоғары өреге дейін дамытуына Ұлы Даланың табиғи-экологиялық талаптары мен оған икемделген шаруашылық-мәдени типі септігін тигізді, дәлірегі соған сай етіп икемдеді.  Алайда, технократтық өркениет дәуірінен кейін бұл аталған ежелгі өркениет өнерлері  ендігі кезекте адамзат тарихындағы із, билеуші топтың көңіл көтерер ермегіне, спорттық машық түріне айналды. Дегенмен, қазақ түсінігінде қару мен сайманның көмегімен олжа алу  аңшылық, ал жанды хайуанның жәрдеміне сүйеніп, аң алуды саятшылық деп түсінді. Бүгінгідей экологиялық нрав алға озған тұста бұл аңшылық, саятшылық тәсілдерін дәстүрлі денешынықтыру мен спорт саласы ғана емес, туризммен ұштастыратын  адамның бос, демалыс уақытын өткізу мен экологиялық тәрбие саласында рухани ләззат алуға  арқауға айналып отыр.

Бұл үрдіс бұрыннан қоғам тарихында орын алғандығы белгілі. Айталық, сайын далада өткен әскери демократия заманынан бері келе жатқан ұжымдық аң аулау түрі — салбурынның іздерін әлі де байқауға болады. «Қасымхан Сарайшыққа келіп, әкесі Жәнібекке арнап ас беріп, той жасап ат бейгесін өткізген. Бәйге аттары Сарайшық пен Үйшіктің арасында жосылыпты. Қыс түсе Еділ мен Жайықтың ортасында ханның салбұрыны өтіпті. Қырық сан Қырымнан Қазақ Созақтан 1000 құсбегі қатысыпты. А.Тоқтабайдың пайымдауынша салбұрын бір жағынан көшпенділік өмір салтының әскериленген  түрі деп те болады. Сарыарқада құлан, киік, ақбөкен аулауға арналып қазылға орларды топтасып аң аулаудың белгілері болып бізге  жеткен.

Құсбегілер, қырағы мерген, қағушы мен дабылшы, жылбұрынды атшы, ыспар қазаншы т.б. алуан түрлі кәсіпшілер, өнерлілер қатысатын бұл үрдісті қайта жандандыру ұлттық спорттың машығы ғана емес, мәдени-спорттық туризмнің, қызық тамашалауды сүйетін туризм саласына таптырмайтын ноу-хау ретінде санауға болады. Олай дейтініміз соңғы уақытта шеттегі Моңғолиядағы қазақтар, көршілес қырғыздар  мұндай туризмнің түрін әлемдік туризм индустриясы мен бизнесіне маркетинг түрі ретінде ұсынып табыс көзіне айналдырып келеді. Ал, кезінде Аттила заманында шығыстан жеткен ғұндар, кейінгі авар, мадияр, қыпшақтардың тарихи-мәдени мұрагері саналатын мадиярлар (біздіңше венгрлер) спорттың бұл түрін ғана емес, шығыстық атбегілікті және  сайыс өнерін Батыс жұртшылығына туристік, спорттық сервис ретінде ұсынып келеді. Олар айталық,  қазақ жерінен апарған  көшім, жабы жылқы тұқымдарын жергілікті тұқыммен араластыра өсіріп,   еуропа жұртшылығына «шығыс атбегілігі» атпен ұсына бастады.

КӨКПАР.  Көкпар жаппай тарту, дода тарту деген екі түрге бөленеді. Жаппай тартуда жеке адамдардың тақымдасып, қол қайратын, тақым күшін, батылдығын, ептілігін толық көрсетуіне мүмкіндік бар. Ойында кімге болсын: кәрі-жас, үлкен-кішіге шектеу болмайды, жаппай тарту деп аталуы да сондықтан. Мұнда әркім лақты өзі иемденуге тырысады. Сайысты жиналған қауым сол майданнан жаппай көріп, тамашалайды. Дода тартуда жүйелі және тұрақты тәртіп сақталмайды. Үлкен жікке бөлінген топтар тұтас сайысады. Бұрын мұндай тартуға көбіне аталы ауылдар, руларымен түскен. Осындай жағдайда көкпар кімнің қолына түссе, сонда қалады. Кейде бұл түрді “марта тарту” деп те атайды. Айналма көкпар – бір ғана белгіленген жерге апарып тастау, мәре көкпар екі шеттен мәрем жер белгілеп, серкені әр жақ өз мәресіне апаруға таласады.

КҮРЕС. Спорттың классикалық түрлері сияқты қазақша күрес адамның тәндік және моральдық қасиеттерін шынықтырады. Күресте киетін киім спорттық жарыстардың негізгі ережелеріне икемдей отырып, ұлттық құндылықтарға негізделген кейбір толықтыруларды кіріктіру шарт. Атап айтсақ, палуандардың аяқкиімін кебіс негізінде жасап, кеуделік киімін қазақы өрнектер салып, берік материалдан тігілген бешпент түрінде дамытуға болар еді.

