Бақытбек Ақыбиұлы: Ат жалын тартып міне бастаған кезден-ақ көкпарға әуесім ауды

 12647602_946188192113889_1316332201_nБаян-Өлгей аймағында жүрілетін Көкпар сайысының 10 реткі жеңімпазы Бақытбек Ақыбиұлы кеше Моңғол елінің «Саңлақ шопаны» деген атаққа ие болды. Көкпаршы әрі құсбегі азамат қазақтың ұлттық ойын түрлерімен қатар, халқымыздың байырғы ата кәсібі төрт түлік мал өсірумен де атағы шығып жүр. Бүгінгі таңда Бақытбектің бір өзінде 2100 қой, 500 ешкі, 110 сиыр, 130-дей жылқысы бар. Бақытбек бауырымыз 2013 жылы Астанада ұйымдастырылған халықаралық көкпар додасында (Азия чемпионаты) Бай-өлке командасын бастап келген болатын. Сондай-ақ, соңғы жылдары Бай-өлке көкпаршыларын бастап барып Қытай елінде екі дүркін өнер көрсетіп қайтты.
Осы орайда, Бакытбек мырзамен астаналық журналшы Майгул Сұлтанның жүргізген сұхбатын жариялап отырмыз!

— Бақытбек Ақыбиұлы, өзіңізді оқырмандарымызға таныстыра кетсеңіз?
— Жанұямыздағы 9 баланың 3-ші ұлы болып дүниеге келдім. Әкем Ақыби өлкеміз Сақсай сұмынының ыстығы мен суығына күйіп, «Қызыл бұрыш» атанған өнер үйірмесін әр заман сатысымен басқарып клуб, театр, кемелденген мәдениет үйі дәрежесіне дейін жеткізу жолында жұмыс жасап, бар өмірін киелі сахнаға арнады. Өзі әнші, өзі композитор болатын. Әкем ел есінде қалатын талай концерттер берді. Өнерге шәкірттер тәрбиеледі. Анам өлкеміздегі бала бақшада бүлдіршіндерді тәрбиеледі. Ата-анам қоғамда осындай жұмыстарды атқара жүріп 9 баланы тәрбиелеп, оқытып, өз тұғырларына қондырып кетті. Осындай ата-ананың тәрбиесінде өскен ұлыдң кенжесі мен едім.

Көкпарға қызығушылығыңыз қалай басталды?
— Әкем Ақыби Сақсай сұмындағы театр ұжымын басқарып жүрген соң барлық мәдени іс-шараларды сұмындық әкімшілік әкеме жүктеп жатады. Әкемнің мына әңгімесі әлі есімде. 1988 жылдары қоғамда жаңарту, қайта құру деген басталды. Ұзақ жыл шеттетіліп келген салт-дәстүрді жаңғырту керек деген ұрандар да көтеріле бастады. Моңғолиядағы ең әйгілі демалыс орындары әкей өмір сүретін Сақсай сұмынында болды. Осы жерлерге демалуға келген шетел және ел іші туристеріне ұлтымыздың салт-дәстүрін көрсету керек болды. Сөйтіп, өз арамызда дабыра қылмай жастарға ұлттық ат ойындарын үйретіп, оны туристерге таныту жұмысы жасалып жатты. Әр күні кеште жастар арасынан екі жігітті таңдап алып, оларға ауылдың шетінде барып көкпар ойынын көрсету бұйырылған көрінеді. Сонымен ұйымдастырушылар алғашқы байқауды қашан өткізу жайлы өлке ақсақалдарымен ақылдаса отырып, бұрыннан тойланып келе жатқан дәстүрлі мерекеміз Наурыз кезіне тұрақтандырады. Көптен күткен Наурыз да жетіп, екі емес оннан астам жігіт сақадай сайланып көкпар өткізуге келеді. Алғашында тері орнына қанармен тек қана ойын ретінде тарту міндеттелсе де, жігіттер қыза-қыза ойынға шынайы кіріседі. Жиналған жұрт та тамсана тамашалайды. Біз ол кезде баламыз. Осы жарыстарды ес білген шағымызда көріп қалдық. Оның басы-қасында әкеміз жүрді. Іле-шала 1990 жылдардан бастап көкпар ойыны Наурыз сайын өтіп тұратын болды. Қазір ойласам әкемнің өнер саласында жүріп, ұлтымыздың салт-дәстүрін жандандыруға деген алғашқы қадамы осы екен ғой деп топшылаймын. Көкпар ойынының Моңғол еліндегі қазақтардың арасына қайта оралтудағы жұмыстары менің де көкпарға деген қызығушылығымды арттыра түсті. Сөйтіп ат жалын тартып міне бастаған кезден-ақ көкпарға әуесім ауды.
