Асау үйрету эстетикалық өнер

Асау үйрету өнері — мал шаруашылығымен айналысқан халықтарға тән. Өзіндік даралығы бар, әрекет қимыл, тәсіл, тактика үстінде орындалатын бір түрлі сайыс қимылы.  Қазақ халқы сонау  есте жоқ ескі заманнан бастап мал шаруашылығымен еркін айналысып келе жатқан халықтардың бірі.

Асау үйрету қимылы қыры мен сыры, қауіп-қатері, күдір-күдігі көп әрі қызыққа толы тамашалы өнер түріне жатады. Қазақтар көбінде түйе, жылқы, сиыр, қодас қатарлы  хайуандарды қолға үйретіп, бағындырудың, пайдаланудың мол тәжірибелерін топтаған.

Асау үйрету, жалпы алғанда уақыт, орта, ереже, қағида шектемесіне ұшырамайтын, қағар-соғары жоқ  кең далада жүргізілетін  еркін қимыл. Ондағы қыруар әдіс, амал сол асау хайуан өмірінің болмыс-бітімін ұзақ уақыт бақылап, бағдарлау барысында қалыптасқан. Асау үйрету күрделі, күдірі көп, жапа-машақаты ауыр дене тәрбие түріне жатады.

Асау   үйрету – балуан салу, көкпар тарту, теңге ілу, жамбы ату, қыз қуар қимылдарына ұқсамайды. Өйткені, асау үйрету жөнінде тұрақты ереже, қағида әлі қалыптаса қойған жоқ. Асау үйретуде, алдымен, үйретуге тиісті асауды жүйрік, адуын атқа мінген бірнеше жылқышы жылқыны иіріп барып шамалап, не құрық салып ұстайды. Адуын шу асаулар кейде мойнына түскен қыл арқанды жұлып әкететін жәйттер де  кезігіп жатады.

Қыл арқан мойнына түскен безер қашаған жылқының шырқын бұзып, бір майдан сайыс басталады. Мойнын ішіне алып шегіншектеп не тік шапшып тулайды. Осы кезде адуын атқа мінген, қолы ерекше қарулы бір жігіт астындағы адуын атының омырауымен әлгі асауды соқтыртып, ығыстыра барып шапшып, шыңғырып тулаған асаудың екі құлағынан бұрап тұрып басып ұстағанда, тағы бір жылқышы ат үстінен келіп асаудың мойнына түскен қыл арқандарды босатып, мықты арқанның бір ұшымен ноқталап алады.

Осыдан соң әлгі асауды кең алаңға қақпалап алып шығады да, құлағынан басып тұрып жүген салып, ертоқым ерттейді. Мықты екі айылды төстеп, бір айылды шандырлап тартады. Бірақ, айылды бір жолда қатты тартпайды. Оған да бір-бірлеп көндіктіру тәсілін қолданады. Ердің екі үзеңгісін артқы қанжығасына қайырып байлап, асауды бірнеше мәрте мөңкітіп, ерді орнықтырып, айылға біраз үйірлестірген соң қайтадан айылды мықтап тартып, онан соң барып бір ержүрек жігіт үстіне мінеді де, асаудың тізгін- шылбырын қолына алады.

Асауға алғаш мінгенде көз ілестірмес тездік керек. Осы кезде құлағы босап, есін жия бастаған асау, мойнын ішіне алып жатып кеп тулайды. Бұл бір шешуші кезеңдегі аса бір қызықты көрініс. Әрі шешуші сайыс үстіндегі арпалыс. Асау үйретуші шебер сол алғашқы тулағанда асаудың мойнынан асып – түсіп қалмауы шарт. Егер осы алғашқы секіріп тулағанда асаудың мойнынан асып, түсіп қалса, асау соған дағдыланып қалады да, әр рет мінген сайын мойнын ішіне алып тулайтын әдет қалыптастырады.

