Асау үйретуші Жеңісбек Серікұлы: Асау үйрету тек ердің ісі

7-21Алла қаласа алдағы 30-тамыз күні Астана қаласының оңтүстік-батыс жағында орналасқан «Қазанат» атшабарында асау үйретуден республикалық турнир өтпек. Бұл турнирге әрбір облыстан бір-бір үміткер қатысады деп күтілуде. Асау үйрету дегеніміз – әлі жүген-ноқта көрмеген жылқыны бастықтыру, яғни, далада еркін өскен түз тағысын бағындыру. Бұл оңай шаруа емес. Шу асауды жүген-құрықсыз мініп, ол тулағанда түспей-жығылмай үстінде отыру екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Осы біз айтып отырған асау үйрету жарысы Моңғол елінде жыл сайын өтеді. Аталмыш жарысты ұйымдастыратын және жоғары деңгейде өтуіне жауапты адам сол елдің премьер-министрінің өзі. Осыған қарап-ақ жарыстың маңызын түсіне беріңіз.

Жоғарыдағы асау үйрету жарысы барысында соңғы екі жыл күллі Моңғолия көлемінде бай-өлкелік қазақ азаматтары топ жарып жүр. Өткен жылы Жеңісбек Манақайұлы чемпион болса, биыл Жеңісбек Серікұлы деген жас азамат тағы да топ жарды. Осы орайда, асау үйретуден Моңғолия чемпионы атанған Жеңісбек Серікұлымен тілдесіп бірнеше сауал қойған едік…

Жеңісбек Серікұлы біздің оқырмандарға өзіңіз жайлы қысқаша таныстыра өтсеңіз?
— Мен Моңғолиядағы Бай-өлке аймағының Сақсай сұмынында тұрамын. Жасым 22-де. Он жылдық білімім бар. Мектеп бітіргеннен кейін қаржы жетіспеушілігіне байланысты оқуға бара алмадым. Ата-анам қарапайым шаруа адамдары. Қазір ауылда мал шаруашылығымен айналысамыз. Отбасында жеті ағайындымыз. Менен үлкен екі ағам және бір апайым бар.

— Асау үйретуді неше жасыңызда машық еттіңіз?
– 10 жасымнан бастап асау үйретумен айналыстым. Асау үйрету тек ердің ісі деп ойлаймын. Сонымен қатар, құсбегілік өнердің де қыр-сырын жақсы меңгерген жайым бар. Биыл төртінші мәрте өтіп отырған «Асау үйретуден» ел біріншілігіне қатысу үшін әуелі аймақтық іріктеу жарысында топ жардым. Сөйтіп, сайысқа жолдама алған болатынмын.

-Республикалық асау үйрету сайысына қанша адам қатысты?
— Бұл сайысқа Монғолияның әр түкпірінен 21 адам келіп қатысты.

Сіздер тек асау үйретуден ғана сайыстыңыздар ма, әлде басқа да ат спортынан шеберлік таныттыңыздар ма?
— Сайыс тек асау үйретуден ғана емес, сонымен қатар, шауып келе жатып жерден құрық, қамшы ілу, үйірдегі жылқыға жаяу жүріп шалма тастау, үйірден шу асауды ұстау секілді төрт түрден тұрды. Бұл жерде көп жылқының ішінен үйрететін асауды өзің таңдайсың. Менің бірінші ұстаған жылқымды  «бұл өткен жылы үйретілген» деп босаттырып жіберді. Сонан кейін мен, «осы жылқының арасында  жүген-құрық тимеген шу асау бар ма?» деп сұрадым. Ұйымдастырушылар жал-құйрығы алынбаған, арқыраған 10 жасар сары айғырды көрсетті.

— Содан кейін не істедің?
 – Сол жерде жылқышыларды шақырып алып «сары айғырды алдымнан өткізіңдер!» дедім. Олар жылқыны дүркіретіп қуып келді. Сары айғыр басын шұлғып үйірді жарып шыға келген сәте шалманы бір тастап  ұстадым да, құлақтатып тұрып мініп алдым.

 -Жарыстың шарты қандай еді?
— Жарыстың шарты бойынша асаудың басына жүген-ноқта, үстіне ер-тұрман салмайсың. Жайдақ мініп, тек жалдан ғана ұстап отыруың керек. Сөйтіп, сары айғырды тулатып-тулатып, солығын бастырдым.

 – Жарыста топ жару қиын болды ма?
 – Мықты жігіттер көп болды. Басқалардың кемшілігі —  асауды таңдағанда көпшілігі тай-құнан, дөнен жылқыларды таңдап жатты. Бұл жерде үйреткен жылқыңның жасына, дене-тұрқына байланысты ұпай саны да артып отырды. Мен осы тұрғыдан  көп ұпай жинап кеттім.

 – Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Ерлан Алтай

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*