Күрес дегенде ерекше ескеретін нәрсе, түркі халықтары болып ортақ бірегей күрес туралы  концепциялық мәмілеге келгеннен соң, оны халықаралық деңгейге,  олимпиадалық  спорт деңгейіне жеткізу мүмкіндігі бар. Самбо, сумо түрлері олимпиадалық деңгейге жете алмағанымен

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ. Интеллектуалдық ойын. Оған арналған тас тақталардың Үстірт пен Маңғыстаудағы кесенелер жанына орнатылған тұрақты тақта түрін көптеп кездесуі оның қазақ арасында ертеден келе жатқан ойын түрі екендігін және стационарлы тақталардың  болуы кең таралған, бұқаралық сипатта екендігінің куәсі. Тоғызқұмалақтың әр аймақта таралған жергілікті ерекше түрлерінің басын біріктіре отырып, оны астрологиялық есептеулер мен басқа интеллектуальдық ойын түрлерімен байыта отырып, бірегей ұлттық нұсқасын жасап, оны көптеп өндіріп, халық игілігіне ұсынудың бұқаралық спорт саласына берері мол. Тоғызқұмалақтың  орта мектеп оқу бағдарламасына енгізілуін қамтамасыз ету, сайыстарды молынан өткізу, түрлі клуб, ойын орталықтарын ашудың берері мол

САДАҚ ТАРТУ. Көшпелi әскери өнерінде алыс қашықтықтан атуға арналған садақтың әсілгі атауы жақ, оның салып жүретін қабының атауы садақ екендігі белгілі. Тас дәуiрiнде пайда болған қарабайыр түрлері уақыт өте келе толысып, бiрнеше ағаштан жасалып, тоз, тарамыс, сүйек және мүйізбен беріктігін арттыра түскен. Скифтік садағы салыстырмалы түрде қысқа, ұзындығы 70-80 см, жебесі де сонша болды. Ал, ғұн садағының ұзындығы әдетте 150-160 см, түркі-моңғол садағында жақтың ұзындығы қысқарып, иiндерiнiң серпiнiн сақтау үшiн адырнаның иiнiнде сүйек, кейiн мүйiз қолданылды. Орта ғасырдың соңына ала жақтың iшкi жағынан мүйiз бен тарамыс тартылып бес бөліктен құралған күрделi жақ дүниеге келді. 

Садақшылардың бәсеке сайысы үлкен той мен ас беру кезінде өткізілетін. Оның сырық басына ілінген алтын қабақты немесе  күміс жамбыны жаяу не ат үстінен шауып өткен бойда нысанаға дөп тигізу.

Бұл спорт ойынын жаңғырту жастарды мергендік пен шапшаңдыққа баулып қана қоймай, патриоттық тәрбие, этникалық мәдениетке құрметпен қарауды үйретеді. Бізде енді қолға алғалы отырған ұлттық спорт түрлерінің шетелдерде ертеден жүзеге асқан нарық тілімен айтқанда франчайзинг ретінде ұсына алатын тәжірибесіне азғана тоқталсам деймін.

Мажарстанда түрлі  көшпелі мәдениет элементтерін жаңғыртып, жасауды 1970 жылдардан бастап қолға алған іс  қазір өз нәтижесін беруде: киіз үйді ғана емес садақ, қылыш, найза, айбалталардың сан алуан  түрлерін жасаудың тәсілдерін игерген. Айталық, садақтың  скиф, ғұн, авар, қыпшақ, мадияр, түркі-моңғол, османлы, парсы садағы  деп аталатын  түрлі  жұрттарда кең таралған түрлерімен қоса, ХІІ ғ.ға тән  бүкір садақ,  ХІІ-ХІІІ ғғ. ұзынша садақтар адырнасы мен басының иіні, пішіні, орналасу бұрышына қарай өзгеше болып келеді. Археологиялық, тарихи, бейнелеу өнері деректері саласындағы қару-жараққа қатысты зерттеу нәтижелерін арқау ете отырып, өмірге әкелген cадақтардың түрлерін табиғи және жасанды материалдармен  өндіретін бірнеше кәсіпорындар бар. Олардың бір бөлігі  органикалық әйнек пастадан садақтың  формасын құйып дайындаған соң садақтың екі басын ағаштан салып, синтетикалық жіппе бекітеді де,  ту сыртынан терімен қаптайды. Сыртқы пішіні тарихи садақтарды қайталаса, оның серпімділігі мен кірісін  тарту күшіне қарай бала, жасөспірім, орташа, қатты, кәсіби  садақшыларға арналған түрлері  нарыққа ұсынылады.

