Ардақ Назаров: Спорт – ұлтты әлемге танытатын үлкен құрал

арТарихи сана дегеніміз — ата-бабамыздың жүріп өткен жолы

-Ардақ Құттықожаұлы, сізге қойылатын әуелгі сұрақ, өзіңіздің туған жер, өскен ортаңыз жайлы айтып берсеңіз?

-Атақты «Көкті құшып, күн сүйген» Тәңір тауының етегінде «Қақпақ» дейтін шағын ауыл бар, сонда қарапайым отбасында туып өстім.  Бір шаңырақта алты баламыз. Мен әжем Рахияның тәрбиесінде есейдім. Жарықтық майдан қыл суырғандай баппен сөй­лейтін, қызыл тілге шешен адам еді. Сондықтан да болар, орта мектепте оқып жүргенде, кіші­гірім сахналарда Төле би, Қазыбек би, Әй­те­ке би сынды тарихи тұлғалардың рөлдерін жиі сомдайтынмын.

Әкем Құттықожа Кеңес үкіметі кезінде ауылда кино механик қызметін атқарды. Қазір ауылдың орта мектептебінде директордың орынбасары.  Анамның мамандығы есепші болатын, қазір зейнеткер, немерелерін айналып-толғанып аман-есен жүріп жатыр.

-Алғаш спортпен шұғылдануды қашан, қайда бастадыңыз?

-Спортты алғаш 1991 жылы ауылда бастадым. Алдымен грек-рим күресімен шұғылдандым. Алла шүкір бүгінгі жеткен биігімді әуелі Алланың қамқоры, одан соң қадірлі ата-анамның ақ батасы деп ойлаймын. Ауылда анау айтқандай спорт клубы жоқ қой. Үйдегі сиыр қораның ішінде өзім қолдан жасап алған спорттық құралдарым (құм толтырған қап, зілтемір ретінде көтеретін трактордың темірлері) бар болатын. Менің болашақ спортшы ретіндегі алғашқы қадамым осылай басталды десек болады.

-Спорттағы ұлттық рух жайлы не айтасыз?

— Спорт – ұлтты әлемге танытатын үлкен құрал. Ал, қазіргі үлкен спортта жүрген азаматарды бүгінгі күннің батырлары десек жарасады. Біреулер айтып жүргендей, жекпе-жек – төбелес емес. Ол – өнер. Ақылың асып, ай­ла-тәсілің жетіп жатса, қашанда мерейің үстем. Ал баз біреулер айтқандай, «рухың» мықты болса, жеңіс сенікі емес. «Рухың» тек рингке алып шығуы мүмкін. Ал дайын­ды­ғың кемшін, айла-әдістерді жетік мең­гер­месең, рингте «ұйықтап» жатасың. Сон­дық­тан рухыңа – күшің, ақылыңа айлаң сай болуы керек. Жеңістің кілті – осында.

Адам баласында құстың қос қанаты сияқты екі күш болады. Бірі – дене қуаты, екіншісі – рух қуаты. Егер рух қуаты болмаса дене қуаты түкке тұрмайды. Рух  қуаты күшті болу үшін имани ұғым керек. Мысалы, «нар тәуекел» дейміз. Имани ұғым-түсінігі болмаған адам кімге, неге, тәуекел етпек. Адам тек Аллаға ғана тәуекел етуі тиіс емес пе?! Адамға жәрдем-қолдау беретін тек қана Алла. Осыны толық түсініп, иман келтірмейінше адамның рух қуаты орнықпайды. Сол себепті спортшы адамды тәрбиелеушілер (бапкерлер) рухани тәрбиеге қатты маңыз бергені дұрыс. Ол үшін ол адамның өзі де рухани тәрбиеден сусындаған болуы керек.

-Сізге өзгеше бір сұрақ қойғанды жөн көріп отырған жайымыз бар, яғни, «Тарихи сана» деген ұғымды қалай түсінесіз?

-Тарихи сана дегеніміз — ол ата-бабамыздың жүріп өткен жолы. Қазақ айтады, «Алдыңда жүрген ағаның етегін баспа жолын қу, артыңдағы ініңнің бетінен қақпа, белін бу» дейді. Біз ата-бабаларымыздың елін-жерін қорғаған ерлік істерін ескере бермейміз. Егер біз қазақ болып туғанымызға мақтана алмасақ тарихи санамыз өшті деген сөз. Өте бір өкінішті жағдай қазақ болып туғанына намыстанатын ұрпақ пайда болды. Бұл тегін білмеудің кесері. Өйткені, бұның арғы жағында тарихын білмеу жатыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, қазақ тарихында адам ұялатындай нәрсе жоқ. Әрбір қазақ елі үшін қызмет етуі тиіс. Өйткені, мына ел мен жер бізге аманат.

Негізінен тарихи сана тәрбие арқылы қалыптасады. Ал, тәрбиенің негізі – отбасында. Егер жанұя-отбасы мықты болса, ауыл мықты, ауыл мықты болса, аудан мықты, арықарай мемлекет күшті. Ондай елді жау да, дау да ала алмайды.  Одан кейін адам баласына рухани һәм имани тәрбие керек. Бұлар бірлік бар жерде пайда болады. Атамыз қазақ, «бірлік бар жерде, тірлік бар» деп бекер айтқан жоқ.