Темір тақым асау қанша туласа да ауып түспейді. Тақымы ерге жабысып қатып қалады. Борбайы ұзындары асаудың екі қолтығына екі аяғының басын темір қармақтай сап еткізіп іліп алып, міз бақпай отыра береді. Асау үйретуде сол ержүрек шебердің көңіл-күй орнықтылығы ең негізгі орында тұрады. Бұған да батылдық, ержүректілік керек. Өзін еркін, ырықты ұстай білген шебер ғана асау үйрету сынды бұл қимылды сәтті орындай алады. Сол асаудың бабына, күш-қуатына негізделіп, қайратты, киеңкі болса долылығы тарағанша адуын аттардың басымы арқылы екі жігіт екі жағынан қыспаққа алып, есін шығара қуалайды. Шауып- шауып долығы тараған соң өзінің бұл басымынан құтыла алмасына көзі жетіп, есі кетіп есеңгіреп, ақ көбікке малынып жуаси бастайды.

Асауды алғаш үйрете бастағаннан тартып ашындырып ұрмауы керек. Асау үйретуші ашындырып ұрып қойса, байқатпай кегін қайтарудан тайынбайды. Асау үйрететін шебер басымдылық істеткенде, бұл жағына да көңіл бөлу керек. Асауды басықтыру сатысы аяқтаған соң, асау үйретуші шебер оның мінез-құлқына қарай құлақ түбінен бастап мойын түбі, арқа басы, сауырына дейін сылап-сипап, аяғына отыруға әдеттендіреді. Бұл асауды үш аяқтауға, шідерлеп  тұсауға мүмкіндік жаратады.

Қанбезер асау бұған оңай көнбейді. Мұндай асауды көндіктіруге бірер апта, кейбіреулеріне жарым ай уақыт кететіндері де болады. Мұндай асаулар, көбінше, қолынан тартып жүген-құрық тимеген белі бекем бесті ат пен дөненнен кезігеді.

Жылқының бар күш-қайраты екі құлағында болады. Асауды құлақтағанда, құлақ тамырын созып жіберуден, үзіп алудан сақтану керек. Қолы қарулы адуын азаматтар, ептеп мойын түбінен бастап, сылап-сипап алдамалап тұрып, құлақтан ала түсіп тұқыртып бұрап басқанда, асау ес ақылынан айырылғандай болып шегіншектеп, тұқыра береді. Тебу, ауыз салу, тарпу қуатынан бір жолата айырылады. Осы орайда, бір жігіт асаудың аяғына еппен отырып, не еңкейіп тұрып аяғына шідер салады, не үш аяқтап алады. Сонан соң ертесі айналып басына барғызбай қоюдан сақтану үшін, оралып жығылып, жазым болып қалмау шарты астында ұзындығы екі құлаштай шылбырды жерге сүйретіп қояды. Бұл да сол асауды арқан-жіп, ноқта-жүгенге дағдыландырудың бір түрлі тәсілі саналады.

Мұндай асаулар  қашан қолға көндігіп икемге келгенше, бір жігіт құлақтап тұрып, енді бір жігіт шідер салу қажет. Өйтпегенде оқыс қатер туылады. Асауды арқандап, тоқымынан шошындырып алмау керек. Жылқы бір шошынса, сол әдетін өле-өлгенше тастамайды. Кез-келген уақытта бауырына қарап «қорс» етіп мөңкитін әдет осындайдан барып қалыптасады. Мұндай жылқы өте қатерлі болады.

