Ұлттық спорт түрлерінен ересектер арасындағы чемпионат басталды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай ҚР Ұлттық ат спорты түрлері қауымдастығының, ҚР Мәдениет және спорт минстрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің және Алматы облысы әкімшілігінің ұйымдастыруымен биылғы жылдың алғашқы ұлттық спорт жарыстары ту көтерді. 2016 жылғы Ұлттық спорт түрлерінен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының бәсекесі бүгін басталды.

Сәуірдің 11-17 жұлдыздары аралығына белгіленген биылғы елішілік чемпионат Алматы облысындағы Талдықорған қаласының атшабарында өтеді. Бұл дүбірлі додада жанкүйерлер төрт спорт түрінің тартысын тамашалай алады. Атап айтқанда, ұлттық спорттың саңлақтары көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы атудан сынға түсіп, 2016 жылдың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтайды.

Көкпар мен аударыспақтан ересектер арасындағы ҚР чемпионаты биыл XVI рет жалау көтермекші. Ал, Теңге ілуден ҚР чемпионаты Х рет, Жамбы атудан ҚР чемпионаты ІІ рет ұйымдастырылуда.

Қазіргі кезде Талдықорған қаласының атшабары барлық өңірден келген тұлпарлардың дүбіріне бөленуде. Чемпионатта төрт жүзден астам спортшы бақ сынайды. Жоғарыда айтылған төрт спорт түрінен Астана, Алматы қалалары мен он төрт облыстың командалары толық жиналды. Тек белгісіз себептермен Қарағанды мен Қостанай облыстарының көкпар командалары ғана жарысқа қатыспауы мүмкін деген дерек бар.

Чемпионаттағы ең тартысты бәсекенің бірі көкпар болса, білікті мамандардың болжамынша, жыл сайын үздіктер қатарынан көрініп жүрген Астана қаласының командасы, Жамбыл облысының «Әулиеата» командасы, Оңтүстік Қазақстан облысының командасы, Маңғыстаудың «Адай ата» командасы биылғы көкпардың бас жүлделерін сарапқа салады деп күтілуде.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.