Бекен Қайратұлы. Бүркіттің сыны

бекен кайратулыТұлғасы, түр-түсі, үлкен-кішілігі жағынан бүркітке ұқсайтын құстар өте көп. Бүркіт суыққа да, ыстыққа да төзімді келеді. Мелжемді, яғни, семіз бүркіт жемге бір тойып алса, 15-20 күн аштыққа шыдайды. Бірақ ол ыстық күндері тез шөліркейді. Негізінен бүркіт біршама ұзақ жасайтын құс. Ұябасар төрт жасына дейін құрұя (жұмыртқаламайды) көтереді. Түлек жылынан бастап жұмыртқалап, арықарай 7-8 жыл балапан ұшырады. Онан соң жұмыртқалауды тоқтатады.  Кейбір құсбегілердің пайымдауы бойынша, аса қыран бүркіт 8-9 жасқа толғанда бірақ   жұмыртқалайды да,  арықарай 4-5 жыл балапан ұшырады.

Бүркіттің негізгі түсі – қара қоңыр, тұмсығы көкшіл сары, әрі шұғыл имек, шүңірек қара көзді, қабағы биік, жанары отты, рухты, қағылез келеді. Ішінара, шегір, сары шегір, қызыл шегір көзділерде кездеседі. Бүркіт тұғырда еркін отырғанда шалғысы бір-біріне бір сүйемдей айқасып, топшысы салақтап, мелжемді көрінеді.

Бүркіттің бұдан басқа:  ақсары, қаракер, көксұры, керала, қызыл жирен түстілері де кездеседі. Тәжірибелі құсбегілер құстың өң-түсіне қарап-ақ оның ұя салып, өсіп-өнген мекенін ажырата алады.  Мысалы, биік құзға ұя салған бүркіттің балапаны  қаракер, көксұры болады да, бетбақты өңірге ұя салған бүркіттің балапын қызыл жирен болады

****

Қазақ құсбегілері бүркіттерді бапты  және бапсыз қыран деп бөледі. Нағыз қыран деп бапсыз қыран айтады.  Мінезі шаркез бүркіттерде болады, ол баулуға қиын, оңай көнбейді, кісіге тез үйірлеспейді, бәріне жат көзбен қарап, сылап-сипағанды жақтырмайды. Ашықса әлсіреп, тойса тоқмейсіліп, шырғаға оңай көнбейді. Бұны құсбегілер бапшыл құс дейді. Ол қайыруға әзер көнгенімен тоңса, ашықса адамға түседі, әрі ерекше сақ келеді. Өте зерделі құсбегілер болмаса, оны кез келген адам баптай алмайды.

Сондай-ақ, кәнігі құсбегілер бүркітті іс-әрекетіне қарап: батыр құс, қу құс деп екіге бөледі. Батыр құс — аңғал, албырт, қомағай, жүректі, күшті болады, аңға өршелене ұмтылады.  Қара құйрық, қоян сияқты қоңыр аңдар мекендейтін жерлерде мекендейді. Кейде ыстық жерлерді де мекендеп қалады. Жем іздеп алысқа, қиян-тауға бармай бетбақ-керішке ұя салатындары көп болады. Күнде аң аулап жейді. Жерге көп қонақтайтындықтан жүнін шыбын-шіркей көбірек қырқады.

Бұндай бүркіт аң ұстап, жеп отырғанда, аңға күйі келмейтін құстар немесе аңмен алысуды жақтырмайтын саяқ бүркіттер ұшып келіп ортақтасса, жеп отырған жемін оған тастап кете береді. Бұл басқа құстан қорыққаны емес, өзіне-өзі сенгендігінің белгісі.

Қу құстың жүні жіңішке, сырты жылтыр қара, тұяғы иір, жылан бас, су көз келеді. Адамға тез үйір болмайды, аң алғанда көп алыспайды. Күшті аңға әуестеніп түспейді. Қоян, шіл, кекілік сияқтыларға құмар келеді. Биік, салқын, тауларға ұя салады. Көбінсе, қаршыға, сұңқар қатарлы құстардың жемін тартып жейді. Бұл түрдегі құсты саятшылар мырза құс деп те атайды. Мырза құс күйшіл болады.

