Қарқаралыда Қазақстан Республикасының жастар арасындағы ұлттық ат спорты түрлерінен чемпионат басталды

IMG_5402IMG_5420

IMG_5446IMG_5660

12 тамыз күні Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында Қазақстан Республикасының жастар арасындағы Көкпардан — ІХ, Аударыспақтан — ІХ, Қыз қуудан — VІІ, Теңге ілуден –VІІ чемпионатының тұсауы кесілді. Чемпионатты ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, Қарағанды облысының әкімдігі, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырып отыр.
Осымен ұлттық ойындарымыз — көкпар мен аударыспақтан – ІХ, қыз қуу мен теңге ілуден – VІІ-ші рет ұйымдастырылып отырған чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті Б.Тілеухан, Қарағанды облысының әкімі Б.Әбдішев, Қарқаралы ауданының әкімі Х.Мақсұтов, Ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Р.Сәттібай қатысты. Қатысушылар арқа төрінде ұйымдастырылып отырған чемпионаттың ұлттық ойындарымыздың жандануының бірден бір көрінісі екендігін атап өтті. Ұлттық ойынға қызығушылық танытып, ат үстінде шеберлік танытып келе жатқан жастарға алғыстарын білдіріп, жеңіс тіледі.
Чемпионат 17 тамызға дейін жалғасады. Жеңімпаздар ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қаржылай жүлдесіне ие болады. Жастар арасындағы ұлттық ат спорты түрлерінен өткізіліп отырған чемпионатқа ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы 2 130 000 теңге көлемінде қаржы бөліп отыр.
Чемпионатқа еліміздің 8 облысы: Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Қарағанды облыстарынан және Астана, Алматы қалаларынан командалар келді. Облыстардан көкпар мен аударыспақтан – 10 команда, қыз қуу мен теңге ілуден – 8 команда келіп отыр. Олар 5 күн бойы ұлттық ат спорты түрлерінен додаға түсіп, өзара күш сынасады.
Қазіргі таңда ұлттық ойындарымыз жастар арасында үлкен қызығушылыққа ие болып отыр. Себебі, ұлттық құндылығымыз – ұлттық спортқа мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп келеді. Атырау мен Қостанай облыстарынан басқа еліміздің барлық облыстарында Ұлттық спорт мектептері ашылып, спорт шеберлері дайындалуда. Сол себепті ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік Қоғамының қолдауымен республикалық деңгейде түрлі чемпионаттар өткізіп, жеңімпаз командаларға қаржылай жүлде қорын тағайындап келеді. Сондай-ақ ұлттық ойын түрлеріне қатысты федерациялар құрылып, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығымен бірлесе жұмыс істеуде.
Қазақтың қанына сіңген бұл ұлттық ойындарымызға жастардың қызығушылығының артып келе жатқанын Қарқаралыдағы чемпионатқа келген 200-ден астам жас спортшыларымыздың шеберліктерінен байқауға болады. Чемпионатқа жастар үлкен дайындықпен келіп, бірден өзара күш сынасып кетті. Аударыспақтан 50 келі салмақ бойынша Шығыс Қазақстан облысының балуаны 1-ші орынды иеленсе, 2-ші орынды Оңтүстік Қазақстан облысы, 3-ші орынды Жамбыл облысынан келген споршылар жеңіп алды.
Көкпардан 12 тамыз күні ойнаған командалар арасында: Оңтүстік Қазақстан облысы мен Ақмола ойнап, 9-1 есебімен Оңтүстік Қазақстан облысы жеңді. Жамбыл облысы мен Алматы қаласы арасындағы ойын 9-1 болып, Жамбыл обылысы жеңіске жетті, Қарағанды облысы мен Шығыс Қазақстан ойнап, 1-16 есебімен Шығыс Қазақстан жеңді, Астана қаласы мен Қызылорда облысы арасындағы тартыс 7-2 есебімен түсіп, Астана қаласы жеңді.

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметі

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*