Алмас Байдәулет: Аударыспақтан ІІ Азия чемпионатын өткізуге дайынбыз

75A3873-768x512  Алдағы шілде айының 14-ші жұлдызында ШҰАР Іле-қазақ облысы Өртекес ауданының Қарағанды  жайлауында Аударыспақтан ІІ Азия чемпионаты өтеді деп күтілуде. Осы орайда, дайындық жұмыстарымен Астанаға келген жоғарыдағы Өртекес ауданының орынбасар әкімі Алмас Байдәулетұлын  сөзге тарттық.

-Қош келіпсіз! Алмас мырза, сіз әуелі аудандарыңызда көп жыл тұрақты өткізіліп келе жатқан «Тұлпар мерекесі» жайлы айтып өтсеңіз?

Бізде көп жылдан бері өткізіліп кел жатқан «Тұлпар мерекесі» деген бар. Бұл шара біздің ауданда өтіп келе жатқанына 20-дан астам жыл болып қалды. Алғаш рет аудандық деңгейде өтіп келсе, уақыт талабымен Іле-Қазақ автономиялы аймақ дәрежесіне көтерілді. Соңғы жылдары бұл мереке қанатын кеңге жайып, ШҰАР дәрежесінде тойланып жүр. Аталмыш мерекеге ШҰАР-ның басшылары және күллі Қытай елінің жылқы шаруашылығына қатысты адамдары келіп қатысады.

-Бұл мерекенің негізі ерекшелігі не?

-Әуелі, ұлттық нақыштарымызды насихаттайтын концерттік және театрланған қойылымдар көрсетіледі. Осыдан кейін шара өтіп жатқан жайлаудың жотасынан 10 000 жылқыны жылқышылар дүркіретіп айдап етекке түседі. Осы көрініс өте тамаша болады. Бұл жайды біз Қытай қазақтарының көшпенділер мәдениетіне, жылқы тарихына қатысты атқарып отырған мәдени құнды мұрасы деп білеміз.

-Сіздің ауданда қанша жылқы бар және ат спорт мектептері жұмыс істей ме?

— 150 мың жылқы бар. Екі ат спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Бұл мектептер бұрын әскери құрылымдарға ат дайындау мақсатында құрылған болатын. Қазір жылқы тұқымдарына селекция жүргізумен айналысады.

— Мұнда, барлық жылқы тұқымдары бар ма?

Барлық жылқы тұқымдары бар. Атап айтқанда, байырғы қазақ жылқысының Іле тұқымы өсіріледі, сондай-ақ, ақалтеке, ағылшынның таза қанды аттары, Қостанай тұқымы т.б. Барлығы 20  түрлі тұқымының жылқылары өсіріледі.

-Түсінікті. Алдағы шілде айының 14-күні сіздің ауданда аударыспақтан ІІ Азия чемпионаы өтеді. Бұл шара жоғарыдағы Тұлпарлар мерекесі аясында ұйымдастырылып отыр ма?

Солай. Тұлпарлар мерекесі аясында, бәйге түрлері өтеді. 1, 5, 10, шақырымдық жарыстар. Одан кейін аударыспаққа жол ашылады.

-Осындағы ІІ Азия чемпионатын өткізу идеясы қалай туындап жүр?

– Өзіңіз де білеміз, 2014 жылы Астана қаласында тұңғыш рет аударыспақтан Азия чемпионаты өтті. Осы сайыста біз аударыспақтың  келесі чемпионатын бізде өткізейік деген ұсыныс жасаған едік. Бұл ұсынысымыз ҚР ҰСТҚ басшылары тарапынан қолдау тапты.

– Чемпионатты дәл қай жерде өткізуді жоспарлап отырсыздар?

– Сайыс Іле қазақ автономиялы облысы Өртекес ауданы Қарағанды жайлауында өтеді. Ауданда 200 жүз мыңға жуық халық тұрады. Оның тоқсан мыңнан астамы қазақтар.

Жарыстың жүлде қоры мен шығындарын реттеу жайы қалай болып жатыр?

— Жарыс болған соң әрине, жүлдесіз болмайды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алғыс хат және қаржылай сыйақы алады. Бұл жерде басын ашып айтатын дүние, ҚР ҰСТҚ қауымдастығы осындағы жүлде қорын өз мойына алып отыр. Бұл іс біз үшін өте үлкен көмек.

–  Чемпионат қандай ережерлерге сәйкес өтеді және қай елдердің спортшылары келеді деп күтілуде?

– Чемпионат Қазақстан елінде қолданылып жүрген ереже бойынша өтеді. Қазіргі таңда, жарысқа Моңғолия, Ресейдің Таулы Алтай өлкесі,  Қырғызстан, Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Венгрия т.б. ат спорты дамыған мемлекеттердің сайыскерлері шақырылып отыр. Команда құрамы 5 адамнан, 3 спортшы, 1 жаттықтырушы, 1 команда жетекшісі болады деп күтілуде. Ал, сайыстың салмақ дәрежесі 5 дәреже бойынша өтеді. Олар: 60 келі, 70 келі, 80 келі, 90 келі және 90 келіден жоғары болсын деген ережеге тоқталып отырмыз.

Оның сыртында абсолюттік салмақта жігіттер өз өнерлерін көрсетеді. Тіпті осындағы абсолюттік сайысқа көрермендер арасынан да адамдар шығып келіп, өз шамасын байқауға мүмкіндік жасамақпыз.

– Сіздерде өтетін жоғарыдағы ұлттық спорттық шараларға қарап, Қытай үкіметті қазақтың ұлттық спорт ойындарын дамытуға жақсы жағыдай жасап отыр деп, бағалауға негіз бар сияқты?

– Әрине, Қытайда әр ұлттың дәстүріне үлкен құрметпен қарайды. Әр төрт жыл сайын республика көлемінде ұлттық спорттан мемлекеттік дәрежеде чемпионаттар өткізіліп тұрады. Ал, қазақтар көп мекен еткен Шынжаңда екі жылда бір рет әр ұлттың ұлттық спорт ойындары өтеді.

– Алда осы ұлттық спортты дамытуға деген қандай жоспарларыңыз бар?

 Болашақта Қазақ елінен қолдау тауып жатсақ, көкпардан Азия чемпионатын өткізу жоспарда бар.

ҰСТҚ Баспасөз қызметі

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*