Соның бастауында тұрған Кашшай Лайош ат үстінен садақ тартудан үш мәрте әлемдік рекорд жасаған  шебер, ат үстінен садақ тартудың методологиясын, ғылыми-практикалық негіздемесін жасаған маман және әлемнің 22 елінде өз мектебін ашқан ұстаз, сондай-ақ садақ жасайтын фабриканың негізін қалағандардың бірі. Оның ат үстінен садақ тартудағы бірінші әлемдік рекорды 1998 жылы арнайы жабдықталған ипподромда аттан түспестен 286 айналым жасап шапқан 12 сағат ішінде 1000 жебе тартып барлығы 4238 ұпай жинаған. Екінші рекорды 2002 жылы дәл солай 12 сағат ішінде 323 айналым жасап, 3000 жебе атқан және 7126 ұпай жинаған. Мұнан кейін Гиннестегі рекордын қайтадан 2006 жылы жаңалады: бұл жолы Кашшай 24 сағат  бойы үздіксіз шауып ипподромда 661 айналым жасап, осы уақыт ішінде 5412 жебе атып, 15596 ұпайды рекорд ретінде тіркеді. Кашшайдың  Балатон өңірінде садақ түрлерін жасайтын зауыты және шабандоз-садақшылар мектебі бар. Онда Еуропа елдерінен басқа, АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия елдерінен келген садақшылар оқып үйренеді.  Әрине, Кашшайдың  рекорды мен оның шәкірттерінің  жетістіктері мықты физикалық, психологиялық дайындықпен бірге  энтузиазмде,  ескіні жаңғыртуға  деген рух пен жігерінде болып отыр.

Кашшайдың садақ тартуға арналған ипподромының құрылысы мынадай: ұзындығы 90 м оның екі жағына электронды есік орнатылған.   биіктігі жерден  2 метрде диаметрі 90 см болатын төрт дана нысана орнатылған. Нысаналар атпен шауып өткен садақшыға икемдеп екі шеткісі бұра орналастырылған.

Тағы осы  мадияр халқының құрамындағы Құмания өңірінде тұратын құман-қыпшақ туысқандардың ортасында өрімі ұзын босмойын шыбыртқы-қамшыны қорғану мен қару ретінде қолдану үрдісі бүгінгі күні спорттың дәстүрлі түріне айналып отыр. Мұндай қамшыалардың өрімінің ұзындығы орта есеппен 6 метр (кәсіби шеберлер 8 метрлігін де қолданады), сабы  қамшының сабынан  сәл ғана ұзын келеді, өрімі 8-ден жоғары  кәдімгі қазақ қамшысының өріміндей және ортан белінен бастап жіңішкере түсіп ту ұшына қарай қос қабат бүлдіргеге айналады. Мұндай қамшыны  тартушы қамшыгер басынан асыра айналдыра үйіріп, қамшы өрімі өзінен  180 градусқа жеткен кезде қамшыны тартушы адам қолына ұстаған сапты қатты сермеп тартқан кезде өрімі  сигма пішінінде ирелеңдеген  қозғалыс жасайды. Егер өрім бірдеңеге,  адам денесін қаусыра ұрылса немесе қаруға тиіп кеткен жағдайда оған  орала түседі де, қамшыгер өзіне қарай күшпен тартқанда ол адам құлайды, қаруы қамшымен бірге ілесіп кете барады. Бұл қазақ барымташыларының қарсы келген адамды сұлататын тәсіліне өте жақын.

Қылыштасу. Бұл кезінде қорғанудағы  шабу-кебу түріне саналғанымен, кейінгі кезде спорт түріне қарай икемделуде. Айталық, мысалға келтірген Венгрияда қалыштасу, қанжар, семсер түрлерін спорттық  сайысқа тұтынуға икемделген ереже, сол бойынша жұмыс  жасайтын ондаған қоғамдық ұйымдар мен клубтар арасында түрлі сайыстарды  жүйелі түрде өткізіп тұрады. Соның  басшыларының бірі, әрі шебер, әрі ғалым Др Хидан Чаба  спорттық  қылыштасудың әдістемесі мен  қылыштасу кезінде жарақат алудан сақтануға арналған түрлі жабдық, құрал, тетіктерді (бетперде, жеңсе, алақан, қолдың мойынын қорғаушы  тізеқап) ойлап тапты.

Құм қақпан, тас қақпан құру, орға жығу,  індету, қысаңға қамап  сойылмен ұру сияқты қарабайыр, ежелгі қолжетімді әр алуан тәсілдермен аулау аңшылық туризм ғана емес, спорттық маңызын арттыра отырып дамытуға мүмкіндігі бар дүниелер. Бұған қосымша түрлі құрал-саймандармен, айталық тұзақ, абақ, шаншу, атқы, баспа құру, ау, тор  құру, ат үсті сойыл-шоқпар  үйіру сияқты қарапайым тәсілдер де жетіп жатыр.

Бабақұмар Хинаят, этнограф-ғалым

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Валиханов Ч.Ч. Вооружение киргиз в древние времена и их военные доспехи //
2. Валиханов  Ч.Ч. Собрание сочинений. В 5-ти томах. Алма-Ата: Издательство Академии наук Каз ССР, 1961.
3. Қалиолла Ахметжан. Жараған темір кигендер. А.: Дәуір, 1996;
4. Кайдаров А.Г. Доспехи и вооружение воина-батыра в казахском эпосе и их этнолингвистическое объяснение // Известия АН Каз ССР. Серия общественная. — 1976. № 6.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*