Әуелгі байлық – имандылық

-Қазіргі заманда, яки қоғамдық ортада білімнің бәсі азайған сыңайлы. Кім пысық сол өрге шауып кетті. Тіпті кейбір бапкер ағалардың өзі, «спортшыға білімнің не қажеті бар, күш-қуаты көп болса жетеді…» дейтін сыңаржақ пікірлер айтуда. Осыған сіздің көрқарасыңыз қандай?

-Ой-өрісі таяз адам спортшы емес, тек қара күштің иесі болуы мүмкін. Нағыз спортшы өзін – туған халқының тұлғасы, бет-бейнесі, ар-ұжданы, қайрат-күші, қажыр-намысы ретінде сезіне білуі қажет. Жалпы, кім болсын рухы күшті, имани қуаты асқақ болмайынша ұлтқа үлгі болуы қиын. Халық үлгі тұтқан тұлға білімсіз болса, ол қасірет. Білімсіз адам – қиянатшыл келеді.  Даналарымыздан қалған «Жастық шақта алған білім — тасқа ойып жазғандай» деген қанатты сөз бар. Жастық шақта «тасқа ойып жазғандай» білім алып, құлшылықтар істейтін болсаңыз, мына әлемнің қызық-шыжығынан тиылып, өзіңіздің нәпсіңізді берік ұстайтын болсаңыз, ол амалдарыңыз бір Алланың алдындағы дәрежеңіздің биік болуына бірден бір себепкер.

Білім – мұсылманның басты қаруы. Білім бар жерде ғибадат та күшті болады. Адам ғибадаты күшейген сайын Алладан қорқатын болады. Яғни, білімді адамдар – Алладан көп қорқатындар. Сол себепті ақыл-есі сау адам білім іздейді. Даналарымыз айтқандай «білімсіз адам – жүзе білмей тұрып, дарияға секірген ақымақ сияқты».

-Түсінікті. Ал, енді үлкен спортағы иман мәселесі, яғни ислами тәрбие жайында дәл қазір қазақ спортшыларының арасында сізден артық ешкім толыққанды жауап бере алмас деген пікірдеміз. Сөзіңіз аузыңызда…

-Кезінде ата-бабаларымыз қарумен ел қорғаған болса, бүгінгі бейбітшілік заманда елдің намысын көтеретін спортшылар деп ойлаймын. Егер осы спорт арқылы балалар имандылыққа, жақсылыққа келіп жатса, онда оны қолдауға болатын шығар. Өйткені, иман бар жерде жақсылық болады.

«Отанды сүю – иманнан» деген. Ал иманы бар жастар – Қазақстанның, ертеңгі ұлттың болашағы. Сондықтан, жастар имандылыққа бет бұрған болса, ол ертең жаманшылыққа бармайды. Ел үшін шын жүрегімен қызмет ететін болады. Жастарға айтарым, ең бірінші бізге керегі – имандылық. «Әуелгі байлық – денсаулық» дейді. Мен айтар едім, әуелгі байлық имандылық.

Бірақ денсаулығы бар адамдардың арасында Алла Тағаланы танымағаннан кейін арақ ішіп, темекі тартып, нашақорлыққа ұрынып денсаулығын қор етіп жүргендері де бар. Сондықтан осы сөзді өзгертіп, әуелгі байлық – имандылық деп отырмын. Егер имандылық болған болса адам денсаулығының қадірін біледі. Сол денсаулығын Алла Тағала разылығы үшін жасалатын істерге жұмсайды.

Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Кәрілік келмей тұрып жастықтың қадірін, ауру келмей тұрып денсаулықтың қадірін біліңдер» дейді. Алла Тағаланың бізге берген жастық шағында Алланың жолына түскенім үшін қуанамын. Кей адамдарға барып, «намаз оқы, құлшылық қыл» дейтін болсаң, «ертең қырыққа, елуге толғанда оқимын ғой» дейді. Оларға намаз оқу кәрілердің ісі сияқты көрінеді. Ал қартайған адамды намаз оқуға шақырсаң, ол: «Балам-ау, тізем ауырады, көзім көрмейді, тілім келмейді» дейді. Сөйтіп, өзінің денесіне сіңіп қалған күнәларын істеп, ахиретке қалай өмірінің озып кеткенін білмей жатады.

-Демек, шынайы тәрбие, шынайы өмір, шынайы исламда дейсіз ғой…

-Шын мәнінде, Ислам ізгіліктің діні. Ислам дегеніміз – тұнып тұрған тәрбие. Ата-анасы балаларының арақ ішпеуін, біреудің ала жібін аттамауын, пара алмауын, жамандыққа әуес болмауын қалайды. Исламның да айтары осы. Алланың дінінде «адамға жаманшылық істе» дейтін жері жоқ. Бұл — кемшіліксіз, мүлтіксіз дін. Егер адам намаз оқыған болса оның мінезі көркемдене түсуі тиіс.

Алла Тағала Құранда «Күдіксіз намаз сендерді арсыздықтардан, жамандықтардан тыяды» дейді. Бала бұрынғы істеген күнәларынан тыйылып, ата-анасын сыйлап, құрметтеп тұрса, ол имани тәрбие сіңген ұрпақ болып саналады. Бала жақсы болса, ата-ананың қуанышы, жаман болса – қайғысы. Сондықтан, ата-ана балаларына бағыт-бағдар беріп «Балам, сен Алладан қорық, иманға бет бұр» деп Ислам дініне қарай тәрбиелейтін болса, сол бала өскен кезде елінің ертеңі, болашағы болады.

Әңгімелескен – Бердіхан Құсайынов

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*