«Астана жұлдызы» жарқырап өтті

img_0120ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырған екі бірдей ұлттық спорт жарысына өткен сенбі мен жексенбі күндері атсүйер көпшілік куә болды. Сенбі күні  Елорданың іргесіндегі «Қазанат» атшабарында «Астана жұлдызы» республикалық турнирі тұсау кесті. Ал, жексенбі күні Астана қаласына таяу Қабанбай батыр ауылы маңында республикалық «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі тамашаланды. Қос шара да Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.

           «Астана жұлдызы» атты тұңғыш ұйымдастырылған республикалық турнирді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев салтанатты түрде ашып, өз сөзінде: «Ұлттық спорт түрлері біздің терең тарихымыз бен мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Астана қаласының әкімдігі ұлттық спорт ойындарының жандануына, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Осы мақсатта жыл сайын қаламызда ұлттық ойындар мен жарыстар бойынша 200-ден аса іс-шара өткізілуде. Енді міне, тағы бір жобаны іске асырып отырмыз. Бүгінгі фестиваль дәстүрлі спорт ойындары мен ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртқан, халыққа рух берген, Тәуелсіздік мерейтойына арналған керемет шара. Елорда әкімдігі алдағы уақытта да осындай жобаларды қолдап, ұлттық спорт түрлері мен салт-дәстүрлерімізді насихаттауға көңіл бөлетін болады. Елбасымыздың бастамасымен осы «Қазанат» атшабарында жалпы көпшілікті ұлттық спорт түрлеріне баулитын арнайы Орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Құдай қаласа, мұнда қарапайым халыққа атқа мінуді үйренуге, аударыспақ, асық ату, тоғызқұмалақ ойнауға және өзге де ұлттық спорт түрлерін үйренуге жағдай жасалады. Президентіміз 2020 жылға дейін халықтың 30 пайызын дене шынықтыру мен спортқа тарту туралы тапсырма бергенін білесіздер. Осы ретте, Астана қаласының әкімдігі алдағы екі жылда бұқаралық спортты дамыту мақсатында қала бойынша 22 спорт алаңын салуды жоспарлауда, – деп, әкім мырза «Астана жұлдызы» турнирінің қандай мақсатта ұйымдастырылғанын ашып айтты. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан осы салтанатты ашылуда қалың көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

     img_0132 «Қазанат» атшабарының алаңында алдымен теңге ілу сайысы тамашаланды. Тұлпары түзу шауып, теңгені қапысыз ілген ақтөбелік Жәкішев Бердіғали бас жүлдені иеленді. Екінші орын да ақтөбелік Әлихан Бәшімбаевқа бұйырды.  Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Мағжан Сапарбек үшінші орынға қол жеткізді. Теңге ілудің соңынан Қыз қуудың қызығы көптің көңілінен шықты.

       img_0394 Ал, аударыспақ балуандарының сайысы талайға таңдай қақтырды. Бұл сайыста оңтүстікқазақстандық әйгілі аударыспақшы Біржан Қосалиев тағы да бас жүлдені уыстан шығармады. Екінші орынды Ақтөбе облысының балуаны Арман Сағымбаев иеленсе, жамбылдық Данияр Смайылов үшінші орында қанағат тұтты.

Жамбы ату сайысында сұрмерген жігіттер тамам жұртты тәнті етті. Көздегенін қапы жібермеген мерген Бекқали Үзденбаев бірінші орынды иеленіп, Астана әкімдігі тіккен арнайы турнир кубогін еншіледі. Ал, Елдос Бадашов екінші орынға қол жеткізсе,  Саян Қыстаубаев үшінші орынды қанағат тұтты.

  %d0%b6%d0%b0%d0%bc%d0%b1%d1%8b img_0444zhamby-atu111-780x400Бұл турнирде ең ұзақ бәсекеге түскен көкпаршылар болды. Еліміздің айтулы көкпаршылары үш күн күш сынасып, алғашқы турнир жеңімпазын анықтады. Бұл сайыста астаналық көкпаршылардың мерейі үстем болды. Екінші орынды ақмолалық көкпаршылар, үшінші орынды қостанайлықтар иеленді.

    img_0182 img_0338
Ұлттық спортты ұлықтаған айтулы дода тоғыз  шақырымдық ұшқыр сәйгүліктер бәйгесімен аяқталды. Бас бәйгеге Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев автокөлік тікті. Алғашқы үш жүйрікке ақшалай сыйлық беріліп, бас бәйгені жеңіп алған тұлпарға автокөлік кілті табыс етілді.

Бас бәйгеге тігілген автокөлікті иеленген сәйгүлік – Бейбарыс Ибрайақынның Байторысы. Шабандозы – Төлегенов Ержігіт. Ал, жүйріктің бабын қапысыз тапқан атсейіс – Мұқатай Әділет. Ат иесіне көлік кілтін Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев табыс етті.

Бұйыртса, «Астана жұлдызы» республикалық турнирі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ.

Этно-ауыл турнирдің ажарын ашты

        img_0102«Астана жұлдызы» республикалық турнирінің ерекшелігі «Қазанат» атшабарының кіші алаңына тігілген «Этно-ауыл» көрмесі болды. Қаз-қатарлай тігілген оннан астам киіз үйдің әрқайсысы өзінше бір сән түзеп тұрды.

Ауыл іргесіне алтыбақан құрылып, қыз-жігіттердің думанына бөленді. Асық атып, тоғызқұмалақ, бестас ойнаған жастардың қызығы, әнші-күйші, термешілердің өнері жиналған жұртшылықты бір серпілтті. Бес қаруы сай сарбаздар сап түзеп, ер жігіттер жауынгерлік шеберліктерімен талайға таңдай қаққызды. Ауылдың ту сыртында боталы түйе боздап, құлынды бие кісінеп тұрды.

      %d0%b6%d1%83%d0%bb%d0%b4%d1%8b%d0%b7 %d1%83%d0%b9%d0%bb%d0%b5%d1%80Астана қаласы әкімі Әсет Исекешов пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті  Бекболат Тілеухан бастаған лауазымды меймандар ауылдың осы сұлу көрінісіне сүйсініп, көгенделген қой-ешкі мен бие сауымдарын қызықтады. Сондай-ақ сыйлы қонақтар сары саумал, қою шұбаттан ауыз тиіп, қарын бүрме, жаубүйрек, сірне, жаужүрек, қансоқта сынды ұлттық тағамдардан дәм татты. Қазақтың дәстүрлі қолөнер шеберлері ши тоқу, біз кесте, қамшы өру, етікшілік өнерлерін ортаға салды.

       Сөйтіп, атшабардағы этно-ауыл «Астана жұлдызы» турнирінің көркін кіргізіп, ажарын аша түсті.

Баспасөз қызметі

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.