«АСТАНА ЖҰЛДЫЗЫ» республикалық турнирі өтеді!

асауКүз айының алғашқы онкүндігі ұлттық спорт думанының көрігі қызған күндер болғалы тұр. Қыркүйектің 8-10 жұлдыздары аралығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен  Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы   ұйымдастырған  «Астана жұлдызы» республикалық турнирі өткізілмекші. Барлық спорттық ойындардың финалдық бәсекесі қыркүйектің 10-жұлдызында тамашаланады.

 

Ұлттық спортымыздың беделін асқақтататын  дүбірлі бұл жарысқа Астана, Алматы қалалары мен барлық 14 облыстың командалары қатысады. Өткізілетін орны Астана қаласы  Қабанбай даңғылындағы бұған дейін ұлттық спорттан бірнеше мәрте халықаралық жарыстар ту көтерген  «Қазанат» атшабары.

Республикалық «Астана жұлдызы»   турнирінде қалың жұртшылық үш күн бойы қазақтың ұлттық ойындарының сан түріне куә болмақ.  Атап айтқанда;

Еліміздің барлық өңірінен келетін таңдаулы жүйріктер тоғыз шақырымдық  бәйгеде бақ сынайды.

Таңдаулы 16 команда үш тәулік  көкпар мен аударыспақ додасының көрігін қыздырмақ.

Теңге ілудің ең үздік шеберлері мен қыз қуудың теңдессіз жұптарының өнері назарға ұсынылады.

Шу асауды жүгенсіз мінетін жүректі жігіттер асау үйрету сайысына түседі.

Құралайды көзге атқан садақшылар құйғыта шапқан ат үстінен жамбы атып, мергендік сынасады. Тоғызқұмалақ пен асық атудың бәсекесі қызады.

Қыран баптап түлкі, қасқыр аулаған, қаршыға мен сұңқар баптап сан түрлі құс ілдірген құсбегілер көрсетілімі болады.

Ор қоянды қыр асырмай ұстайтын жүйрік тазылар фестивалі «Астана жұлдызы»  турниріндегі жұрт айта жүрер қызықтың қатарын арттырады.

      «Астана жұлдызы» турнирінде осындай ұлттық ойындардан басқа да қалың қауым сүйсіне тамашалайтын тартымды қызықтар аз болмайды. Ықшамдай айтсақ, атшабар іргесіне ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазақтың байырғы тұрмыс-салты насихатталады. Желіде құлын жусатқан жылқылы ауылдың «Қымызмұрындығы», көгенге қой-ешкісін байлаған қойлы ауылдың, сиырлы, түйелі ауылдардың шынайы қарбалас тіршілігі қала жұртшылығына таңдай қақтырар көріністер болмақ. Шаңырақты шеңберлеп, морға салып уық иген, темір мен ағаштан түйін түйген қазақы ұсталар шеберлігі назарға ұсынылады.

      Сонымен қатар, үш күндік турнир барысында әйгілі өнер иелерінің қатысуымен өтетін концерттік бағдарламалар, қол өнер көрмелері және  тойшы қауымға арнап ұлттық тағам  түрлерінен фестивальдер ұйымдастырылады.

       Бұған дейін біз қыркүйек айының 11 жұлдызында дәстүрлі «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің өтетінін хабарлағанбыз. Бірақ, спортсүйер қауым сол аламан бәйгеге дейін «Алтын жұлдыз» турнирінің дүрмекті додасына куә болмақ.  Қазақ ұлтына тән осындай сән-салтанатпен қалың қауымның үш күн ұдайы көңілін көтеретін республикалық «Астана жұлдызы» тұңғыш турнирінің тамашасынан қапы қалмаңыз ағайын!

Баспасөз қызметі

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*