Атбегі Қанат Ахметов: 51 шақырымдық аламанға қазақы тұқымдар ғана жарайды

р., (2)— Ассалаумағалейкум, Қанат аға, сіздің туған жеріңіз қай өлке?

-Менің туған жерім Жаңаарқа өңірі. Ол жақта Ортау, Ақтау, Қызылтау деген үш тау бар, осының Ақтауына жақын Қосшоқы деген жерде туыппын. Елден ерте кеттім. Ауылымды сағынғанда:

Қосшоқы, Ақтау қамалым,

Өмірге келген алаңым,

Сағынышымды арқалап,

Құстай ұшып барамын, — деп, әндететінім бар.

-Елден ерте кеттім дейсіз бе?

-Иә, 1964 жылы орта мектепті бітірген соң Қарағанды маңындағы Шақан дейтін кентке көшіп келдік. Теміртауда Арбаш дейтін туған жездем тұрады. Апамның аты – Тұрсатай.  Жұмыс істейін деп апа-жездемнің қолына бардым. Мен барардың алдында Тұрсатай апам қайын сіңілісі, яки жездемнің туған қарындасы Сара Алпысқызын қаланың комсомол жетекшісі Нұрсұлтан дейтін жас жігітке ұзатқан екен. Бұл кісі қазіргі аса мәртебелі ағамыз Нұрекең. Нақтырақ айтқанда Нұрсұлтан Әбішұлы.

Ауылда өскен қазақы баламын Нұрекеңе жездесініп жақын жүрдім. Бір күні Нұрсұлтан Әбішұлы, «Ей, Қанат сен спортты жақсы көресең, әрі шымыр жігітсің сен офицер бол! Мен сені офицерлік оқуға жіберейін» деді. Мен бірден ықылас таныта қоймадым. Содан көп уақыт өткен де жоқ, Нұрекең мені «елімізде қазақ офицерлері аз сен әскери боласың» деп Өзбекстанның Шыршық қаласындағы  танк училщесіне оқуға жіберді. Мен оны екі жыл оқып бітірмей тастап кеттім. Қысқасы, қашып кеттім…

-Содан қайда бардыңыз?

-Теміртауға келдім.

-Жұмыс…

-Шахта да істей жүріп, күреспен айналыстым.

-Қандай күрес?

-Самбо. Қазақстанның үш дүркін чемпионы болдым. Одақта жүлделі орын алып «КСРО спорт шебері» атағын қорғадым.

-Көкше өңіріне қай кезде пайда болдыңыз?

-1970 жылы үйлендім. Кешікпей қызды болдым. Дәл тұста Молдавияның Бельси деген қаласында самбодан КСРО чемпионаты болды. Мен жүлделі орын алдым. Жарыс аяқталған соң мені Көкшетау облысының Шучинск қаласына тынығу демалысына жолдама берді. Осында жүріп Көкшетау қалалық спортын басқармасының бастығы Иван Петрович дейтін адамға жолықтым. Ол кісі самбо күресінен жаттықтырушы іздеп жүр екен. Содан ойымда ештеме жоқ Иван ағайға «менен артық жаттықтырушы таппайсыз» деп қалжыңдадым. Ол кісі «онда сені жұмысқа шақырттам» деді. Сенбедім. Содан тура қыркүйектің 1 күні шақыру келіп тұр. Жетіп келдім. Жұмыс дайын екен. Бастап кеп кеттім.

Алланың бұйрығын қарамайсыз ба, содан бір жылдың ішінде қаладан пәтер алып үлгердім.

-Ол пәтер қалай оп-оңай қолыңызға тие қалды?

-Ол кезде Көкшетау облыстық компартияның бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбеков деген ағамыз. 1971 жылы облыстық жастар спартакидасы өтті. Мен самбо күресін қазіргі шоу сияқты жүргізіп жаттым. Бәйге тігем де көрермендерді күрестірем. Арасында өзім кілемге шығып күресе кетем. Қырғын шу.

Сөйтіп тұрғанда жауын жауды. Елдің бәрі тарап кетті. Менің көрермендерім мен спортшыларым тарамайды. Нөсер жауып тұр. Осы кезде спартакиаданы облыстың бірінші хатшысы сырттай бақылап жүреді. Елдің бәрі тарап кетсе де, бір топтың жауын астында шулап жатқанын көреді. Қасындағы көмекшілерін «аналар кім?» деп сұрайды. Олар айтады: «бір самбист қазақ, елді шулатып жатыр» дейді. Хатшы «оны шақырып кел?» деп шауыпкелін жіберді. Мен қызылшапқын күресіп жатсам, біреу келіп, «сені бірінші хатшы шақырып жатыр» деді. Жастық бар, оның сыртында қызуқандылық басым дегендей, «уақытым жоқ, қолым бос емес, бара алмаймын» деп қайтарып жібердім. Күресіп жатырмыз. Тағы біреуі келді. Баяғы хатшы шақыру екен. Оны да қайтарып жібердім.

Біз шулап жатсақ, қасымызға сүліктей екі қара волга келіп тоқтады. Ішінен салиқалы біреулер түсті де, тура келе жатыр. Топтың алдында келе жатқан үлкен кісі:

-Ей, балам сен қайдан келген адамсың?-деді. Мен:

-Қарағанды жақтан келдім, -дедім.

-Бала-шағаң бар ма?

-Бар.

-Үйің бар ма?

-Жоқ.