Көкпардан ең алғаш үлкен додаға Баян-Өлгей аймағының 1997 жылы Наурыз тойына ұйымдастырған көкпар сайысына қатыстым. Осы жолы көкпарға қатысу үшін мықты ат болу керек екенін аңғардым. Қойға салмай, көп шаршатпай тек арнайы кептіріп дайындап алған көк шөппенен, сұлы беріп жемдеп көкпарға арнайы ат дайындай бастадым .Соның нәтижесі болар 2000 жылдан бастап түрлі іс-шараларға байланысты өтіп отырған Көкпар сайысында атымның күшімен, білек қарымыммен талай тартыста жеңіске жеттім.
— Сіздерде Көкпар тартысы қалай өтеді?
— Бізде тым ежелгі дәстүр бойынша көк серкені сойып басын алып тастап тартысамыз. Жеңілгендер ойыннан шығып отырады да, жеңгендер ары қарай жалғасты тартысқа түседі. Ең соңында қалған екі көкпаршы ойынның жеңімпазын айқындайды. Бізде көбінесе жеребе арқылы кіммен кім шығатыны айқындалып жатады. Ереже бойынша көксеркені тақымға қыспай, тек қолмен ұстап тартысу қажет.
— Баян-Өлгейде Көкпаршылар көп бе?
Көкпаршылыққа арнайы дайындамаса да, атқа мінер жігіт саны көп. Содан болар Көкпар ойынына қатысатын азаматтар әр жолы көп болып жатады.
— Өзіңіз сияқты жеңімпаз көкпаршылар сыйлыққа не алады? Құпия болмаса айта кетсеңіз?
— Мен көкпарды жеңіп керемет бір сыйлық ала қояйын деген оймен қатысқан емеспін. Ұлттық спорттың жанашыры ретінде осы ұлттық ойынмен айналысып келемін. Менен көктеріні тартып алу үшін жігіттер барын салады. Жігіттер алқынып, көрермендер айқайға басып, арқасы қозып қалады. Енді сұрағыңызға келсем, Баян-Өлгейде қазақтар көп тұрғанмен Моңғол елінің заңына бойсынбай болмайды. Сондықтан да олар қазақтың көкпары деп арнайы жүлдеге қаржы бөлмейді. Кей жылдары көкпар сайсын қаржының тапшылығынан өткізе алмай жүрген кездер де болды. Басқасын айтпағанда, бірнеше жылдың алдында Баян-Өлгей аймағының 70 жылдық торқалы тойында өткен Көкпар сайысына берер сыйлықтың жоғы белгілі болса да таңнан кешке дейін тартысып, ең соңында барлық қарсыласымды жеңіп үйге құр қол қайтсам да еш ренжімедім. Осы ұлы тойға қатысып, жұртқа ұлттық ойынымыздан тартымды ойын көрсете білгенім үшін қуандым.
Соңғы 10 жыл бізде туризм бағытында «Бүркіт тойы» аталған той дамыды да, осы тойға арнайы Көкпар тартысы өтіп жүр. Баян-Өлгей жігіттері шетінен рухы биік, ұлтжанды азаматтар ғой. Ұлттық ат спортымыз дамытып, келер ұрпаққа үлгі болайық деген тілекпен көкпардың жыртысын жыртып жүрген жаймыз бар.
— Баян-Өлгей аймағының 70 жылдық тойы жарияланған альбомдардан сіздің суретіңізді көп кезіктірдік. Бұл сіздің көкпаршылық даңқыңыздың әсері ме? Ол ол ма, құсбегілік өнеріне қатысты сурет іздеп қалсақ та, бүркіт ұстаған сіздің суретіңіз шыға келеді.
