Маршал Буденныйдің ат сыны

Атақты жазушымыз Ғабит Мүсірепов «Аттың сыны» деген әңгімесінде КеңестерОдағының Маршалы Семен Михайлович Буденныйдың жақсы атқа қоятын талаптарын, жақсы аттың бойынан табылуға тиісті белгілерін қалай байқап, бағалайтындығын сөз етеді.

… Маршал бала жасынан-ақ ат баптап өскен екен. Ол кісі шаруашылыққа қандай ат қолайлы, әскерге қандай ат жарамды, оның бәрін он саусағындай біледі. Оның үстіне өзі «Буденный жылқысының тұқымы» деген жаңа тұқым шығарған адам. Кеңестер елі үшін ең мақтаулы жылқы тұқымы – осы Буденный жылқысы. Сондықтан да Буденныйдың жақсы атқа қояр сыны – шаруашылық үшін үлкен тәжірибеден алынған сын.

– Жақсы ат шаруағы да, әскерге де бірдей жарамды, күшті, көнбіс, шабысты, желісті, аяңшыл болуы керек, — деп бастады Буденный сөзді Мәскеу қаласында болған бір әңгіме отырыста. Әскер мен шаруашылықтың біріне жарап, біріне жарамас, ол – аттың үлкен міні. Мысалы, қашаннан бері мақталып келе жатқан ақалтеке шаруашылықтың ауыр жұмысына салсң түкке тұрмайды. Оның үстіне қан араластырмай, дақ өсіре бергендіктен енді әлсізденіп, қуарып бара жатқан тұқым. Алғашқы біраз ұшқырлығы болмаса, әскердің бір күндік ұзақ жорықтарына тіпті жарамайды, ақалтекенің қазіргі халі осы,-деді.

– Онда ол қатардае шыққалы тұрған тұқым болды ғой?-десті.

– Осы күйінде өсіре берсең, сөйтеді. Мүмкін, басқа бір қанды тұқымға араластырса, түзеліп кетер.

– Ал, сіздің өзіңіз шығарған тұқымның ерекшелігі неде?

– Ол жаңағы айтқан, әрі шаруаның ауыр жұмысына, әрі әскерге бірдей жарамдылығында. Бұл ағылшын жылқысы мен Дон жлықысының арасынан туған  тұқым. Денелі, күшті, шабысты, желісті, шыдамды, әр алуан сыннан өтті. Әсіресе, Ұлы оОтан соғысында ойдағыдай жерден шықты.

– Қазақы жылқының тұқымы туралы не айтасыз?

Қазақ жылқысы сөз жоқ берік, көшпелі елдің өміріне өте қолайлы. Өзі де сол көшпелі өмірден туған ғой. Күту, жаңы оңайырақ. Бірақ қазақ жылқысының аяғы қысқа. Қысқа аяқты жылқы шапқанда құлашын кең сермегендей болады да, аяғын жерге басқанда бауырынан аспайды. Асыл тұқымды жылқылардың бір аттағанын бір жарым аттап барып алады,-деді маршал.

Жылқы тұқымын асылдандырудағы әр түрлі мақтарлық табыстармен бірге кемшіліктерді де айта келіп, атпаз маршал өз тәжірибесінен алған он бес түрлі сынын айтты.

Жақсы атта он бес түрлі белгі бар. Сол он бес түрлі белгі түгел табылған атты мен көңілдегі жылқы деп білемін,-деді. Он бес түрлі белгі үш-үштен бөлініп, бес төркіннен алынады.

– Жақсы ат сынының бірінші төркіні – ер мінезді және еркек. Еркектен алынатын үш белгі: жайдары мінез, күш және шыдымдылық. Шыдамдылықты көнбістік деп те атайды. Еркек біткеннің өзінен де бұл үш сипат табыла бермейтіні рас… Атқа күш пен шыдамдылық қандай керек болса, мінезі де сондай керек. Жақсы  аттың иесіне сенімді серік болып кеткені сол жайдары мінезінен туады. Ал күш пен шыдымдылықтың неге керектігі кімге болса да түсінікті болуы керек.

– Жақсы ат сипатының екінші төркіні — әйел, дейді маршал.

– Әйелден де үш белгі алынады. Ең алдымен өкпе мен жүректің ұясы — кеуде кең, салыңқы болу керек. Кеудесі шығыңқы, шалқақ келген бір әйел болады ғой. Сол сипат алынады. Кейде оны қораз төс деп те атайды… Енді әйелден алынатын соңғы екі белгіге келейік. Оның бірі – қозғалыс қимылдарының әсемдігі мен ыңғайлылығы. Жақсы аттың әрбір қозғалысы ерке әйелдің қозғалысындай ыңғайлы да, әсем де болуға тиісті. Дөрекі ат шаруаға да, әскерге де қолайсыз. Ат деген, әйтеуір көлік емес, салтанатты, сәнді көлік. Ол көңілді көтеріп, бойыңды өсіреді.