Асау үйреткенде, оның арт жағына қамшы ұрмайды. Қамшыны қос қабаттап алып, тек мойнына қағып, қақпайлап жүріп бас үйретеді. Асауды алғаш үйреткен кезде артына, сауыр сербегіне, бауырына қамшы тисе, құйрығын көтеріп шыжбақтайтын жаман әдет қалыптастырады. Бұл әдет өмірі қалмайды. Құйрығын шыжбақтатқан атты қазақ халқы ұнатпайды

Асау үйретудің маңызы

  1. Асау үйрету адамның денсаулығын күшейтеді. Асаумен арпалысу барысында асау үйрететін шебердің денесіндегі әр қайсы бұлшық еті, ішкі-сыртқы секреция бездері, буын мүшелері, сүйек бейімділігі, нерв талшықтары, өзге де орган жүйелері түгел жетіліп, соған бейімделіп шынығып-шыңдалып отырған. Мысалы: көздің көруі, құлағының естуі, тыныс жолы, ас қорытуы, қан айналысы, тіпті оның бәрін басқаратын орталық нерв жүйесі болған үлкен мидың жетілуі де осыған байланысты күшейе түседі. Әрқандай дене қимылы осы үлкен мидың басқаруында болғандықтан, нерв әрекеті барлық органдарды әрекеттендіріп, шынықтырып, жетілдіріп отырады әрі сыртқы ортаға қарата үйлесу, сәйкес қабылетін күшейте түседі.
  2. Асау үйрету қимылында эстетикалық сұлулық, әсемдік мазмұн бар. Әдетте, асауды да асаудай ер жүрек азамат үйрете алады. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан, халқымыз ер жүрек азаматтарын «жылқы басары бар…» деп даңқын көтеріп биік бағалайтын болған. Қазақтың ер жүрек азаматтары асау үйретуді бір түрлі эстетикалық, қызықты, тамашалы өнер санайды. Асау үйрету өнерін жалпы көрермен қауым қызықтап, тамашалайтын болған. Сонда сол асау үйрететін жігіттің батылдығы, күш-қайраты, әдіс-амалы, қағылездігі, шапшаңдығы, ержүректігі, мызғымас жігері сынға сарапқа түседі.
  3. Асау үйреткеннен кейін оны мініс көлігі және жүк артатын көлік ретінде пайдаланады.
  4. Асау үйрету қимылы адамдарды барынша батылдыққа, ер жүректілікке баулиды. Себебі, асаудың өте күрделі де қауып-қатері көп қимыл әрекетін тәртіпке түсіру барысында көптеген күрделі қимылды орындау үшін өте қырағы болмаса, тездікпен сәйкеспесе, бұл қимылды сәтті орындай алмайды. Асау үйрететін азамат, алдымен сол үйрететін асаудың қыры мен сырына, орта шарт-жағдайына қанық болуы керек. Кейде кейбір асаулардың дөңгелеп мөңкитін, өзін артына қарай шалқалап тастайтын қимылы да болады. Мұнда қағылез, ер жүрек жігіт оның дөңгелеуіне ілдірмей секіріп түсіп, қайта орнынан тұра бергенде көз ілестірмейтін шапшаңдықпен қайтадан ерге қона кетеді. Осындай сұрапыл қимылдан ес таппаған асау қиғылығы біртіндеп тарқайды да, ендігі ары құр сүлкілдеп басы ауған жаққа қарап желіске салады. Әрі-бері тулап көреді де қарығы тарқайды.

Жинақтап айтқанда, асау үйрету өзгеше дене тәрбие қимылының бір түрі. Бұл жігіттерді ерлікке, қайсарлыққа баулитын, шапшаңдықты, қағылезділікті талап ететін, сайысқа толы дене тәрбиенің аса маңызды бөлігі. Асау үйретудің қимыл барысын зерттеу өз алдына үлкен тақырып. Қазақтың асау үйрету дене тәрбие қимылы қазіргедейін зерттелуі былай тұрсын, тілге алынбай келеді. Бұны қазіргі заман дене тәрбие қимылының қатарынан орын алуға тиіс деген оймен осы мақаланың арқауын ширатып отырмын. Қатысты кәсіптік мамандардың осы түрдегі денетәрбие қимылы жайында зерттеулер жүргізіп, ой ортақтастыруын өтінер едім.

  Серікбол Ерәділұлы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*