Сөз осымен бітті. Ертеңінде қолыма бір бөлмелі пәтердің кілті тиді.

-Қанат аға, менің білетінім сіз осы Көкшетау өңір спортының дамуына бір кісідей еңбек сіңірдіңіз, әрі осы өлке де ұлттық спорттың да қалыптасуына ықпал еттіңіз. Осы жайлы айта отырсаңыз?

— Еліміз тәуелсіздік алған жылдары менің көкейімде «ұлттық құндылықтарды неге дамытпаймыз» деген сұрақ тұрды. Содан барлық құжат- қағазды дайындап, ұлттық  мектептің жоба-жоспарын жасап, облыстық мәслихатқа енгіздім. Өйткені, бюджетті мәслихат бекітеді ғой.

Ол тұста мәслихат депутаттарының дені басқа ұлт адамдары еді. Оларға қансорпам шығып жағдайды бір-бірлеп түсіндірдім. Ақыры, 1991 жылы «Дәстүр және өнер мектебі» дегенді аштым. Артынан бұның өзгертіп «Ұлттық спорт түрлері мектебі» деп жаңадан құрдық.  Бұл шаруаға көмек жасаған адам ұлттық спорт түрлерінің жанашыры, қазіргі таңда ҚР Ұлттық спорт түрлері бойынша құрметті президент Қайрат Сатыбалдыұлы. Қайракеңнің бір ауыз сөзін алға ұстап, облыс әкімі Сергей Кулагинді көндіріп, облыс көлемінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға орай тудырдық.

-Қанат мырза, «Ұлттық спорт түрлері мектебінде» ұлттық спорттың қандай түрлерін қамтылды?

Алғашында, мектеп қабырғасында: бәйге, құсбегілік, тоғызқұмалақ, қазақша күрес болды. Кейін теңге ілу қосылды. Көптеген бәйге аттарын жинадық. Кешікпей біз баптаған бәйге аттары үлкен жарыстарда маңдайы жарқырып бірінші келетін дәрежеге жетті.

Атап айтқанда, 1998 жылдың маусым айында Астана қаласының тұсаукесер тойы өтті. Осы мерекеге орай Астана маңында үлкен бәйге ұйымдастырылды. Аламан жарыста «Критика» деген жүйрігім екінші болып келді. Жорға жарыстан «Ботакөз» деген атым бірінші болып келді. Сол сияқты топ бәйге және желісті аттар сайысынан тағы да біз баптаған жылқылар топ жарды.

-Дұрыс көке, енді мына сұраққа жауап беріңізші? Алдағы қыркүйек айында Астана маңында 51 шақырымдық аламан бәйге өтпекші. Осы жайлы не айтасыз?

-Өткен жылғы 43 шақырымға шапқан бәйгенің жалғасы емес пе?

-Иә…

-1995 жылы Абайдың 150 жылдық тойы өтті. Осы тойда аламан бәйге 40 шақырымға жіберілді. Барлығы 180-нен астам ат қосылды. Осы жүйріктерден көмбе (мәре) көргені 30-ға жетпейді. Бәрі жолда қалып қойды. Тіпті бірінші келген жылқы сол жерде өліп кетті. Сізге енді мынаны айтайын: осы аламанда екінші келген «Көкдауыл» біздің жүйрік болатын. Бапкері бурабайлық Балабек деген жігіт.

Бұл жылқы қалай екінші болып келді десеңіз, қанының 80 пайызы  қазақы тұқымнан болатын. Демек, бұндай ұзақ қашықтық тек қазақы қаны бар, байырғы тұқымдар ғана жарайды деген сөз. Сондықтан бұл бәйге қазақы тұқым жүйріктеріне арналып отыр деп ойлаймын.

-Осы қазақы тұқым жылқыларын алыс қашықтыққа баптайтын бапкерлер бар ма?

-Бар. Оған сөз жоқ. Мысалы, мына Қостанай жақта ешқандай қан қосылмаған «Шаңжұқпас» дейтін жүйрік болды. Аты есімде жоқ осы жүйріктің бапкері ауылдың қара шалы еді. Осы кісі ат баптағанда күні-түні атмен бірге ұйықтайтын. Тура бәйге болатын күні таңмен атын жайылтып жүретін. «Бұныңыз не ақсақал?» деймін ғой, жарықтық қабағын керіп қойып, «бұл менің жеке тәсілім, аш өзекпен жылқы шаба алмайды, жайылту  керек» дейтін. Осындай шалдар әлі де бар.

Мысалы, қызылордалық бір қазақы атбегі тура шабайын деп тұрған жылқыға жарты шелек су ішкізеді екен. Бұл нені білдіреді? Ыстық жақтың аты тершең келеді де, шапқанда көп тер ағызады. Ал, су ішкен жылқы тері түгесіп, кеңсірігі кеппей еркін шабады.

-Көкшетау өңірінде ең жақсы атбегі кім?

-Көкшетауда Ұлпат Усманов деген татар жігіт бар. Оның ерекшелігі үйренуден жалықпайды. Баптаған атын ыстық парға кіргізіп терін алады. Таза сумен жуады. Жалпы жылқы мен адамның организмі бірдей, тек көп жыл спортшы болып жаттыққан адам, атты да өзі сияқты баптайды. Сол сияқты Ұлпат өзі мықты спортшы болған жігіт. Осы азаматтан үйренетін дүние көп.

-Әңгімеңізге рахмет!

Бекен Қайратұлы

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.