Әйелден алынатын үшінші сипат – аттың түгі болады. Әйелдің шашы қандай әсем болса, аттың түгі де сондай көрікті болсын. Ала-құла, күлге аунағандай көмескі түстер аттың сәнін бұзады, дене сұлулығын бүркеп тұрады. Аттың сұлулығының бір түріне байлансыт. Кекілі қалай біткен, құйрық-жалының біті қандай, түгінің түсі ажарлы ма, осының бәрін де әйел сипатынан аламыз.

Сонымен, жақсы аттың әйелден алатын сипаттары – салыңқы, кең кеуде, әсем, ыңғайлы қозғалыс, аттың әдемі түсі, түгі.

– Ендіші үш бөлігі қояннан алынады: етсіз, жеңіл бас, кең ашылған көз және ұшқырлық. Басы етті жылқы кейде күшті болғанымен, өнерсіз, ыңғайсыз, дөрекі болады. Және бастың еттілігі – күштің де белгісі емес. Басы етсіз жылқының бір мінезі көрініп тұрады. Аттың сүріншек, үркек болмауы үшін көздері жұмық болмай ашық болуы керек. Ат айналасын еркін көріп отырса, аяғын да оңай басады, жүрексінбейді. Қояннан алынатын үшінші белгі ұшқырлық дедік. Бұл әлгі дыр етпе, шу дегендегі жақын жердің ұшқырлығы емес. Оны ағындылық деуге болады. Ал бұл ұшқырлық аттың бар жүрісінде болуы керек. Ат аяғын жеңіл басып, әр жүріс ұтымды, жіті болсын…

Төртінші түйдекпен алынатын үш сипаттың төркіні түлкі екен.

– Азулы аңның  ішінде атқан оқтай тік жортатын түлкі болады, -деді маршал. – Қасқыр, ит сияқтылар көлденеңдеп жортады. Өзгелері одан да жаман. Аттың алды-арты кезек солқылдамай, бар денесі жинақы, әрі ықшам, әрі атқан оқтай тік жүруі өте қымбат қасиет. Бұл белгіні біз түлкіден алдық. Түлкіден алынған екінші белгіл – құлақтарының дұрыс бітуі. Аттың құлағы қатар біткен саусаққа ұқсап, я болмаса қоянның құлағына ұқсап, қақ төбетінде тұрса да жаман емес. Дәл, дұрыс біткен құлақ түлкінікі деуіміз керек.  Түлкіден алынған үшінші сипат – құйрығы. Аттың құйрығы да түлкінің құйрығындай, түбінің ұшыра қарай бір тегіс жіңішкере барып бітсе, ат сұлу көрінеді. Артқы мүшелері де жасырынбай, өзінің әдемі түрін табады. Сонымен, түлкіден алынатын үш белгі – оқтайт тік жүріс, құлақтың дұрыс бітуі, түбі жуан, ұшына қарай бір тегі жіңішке біткен сұлу құйрық. Жақсы аттың бар мүшесі түгел тең келуін көп іздеген атпаз маршалдың көзіне есек байқұс та түспей қалмапты. Одан алынған үш сипат және де бар екен.

– Әр түлік малдар мен аңдардың ішінде бастың астыңғы жағы айқын көрініп тұратыны есек,-деді Семен Михайлович. – Онымыз жақсы етсіздігіне байланысты. Етті басты малдардың екі жағы да айқын көріндей тұрады. Біз айтып отырған етсіз басты аттың, әсіресе астыңғы жағы бар сызығымен айқын көрініп тұруы қажет. Мұндай жақ есекте ғана бар. Сондықтан етсіз жақты содан алдық. Есектен алынған екінші белгімен – төрт аяқты тең басуы. Төрт аяғын жерге бірдей тең басатын хайуан есек қана. Ол төрт аяқтың тең бітуіне байланысты. Кейде, алдыңғы аяқтары майысып, тілерсегі тиіп тұратын жылқылар болады. Бұл біздің сынға толмайды.  – Есектен алынған үшінші белгі – төрт тұяқтың дұрыс бітімі. Табаны өмірде «қазтабандап» жерге тимейтін дөп-дөңгелек қобы тұяқ есекте ғана. Қандай асыл тұқымды деген жылқылардың тұяқ бітімі есекке әлі жете алған жоқ. Тұяғы осылай біткен жылқы ақсамас та еді, аяншақ та болмас еді, әсем де болар еді.

 

 

 

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.