Ром Әуесхан: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы алыстағы ағайынға көмектесіп жатыр

1780893_588353841252883_852894109_n
Ассалаумағалейкүм аға, алдыменен Монғолиядағы қазақтың ұлттық спорт түрлері жайында тоқталып өтсеңіз.

— Әу басында қазақтың ұлттық спорт түрлері көшпенді елдің ойындары ретінде еді. Ауыл болып, ел болып, жиын-тойларда асыр салып ойнап жүрген еді. Кейін Қазақ елінің бастауымен осы ойындарымыз ұлттық спорт түрлеріне айналды. Бұл спорттан Монғолия да қалысқан жоқ. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу, асық ату, тоғызқұмақ сияқты көптеген спорт түрлері жақсы дамып келе жатыр. Мысалы, көкпарды бұрын жаппай тартып жүрсек, қазір жаңа бекітілген ережеге сай жүреді. Бұл басқа да спорт түрлеріне қатысты. Жалпы, құдайға шүкір, жағдайымыз жақсы.

Монғолия қазақтары арасындағы ат спортының жай-күйі туралы кеңірек айта отырсаңыз.

— Алдыменен көкпар жайында айтайын. Көкпар атам заманнан бері, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ойын. Және де бізден кейін де жалғасады. Өйткені Монғол қазақтары жаз болсын, күз болсын, жылдың қай мезгілі болсын дала жүреді. Балаларымыз кішкентайынан көкпарға бейім болып өседі. Бұл өміріміздің бір салты десек қателеспейміз. Бірақ, соңғы кездері көкпарды кәсіби ереже бойынша тартып жүрміз. Мұны да айта кету керек. 2013 жылы Қазақ елінің бастауымен көкпардан алғашқы Азия чемпионаты өтті. Қатыстық, үйрендік, көп сабақ болды. Әлемнің тоғыз мемлекетінен келген командалар бақ сынады. Біз Түркия мемлекетін ұтып кеттік.

Енді аударыспақ жайында айтсақ, бұл Монғолия қазақтарының ішінде кенжелеп қалған ойын түрі болатын. Десе де бар күшімізді салып, ел арасында кәсіби ережеге сәйкес аударыспақты насихаттап жүрміз. Осының нәтижесінде былтыр өткен Азия чемпионатына Ережеп Нұрболат есімді шәкіртім 90 келі салмақ дережесі бойынша келіп қатысты. Екінші орын алып, жүлделі болып қайтты. Бұл да үлкен жетістік деп санаймыз.

Әрине. Сонда аударыспақ қалың бұқараның арасына енгізілді дейсіз ғой.

— Ия. Жастар аударыспақпен шұғылданып, Монғолияның әлемге белгілі палуандары осы спорт түрімен айналысуда. Елдің назарында жүрген спортшыларға еліктеп білекті, күшті басқа да жастарымыз аударыспаққа ден қоюда. Ең бастысы қызығушылық бар.

Әңгімені саятшылық жайында жалғастыра отырсақ.

— Саятшылық басқа елдермен салыстырған да тең дамуда. Басқа ел деп Қазақстан мен Қытай елін айтып тұрмын. Монғолияның өзінде екі федерация бар. Бірі қыркүйек айында,  екіншісі қазан айында арнайы үлкен фестивалін өткізеді. Бұл үшін шетелден туристер келіп, басынан аяғына дейін қызықтап көріп, екі мыңнан аса адам жиналады. Екі-үш күнге жалғасқан ұлан-асыр той болады. Жалпы, бізде саятшылық дамыған спорт түрі. Бізден өтіп, алыс-жақын шетелге де жайылып жатыр десек артық айтқанымыз емес.

Қазақстанмен байланыстарыңыз жайында да айта отырсаңыз.

— Қазақ мемлекетінің Ұлттық спорт түрлері қауымдастығымен кең қолтықта бірігіп жұмыс істеп отырмыз. Шақырған жерінен қалмаймыз, еш сайысынан қалысып көргеніміз жоқ. Олардың жасаған ережелері бойынша жарыстарға дайындалудамыз. Қазақтың Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы алыстағы ағайынға көмектесіп жатыр. Жетпегінімізді алып беріп, сұрақтарымыз болса жауап беріп үнемі көмектерін аямауда. Сайыстарға өз қаражатын бөліп алдырады. Бұл бізге үлкен көмек. Біз де, халқымыз да дән риза.

Болашақтағы жоспарларыңызбен бөлісеңіз.

—  Жоспар көп. Қайсы бірін айта бересің. Ең маңыздысы 2017 жылы Экспоға орай ұлттық спорт түрлерінен әлем чемпионаты өткізіледі екен. Сол іс-шараға жатпай-тұрмай дайындалу үстіндеміз.

Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан осындай ұлттық құндылықтарымыз да кейінгі буынға қалдыру басты мақсат. Сондықтан Монғолияда азғантай қазақ болсақ та ұлттық спорт түрлерін дамытып жүрмекпіз. Өзімнің бір арманым бар еді, мүмкіншілікті пайдаланып айта кетейін. Қазақ елінің бастауымен біз үшін, яғни монғолия жерінде арнайы ипподром салып берсе тамаша болар еді. Ертелі ме, кеш пе бұл арманым да орындалады деген сенімдемін.

— Рахмет.

Әңгімелескен Рүстем Нүркен

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*