— Баян-Өлгейде құсбегілер көп қой. Әркім өз қалаған адамдарын суретке түсіріп жатады. Ат әбзелдерім, ұлттық киімім фотографтарға ұнайтын шығар. Содан ба құсбегілікке қатысты мақалаларға мені таңдап қойып жатады. Баян-Өлгейдің 70 жылдық тойында талай суретім жарнамада жүрді. Біздегі қаламгерлер ұлттық дәстүрді шетелге танытуда құлшыныстары жақсы ғой. Енді бір жағынан мен Өлгей қаласына жақын жерде тұратындықтан алыс- жақыннан келгендер суретке жиі түсіріп жатады. Өздері іздеп кеп қазақы мәдениетті насихаттап жүрсе оларға алғыстан басқа не айтамыз.
Қазақстанда жүріліп жүрген көкпарын көрдіңіз бе? Көкпармен қазақстанмен байланысыңыз барма?
— Сіздердегі көкпарды көрдім. Өте қатты ұнады. Сіздерде ұлттық ат спортымен айналысып, жастарды тәрбиелеп отыратын арнайы мектеп те бар екенін естимін. Ол да көкпарды әлемдік деңгейге шығарудың жолы ғой. Қазір әлемде жеке спорттан гөрі топтық спорттың заманы дәуірлеп тұр. Қазақстан бұны жақсы жолға қойып алды. Осыдан 10 жыл бұрын күшімді атамекенде көрсетсем деп армандап едім. Міне уақыт та өтіп барады. Екі көзіміз төрт болып, ұлттық спортта әлемдегі бар қазақтың үлкен дода қазақ даласында қашан өтеді екен деп елеңдеп жүреміз. Ұлттық спорт жанашырлары осындайға ұйытқы болса екен. Қазақ даласында біз көрмеген дүбірлі доданы менің бауырларым көрсін деймін.
— Өз бабаларыңыз жайлы айтып беріңізші?
— Моңғолия қазағында Бейіс зәңгі атанған ауыл бар. Біреулер «Бежең ауылы» десе біреулер «Көп қалақша ауылы» деп атайды екен. Оның мәнісі 1900 жылдары 20-30 домбырашы қатар отыра қалып домбыра шертеді екен. Бұлардың бәрі бір ауыл бір әулеттің адамдары болса керек. Ол кезде көп домбырашылардың бір жолда күй тартуы өте керемет жаңалық болса, қазіргі оркестрдің бастамасы ғой. Міне осы айтып отырған менің ауылым. Ұлы атамыз Кеңесбай атымен аталатын Ұланқус сұмын өлкесінің Шарнохайтында үлкен сай бар. Атамыз Момбай Кеңесбайұлы Алтайдағы Оспан батырға көмекке барып соғысқа қатысқан кісі екен. Бүгінгі көзі тірі қарт Сейітхан атамызды жұрт жыр қылып айтады. Атамыз Момбайды ауыл «Тентек ата» атаған, бақсылығы да, шешендігі де бар ақын кісі болыпты. Апамыз Батиха да қисса, дастандарды жатқа айтатын, халық әндерін тамылжытып орындайтын әнші апа болыпты. Осындай ата-ападан тәрбиеленген әкем Ақыби өмір жолын аймағымыздағы алғашқы оркестрде домбырашы болып бастап, жоғарының тағайындалуымен Сақсай өлкесіне барып өмірінің соңына дейін Сақсай сұмын мәдениетіне бар ғұмырын арнады. Әкем Ақыби еңбек демалысына шығысымен мал сатып алып, мал өсірді. Дін жолын берік ұстанып, өз күшімен қажыға барып мұсылмандық парызын өтеді. Мен ұлдардың кенжесі болған соң ата жолымен қара шаңырақта қалдым. Аллаға шүкір, жан жарым Назгүл Бақытқызы екеуіміз бес баламызды оқытып, тәрбиелеп, мал шаруашылығымен айланысып жатырмыз.
— Малды қолда өсіріп отырған ағайындардың соғым союды бастап кеткен шығар?