Кәнігі құсбегілер бүркіттің толарсағын ұстап көреді. Яғни, құстың толарсағы басбармақтың алғашқы буынына толса ондай бүркітті жақсы құс деп есептейді. Сол сияқты, бүркіттің ашамай сүйегінің арасына екі саусақтың басы сыйса немесе бармақтың басы кең айналып тұрса, бұны  «айыр сүйек ашамайлы құс» деп атайды. Ашамайы бітеу, тұйық құстар күйшіл келеді, онша жақсы болмайды.

Аса қыран бүркітің балақ жүні қалың, әрі саусақтарына қарай төгіліп тұрады. Толарсақ сүйегінің басы жуан, жіліншік жағы сүйірлеу бітеді. Әрбір сүйегінің түбі жуан, ұшы жіңішке келеді. Егер жіліншік сүйектерінің бас-аяғы бірдей болса, мұндай құстарды «желмен ұшатын құс» дейді, ол шабан, бапшыл болады.

Бүркіттің топшысы немесе иықтың екі иінінен бастап, пышақ шалғыға дейін сарғыш араласқан ақ жолақ жүндес болса, ондай құсты осы бір ерекше белгісіне байланысты Алтайдың ақиығы деп атайды.

Алтайдың ақиығының шынжыр балақ шұбар төс, ақ білек немесе мұз балақ деген түрлері де кездеседі. Мұндай қыран бүркіттер  тек Алтай тауын мекендейді және аз кездеседі.

Жалпы Алтай тауын мекендеген бүркіттің балапандары — кесек денелі, ақ шұбар болады. Дегенмен, Алтайдың ақиығы денесінің үлкендігі жағынан Еренқабырғаның «кескен терегіне» жетпейді.

****

Бүркіт егделеген сайын түр-түсі өзгеріп отырады. Кейбір табиғи ақшыл құстар түлек сайын аршылғанымен ағынан толық арылмайды. Ал, ағынан арылған құс қантамардан (бүркіттің тамағының астындағы құлдаған қызыл жүнді қантамар деп атайды) құлдай, екі топшы арасындағы жемсаудың айналасы және екі топшыдан пышақ шалғыға дейін, одан кейін екі жақ қаптал жүндері қызғылт сары түске айналады. Әрі құйрық түбінің үстінгі жапырақ жүндері және балақ шудалары мен санындағы ақ бұршақтар жүндер қызғылт сары түске өзгереді. Мұндай қызғылт түске оңған бүркітті қандыбалақ дейді.

Сол сияқты бүркіттің  кеңсірігі, саусақ салалары түлек сайын тотияйын көкшіл түске айналса, бұндай құсты құсбегілер көк аяқтаған, көк тұмсықтанған бүркіт деп атайды.

Бүркіт есейген сайын құйрық шалғыдағы ағы тарландай бастаса, мұндай бүркітті «тарлан»  деп атайды. Тарландаған бүркіт алымыр қыран болады. Қазақ бүркітшілері, «тарлан салған талықбас» деп бекер айтпаған.

Егер бүркіттің жіліншік жүні төмен бітсе, оны жолды құс дейді, жіліншік жүні жоғары бітсе, сидам сирақты жолсыз құс деп атайды. Ал, құстың балақ жүні саусағының арасынан төгіліп тұрса, мұндай құстарды аңғашар дейді.

Ал, бүркіттің тұяғының түбі жіңішке, ұзыншақ, доғалданып бітсе,  жембасар майтабан дейді. Бүркіттің  саусағындағы астыңға бауыр етін  томар дейді. Томарлы құс қыран болады.

Қазақ құсбегілері тұғырға қонақтап отырған бүркіттің сырт тұлғасына қарап, кермиық құс немесе кербез құсты аңғаратын болған. Айталық  мұндай сипаттағы құстар тұғырда отырғанда екі топшысы үшкірейіп алдына шығып, жауырын ортасы науаланып тұрады. Алдынан қарағанда сыйдамша көрінеді. Кермиық кербез құстар бір ішек жылқы сияқты әлсіз келеді.

Тәжибелі құсбегілер қыран құстың, біріншіден, қанаты ұзын болуын, екіншіден, құйрығы ұзын болуын, үшіншіден, сирағы ұзын болуын қадағалайды. Бұл үшеуі бір құстың бойынан табылса, ол өте жақсы құс деп есептеледі.

Бекен Қайратұлы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*