— Ата-бабамыз соғымды бекер соймаған ғой. Сүрленген ет ұзақ уақыт бұзылмай сақталады. Мен қара шаңырақта отырған соң үйге сыйлы қонақтар жиі келеді. Сондықтан осы қараша айында соғым сойып аламыз. Сөйтіп қонақтарды өз сыбағасымен сыйлап отырамыз. Біз үшін соғым көктемге дейін жетуі керек, сондықтан бір қысқа бір жылқы, екі сиыр, 30 қой, оннан астам ешкі сойып алсақ қыстан қысылмай шығамыз.
— Барлық үй осылай сояма ?
— Әркім әр қалай. Баян-Өлгейде елдің бәрі мал бақпайды ғой. Қалалы жердегілер соғымнан гөрі базардан жас етті сатып алса, ауылдағы малшы қауым соғым сойып, сүрлеп алғанды қош көреді.
— Енді байқаймын негізгі тамақтарыңыз ет екен. Қалалы жерде етті менсінбей, көкөніс пайдаланамыз. Осы жайлы сіздің көзқарасыңыз қалай?
Шынын айтсам біздің қазақ көкөністі шөп дейді. Шөп жеген адамда не қауқар, не күш болады дейсің. Ата-бабаларымыз өмір бойы етпен қоректенген. Таңнан кешке дейін шаруадан көз ашпаған бабаларымыз ауырдым деп ешуақытта үйде қамалып отырмаған ғой. Ал қазір балтыры сыздап, басы ауырмайтын қазақ некен саяқ. Міне ет тағамының адамға берер қуаты бол болып қалмастан, дәрумендерге мол екенін ғылым да дәлелдеп жатыр. Сондықтан, қаладағы, даладағы қазақ болсын еттен жерімесе екен деп тілеймін.
Ұлттық киімдерден не киесіз? Маған атын атап, түсін түстеп беріңізші. Сол көне киімдеріміздің атын да, затын да білмейтіндер көп қой.
Барлық киімдерімді анам тірісінде тігіп беріп кеткен. Аң және мал терісінен тігілген киімдерімді аңға шыққанда, тау-тасты кезіп жоғалған малды іздегенде киемін. Ал оюлы ұлттық киімдерімді той-томалақта киіп шығамын. Таулы жерде үнемі боран соғып суық болатындықтан ат үстінде жүріп тоңбас үшін тері шалбар және тері ішік киемін. Қыс күндері басымнан түлкі терісінен, түлкінің пұшпағынан тігілген Керей тымақты тастамаймын. Бұл киімдер далада қанша уақыт жүрсең де төзімді, жылы және жайлы. Көне заманнан бізге жетсе де өміршеңдігінің арқасында біз әлі пайдаланып келеміз.
— Құсбегілікке қалай құмарттыңыз?
— Қыста қыстайтын қорамыз Бөкентау деген жер. Биіктігі сондай, қасқыр да, бүркіт, сұңқар да көп келеді. Бүркіттер өрісте жүрген тоқты, серкешімді жеп кетіп жүрді. Мал шаруашылығымен жаңа айланыса бастаған кезіміз. Әрбір малымыз бізге қымбат. Содан бүркіттердің көзін құрту керек болды. Қазақта бүркіт киелі, оған қастық жасауға болмайды. Басым қатып жүргенде әкемнің: «Малға түсіп жүрген бүркіт осал емес екен. Ұстап баптар ма еді?» деген сөзін естіп қалдым. Ақыры қақпан құрып жүріп «жыртқыш» бүркітті ұстап алдым. Үлкен бүркіт екен. Бірнеше қанаты сыныпты. Оған кезқұйрықтың қанатын жалғап емдеп алдық. Қойдан келе ермегім сол бүркітті баптаумен болды. Қолға шақырып үйретемін. Шырғаға түсіремін. Оған қоян атып әкеп берем. Әкем де бала жасында білгендерін ұмытпапты. Құлағыма әдбен құйды. Оның сыртында өлкеміздегі бүркітшілердің қатары да аз емес қой. Міне осылай алысып жүріп құсбегіліктің қыры мен сырын ұғып алдым.
— Қасиетті қара шаңырақтың иесі екенсіз. Соңғы сөз сізден болсын.
— Ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін. Әр қазақтың мерейі ұстем болсын!
— Айтқаныңыз келсін! Моңғол еліндегі ағайынға тыныштық, амандық тілеймін!

Әңгімелескен Майгүл СҰЛТАН

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.